Үш жақты келісімге қол қойды
«Еуразиялық топ» ЖШС-і, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік Палатасы мен Қостанай облысының әкімдігі өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі қарым-қатынастық үш жақты келісімге келді. Алдымен, маңызды құжатқа облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен «Евразиялық топ » ЖШС басқарма төрағасы Алдияр Қазтаев қол қойды. Сондай-ақ, «ERG» менеджерлер кеңесінің төрағасы Александр Машкевич пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік Палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ортақ келісімге өз мөрлерін басты.
Биыл Еуразиялық топ облыстың әлеуметтік дамуы мен бұқаралық спортты қолдауға 1 млрд 300 млн. теңге қаржы бөлуге ниет білдіріп отыр.
Меморандум аясында бірқатар экономикалық, әлеуметтік және мәдени жобаларды іске асыруға басымдық берілген. Қалыптасқан тәжірбиеге сәйкес, ERG дене шынықтыру мен спортты дамытуға белсенді үлес қосып келеді. Үстіміздегі жылы едәуір сома жергілікті спорт ұйымдарына көмек ретінде ұсынылады. Атап айтқанда, хоккей, волейбол, дзюдо, футбол тәрізді спорт түрлерін дамытуға бағытталмақ.
Облыс әкімі А.Мұхамбетовтың айтуынша, жоғарыда аталған соманың 700 млн.теңгесі Рудныйдағы «Горняк» хоккей клубын ұстауға, Қостанайдағы орталық стадион мен Арқалықтағы «Жігер» стадионын күрделі жөндеуден өткізуге, Аманкелді ауданындағы тарихи музейді жөндеуге жқмсалмақ. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қомақты қаржы берілмек. Яғни, Рудный, Лисаков қалалары мен Качар кентінде көп пәтерлі бес үй бой көтеретін болады.
Екі жақты меморандумның қол қою рәсімне қатысқан ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич соңғы он екі жыл бойы, Еуразиялық топ жыл сайын облыстағы ең маңызды делінген экономикалық-әлеуметтік жобаларды қаржыландырып келе жатқанын айтты.
-Біз Қостанай облысының дамуына өз үлесімізді қосқанымызды мақтаныш етеміз. Біздің ынтымақтастығымыз одан әрі дамып, облыс тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге және өңірдің гүлденуіне ықпал ететіндігіне сенімдіміз. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында елімізде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жыл озған сайын артып келеді. Мұны қарапайым еңбек адамдары айқын сезініп отыр. Қазіргідей әлемді жайлаған қаржы дағдарысына қарамастан біздің компания өзінің қарамағында жұмыс істейтін адамдардың жалақысын 14-15 %- ұлғайтуды жоспарлап отыр. Оның үстіне Рудный мен Лисаков қалаларында 18 мың.шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бермекпіз. Мұның бәрі өңірдегі тау-кен өндірісінде жұмыс істейтін жас мамандарды қолдауға бағытталған,-деді ол өз сөзінде.
Бүгінде облыстағы ССКӨБ, КБРУ,ТБРУ тәрізді алып өндіріс ошақтарында 24.000-ға жуық адам еңбек етеді. «Ең бастысы ондағы жұмыс орындарын сақтап қалып, жұмысшылардың жалақысын қысқартуға жол бермеу. Ол үшін облыс басшылығы да, компания өкілдері де қарап отырған жоқ.
Екінші бір Меморандумға сәйкес «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік Палатасы «Еуразиялық топ» компаниясы арқылы жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға 300 млн.теңге бөлетін болды. Осынша қаржыны облыс әкімдігі қосады. Сонда барлығы 600 млн.теңге қаражат шағын және орта кәсіпкерліктің кең қанат жаюуына бағытталатын болады. Бұл жерде шағын несие-қаржы ұйымдарын құру арқылы халықты көбірек жұмыспен қамтуға баса назар аударылмақ. Сондай-ақ, өз кәсібін ашқысы келетіндердің қатарын толықтырып, отандық өнімдерге басымдық беру де қаперге алынған.
-Кәсіпкерлерді несиелеудің 51%-і «Атамекен»Ұлттық кәсіпкерлік Палатасының үлесіне тиеді, қалған 49% -і Қостанай облысының әкімдігі ие. Енді бір ай ішінде біз барлық тетіктерді толық қарастырып, шаруаларға несие беруді бастаймыз,-деді Абылай Мырзахметов.- Берілетін несиенің көлемі 15 миллион теңгеден басталады. Ол бес жылға белгіленген және жылдық үстемесі әрі кеткенде 7% қана. Меніңше бұл өте тиімді шара.
Соңғы бес жылда Еуразиялық топ ұжымдық келісім-шарттар негізінде кәсіпорын қызметкерлерінің әлеуметтік төлемдеріне, әлеуметтік саланы қолдауға бағытталған төлемдерге, сондай-ақ, демеушілік пен қайырымдылық көмекке шамамен 99,1 млрд.теңге қаражат бөлген. Биыл мұндай ілкімді шараға алғашқылардың бірі болып біздің облыс қол жеткізіп отыр.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ