Президент жаңа өндірісті іске қосты
Президент Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Allur зауытына барып, Kia автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін (CKD) іске қосты.

Allur автомобиль зауытының жаңадан іске қосылған желісі Kia Sportage моделіне арналған. CKD – шанақтарды дәнекерлеу, бояу және құрастыру жөніндегі технологиялық жұмыстарды жүзеге асыратын шағын торапты автомобиль өндірісі. Ол үшін арнайы цехтар ашылған. Kia өндірісінің осы технологиялары Орталық Азия мен ТМД бойынша Қазақстанда ғана орналасқан.

– Шын мәнінде, зауыт өте керемет екен. Таза әрі өндіріс мәдениеті өте жоғары. Біз жаңа ғана Кіа Sportage көлігін көрдік. Бұл көліктің сапасы өте жоғары. Сондықтан сұраныс жоғары болады деп ойлаймыз. Біз келешекте инвесторлар шақырып бұл зауытты ұлғайтамыз. Зауыттың болашағына байланысты ешқандай мәселе жоқ деп ойлаймын. Жастарға үлкен мән беріп отырмыз. Сондықтан бәрі дұрыс болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

