Жаны – жаз, көңілі–көктем
Әнші-композитор, Қазақстан
Республикасының еңбек
сіңірген мәдениет қызметкері
Қалибек Деріпсалдин 70 жаста.
Жастық шаққа саяхат
Адамды тану үшін көп уақыттың керегі жоқ екен. Мен қазіргі таңда рухани сырлас, тіршілікте тілектес, шығармашылықта үндес болып жүрген жан досым Қалибек Деріпсалдинмен таныс болғаныма біраз жылдардың жүзі болды. Шыны керек, әу баста бізді таныстырған да, табыстырған да киелі өнер.
Қалекең ұлтымыздың барлық қадір-қасиеті сақталған Аманкелді ауданының Батпаққара ауылында туып-өсті. Ауылдастары «қара бала» деп атап кеткен дарынды жасөспірім төменгі сыныпта оқып жүрген кезінің өзінде қазақтың терең ойға қалдырып, сезіміңді селт еткізер күйлерін құйқылжыта орындап, барша ұстаздарын тәнті етті. Оның осы алғашқы талпыныстары өнер сүйер қауымның тарапынан мақтау қағазға да ие болды. Бұл марапат оны ерекше қанаттандырып, алға қарай жетеледі. Содан 1970 жылы өзінің шығарған күйімен облыстық оқушылардың фестивалінде бірінші орынға ие болып, әулетінің де, ұстаздар қауымының да абыройын асқақтатты. Дәл сол жылы сонау Алатаудың баурайы Алматыдағы республикалық байқауда да лауреат атанып, дарынды жас баланың талантын күллі әділ қазылар алқасы мойындады. Осылайша, оның өнердегі алғашқы қадамдары сәтті басталды.
Туған жерге оралған соң талабын одан әрі ұштай түсті, әншілік қабілеті де ерте көрінді. Сол кездің өзінде дауысының ешкімге ұқсамайтын сыршыл саздылығы ұлттық бояуымен айрықша сезіліп тұратын. Ол әсем әуенді төрт-бес жасынан бастап айта бастады десек, еш қателеспес едік. Оның бойындағы осындай қабілет ұшқынын ерте байқаған Аманкелді орта мектебіндегі алғашқы ұстазы Аманбай Мұқышев еді. Мен бұл азаматты да көзім көрді. Қалекеңнің бір шығармашылық кешіне қатысып, өзінің шәкіртіне деген шын жүректен шыққан шынайы лебізін білдіргені әлі күнге дейін есімде. Сол сәтте сахнадағы шәкірті де оның жылы лебізіне марқайып, жүрегі толқып тұрды.
Балалық шағының ізі қалған өңірдегі Аманкелді орта мектебін бітіргеннен кейін ол Тараз қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне қабылданды. Жас дарын осы оқу орнында білім алып жүрген кезінде-ақ Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» эстрадалық ансамблінің құрамында өнер көрсете бастады. Сахнада өзін-өзі ұстауы жағынан, әнді орындау шеберлігінен болашақта қазақ халқының аузында жүрер мәдениет саласының майталманы болатындығын сол шақтың өзінде айқын танытты. Ол аталмыш училищені бітірген соң, өз мамандығы бойынша қызмет атқарып, кейінгі толқынның нағыз тәлімгері атанды. Жастыққа тән жалын танытып, Торғай өңірінде мәдениет саласын өркендетуге айтарлықтай үлес қосты. Оның өткен кезеңдегі еңбегін жерлестері де жыр қып айтады. Мәселен, ол Қима ауданында мәдениет бөлімін басқарып тұрған кезде «Гүлдәурен» халық аспаптар ансамблін құрып, аталмыш өнер ұжымы қысқа мерзім ішінде көпшілікке танылды. Іскер де ұйымдастырушылық қабілеті мықты азамат халық ықыласына бөленді.
Асыл ағалардың ұлағаты
Өнер үшін туылған бауырымызды республика халқы дарынды композитор ретінде жақсы біледі. Алматыдағы шығармашылық кеші жоғары деңгейде өткізілді. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Сонда оған Қазақстанның халық әртісі, атақты композитор Әсет Бейсеуов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғафу Қайырбеков, көрнекті жазушы Сәбит Досанов ақ батасын беріп, көрермендердің көз алдында мұны өзінің болашағынан мол үміт күттіретін дарынды інілері ретінде таныстырып, әндеріндегі тұнып тұрған әсем лирика мен жүректердің қылын шертетін, ешкімге ұқсамас сыршылдықты баса айтқан болатын. Содан бері де талай жылдар сынаптай сырғып артта қалды. Оның талантын жоғары бағалайтын әріптестері мен замандастары өзін «Қостанайдың Шәмшісі» деп атап кетті. Олардың бұлай дейтін себебі де бар. Өйткені, ұлы тұлға Шәмші Қалдаяқовтың әндері қандай әсерлі болса, Қалибектің туындыларын да жұрт ұйып тыңдайды. Көптеген мерекелік кештер оның әнінсіз өтпейді. Қарап отырсақ, қазір замандасымыздың әндері жүзден асады. Оның бәріне бірдей тоқталу әсте мүмкін емес. Дегенмен, сөздің орайы келгенде, композитордың «Айлы түнде», «Көктем қыздар», «Ерке құсым», «Сағыныш сазы» және басқа да көптеген шығармаларын жерлестері әрдайым асыға күтетіндігін тілге тиек еткеніміз абзал. Жалпы, кейіпкеріміздің сазгерлік қабілетінің шыңдалуына Алматыдағы тәлімгері Әсет Бейсеуовты мысалға алмағанның өзінде, жергілікті сазгерлер Болат Хамзин, Қайыржан Мақанов, Айтбай Мұздахановтардың ықпалы ерекше. Олардың қалыптасу кезеңдердегі берген ақыл-кеңестерін, көрсеткен бағыт-бағдарын Қалекең әрқашан көпшілік жиналған жерде аузынан тастамай айтып жүреді.
Негізі өнер де тұқым қуалайды. Текке де қарайды. Қалибектің әкесі Деріпсалды да өз ортасында сөзге шешен, палуан әрі домбыра шертіп, айналасындағылардың арасында сері жігіт атаныпты. Анасы Мағия да әнші, жыршы, термеші болған. Бұл ардақты апамыз сонау бір жылдары қазақ ұлтының мәртебесін асқақтатқан Қазақстанның халық ақыны Нұрхан Ахметбеков ұйымдастырған Торғай ауылындағы театрда әлгі есімі аталған біртуар тұлғамен бірге жұмыс істегендігі көпшілікке мәлім.
Жұртшылықтың құрметіне бөленген Қалибек Деріпсалдин бірнеше ән жинақтарының авторы.
Қалибек Деріпсалдинге Президентіміздің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы бостан-босқа берілген жоқ. Бұл абырой-беделге өзінің ұзақ жылғы адал еңбек, маңдай терімен жетті. Ән әлемінде өзіндік ерекше орны бар тума дарын көптеген халықаралық және республикалық композиторлар байқауының лауреаты. Қостанай облыстық меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының иегері. Соңғы біраз жылдардан бері Қостанай қалалық мәдениет бөлімі жанындағы «Мирас» ансамблінің әншісі ретінде әріптестеріне өнеге көрсетті. Облыс орталығындағы маңызды мерекелердің бірде-бірі онсыз өтпейтін.
Мәуелі бәйтерекке
айналды
Қалекеңмен бір шаһарда тұрып, өнерде бірге жүрген соң, рухани қолдап, күйеуінің қуанышына ортақтасып келе жатқан асыл жары, жібек мінезді Айшаны да жақсы білеміз. Инабатты Айша да Торғайдың аруы, ән мен күй десе ішкен асын жерге қоятын замандасымыздың бірі. Отағасының шығармашылықтағы алғашқы сыншысы да өзі. Дүниеге келген әнді бірінші болып Айша тыңдайды. Ұзақ жылдар қос аққудай жараса ғұмыр кешкен шаңырақ иесінің көңіл-күйін қас-қабағынан таниды. Сол себепті өнер адамының жағдайын, оның жан-дүниесін терең түсінеді. Отбасында болып, сырласа қалсаңыз, Қалекеңнің жүрек тебірентер сұлу да сәтті әніне, жас балаша мәз болып, айрықша қуанышқа кенелетін шақтарын да жасырмайды.
Қазір Деріпсалдиндер әулеті жапырағын тереңге жайған үлкен бәйтерекке айналды. Ерлі-зайыпты Қалибек пен Айшаның бір шаңырақтың астында бақытты өмір сүріп келе жатқандарына жарты ғасырға жақындап қалды. Елімізге есімі кеңінен танымал әнші-композитор өзінің өнер жолын қуған бауырлары Роза және Жарқынбек Деріпсалдиндерді, Ербол және Бекбол есімді балаларына жастайынан ұлттық рухта тәлім-тәрбие берді. Қазір олар үйлі-баранды. Тоғыз немересі де ата-әжесінің көз қуаныштары. Ынтымағы жарасқан шаңырақтың тұңғышы Ербол полиция подполковнигі. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, кішкентайынан ән-күйге құштарлық танытты. Сонау мектеп қабырғасынан бастап, әкесінің сазды әндерін нақышына келтіре орындап, абыз ақсақалдардың батасын алды. Одан кейінгі баласы Бекбол да ата-анасына қайырымды, ұлтымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қастерлейді. Ал өнерде өз қолтаңбасын қалыптастырған Жарқынбек те тәлімгері әрі өнеге тұтар ағасы Қалекеңді ерекше құрметтейді. Деріпсалдиндер әулетіндегі келіндері Айнұр, Сандуғаш, Гүлбақыттар жастайынан ұлағатты отбасында өсіп, заман талабына сай білім алған қазақ қыздары.
Қаңтар айында елімізге кеңінен танымал дарынды әнші-композитор Қалибек Деріпсалдин мерейлі 70 жасқа толады. Оны осы қуанышымен шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына ырыс-береке тілейміз. Ғұмырлық серігіңіз Айша екеуіңіз ұрпақтарыңыздың бақытына бөлене беріңіздер.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақстан Республикасының мәдениет
қайраткері.