«Әжелер» ансамбліне – 10 жыл
Белгілі ғалым Шоқан Уәлиханов өмірге келген Күнтимес ауылында шағын ғана мәдениет ошағы бар. Ондағы әжелерден құралған ансамблге биыл 10 жыл толды.
Бүгінде ұжымның құрамында – бес адам. Жетекшісі – Айман Әбішева. Олар көбінесе халық әндерін орындайды. Қазір репертуарларында 20-дан аса ән бар.
Күнтимес ауылында өткен әр мереке сайын ауыл жұртына, әсіресе, ұлттық жауһарды аңсаған үлкендердің көңілін серпілтіп, әнмен әлдилеп келеді. Сондай-ақ, басты мейрамдарда аудандық сахнаға да шығып, сарыкөлдіктерді өнерлерімен сүйсінтіп жүр.
Айта кеткен жөн, әжелердің ең үлкені Күлбаршын Рахменова зейнет жасында болса, ең кішісі Ажар Шыныбекова жақында елуге толады. Ал, Қаламқас Бөлекбаева, Нұрғайша Ахметова, Зайгүл Сайдалиналар түйедей құрдас, биыл зейнетке шықпақ. Бәрі де бала өсіріп, немере сүйген жандар.
Мінеки, жас кезінде өмірге ұрпақ әкелсе, ал енді оларды жеткізген шақта өнерге ұмытылып, бір өңірдің ілтипатына бөленіп жүр.
Руслан ӘЛКЕЕВ,
Сарыкөл ауданы.