Актермен кездесті
«Өмір.Театр.Кино». Осындай атаумен Н.Островский атындағы қалалық кітапханада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасының «Рухани қазына» жобасы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жастар одағы сыйлығының лауреаты, актер, кинопродюсер Азамат Сатыбалды және «Cinema 28» театрының директоры Досхан Сәкенұлымен кездесу өтті. Бұл кезедсуге ақын Нағашыбай Мұқатов, философ Қалқаман Жақып, ақын Ғайнижамал Бердалинова, әнші Қалыбек Деріпсалдин, кітапхана қызметкерлері және оқырман студенттер қатысты.Бұл кездесуді Н.Островский атындағы қалалық орталық кітапхана мен оның «Южный», «Северный», «Строительный» шағын аудандағы құрылымдық бөлімдерінің оқырмандары онлайн жүйесі арқылы қосылып тамашалады.
Шара барысында ең алдымен актерге сұрақтар қойылды. Азамат Сатыбалды өнер саласына қалай келгенін, басынан өткізген қиын да қызықты күндерін баяндап берді. Оқырмандар ойларында жүрген сауалдарға жауап алып, қуанып қалды.
Сонымен қатар, актер 8 жылдан бері ақын Мұқағалидың рөлін сомдауға дайындалып жүргенін және оны үлкен бір дәрежеде сомдап шығу арманы екенін айтып өтті. Меркелік кеш қаламыздағы оқу орындарының студенттерінің құрамынан құрылған, талантты жастардың өнерін шыңдайтын «Тұмар» өнерлі жастар клубының студенттерінің жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің «Бармысың, махаббат?!» драмасынан үзінді қоюымен жалғасын тапты. Сонымен қатар, Қалыбек Деріпсалдин су жаңа әнінің тұсауын кесті. Жас ақын студенттер актерге арнаған өлең шумақтарын оқыды.Азамат Сатыбалдының біздің облысымызға бұл бірінші келуі емес. Өзінің өнер жолын осы Қостанай қаласындағы І.Омаров атындағы қазақ драма театрында бастаған актер бұл елдің өзіне ерекше ыстық екенін айтты. Сол себепті де биылғы гастрольдік сапарының алғашқы күндерін осы қалада бастауды жөн көрген. Бұл жолы жас театр «Қүйеуіңізді сатыңызшы» атты комедиялық драмасымен келген.
Құрылғанына бір жыл толмаса да театр елге жақсы танылған. Актердің айтуынша, театр құрамында облыстық театрдың да актерлері бар.
Кездесу соңына қарай облысымыздың талантты ақындары келген қонаққа өздерінің ізгі-тілектерін айтып естелік суретке түсті.
Перизат Оңайбек