ӨНЕРІМЕН ӨРКЕНДЕГЕН

Қазақстандағы халықтық театрдың тарихы Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданынан шыққан «Шаян» театрынан бастау алады. Кеңес заманында аты аталған ұжым қазақ өнерін Мәскеуге дейін жеткізіп, жоғарғы дәрежеде насихаттап, елдің мәртебесін талай рет асырған. Атағы дүркiреп, Одақ көлемiнде танымал болған театр жетпісінші жылдары жаңа белеске қадам басады. Аудан өнерпаздары «Шаттық» ән-би ансамблін құрған кез-тін. Бұл уақытта мәдениет саласына Әуесхан Есенжолов жетекшiлiкке келді. Осы уақыттарда Алғабас (Бәйдiбек) ауданының өнерi шырқау көкке көтерiлгенi көзiқарақты жұртшылыққа аян. «Халықтық» атағын иеленген екі өнер ордасының басшысы болған ҚР мәдениет қайраткері Әуесхан Ахметбекұлы – Қостанай облысының тумасы. Өрісін өнерімен кеңейткен ел ағасын сөзге тартқан едік.h2NytElxyRA
 
– Мен бақыттымын,
Бақытты жерде туылдым, –
деп жырлады ақиық ақын Мұқағали. Балалық дәуреніңіз Тобыл мен Обаған өзендерінің бойында өтті. Оңтүстікке қалай бардыңыз?
Мен туып-өскен жер – Қостанай облысы, Меңдіқара ауданының Жарқайың ауылы. Жастық шағым сонда өтті. Туған жердің ыстық-суығы, тұщы-тұнығы, тіпті, қарағай-қайыңына дейін ерекше емес пе?! Сол кіндік қаным тамған өлкенің суығымен салқынқандылықты, оңтүстіктің ыстығымен мейірімділікті сіңірдім бойыма. Мен үшін Қазақстанның барлық аймағы ортақ, сол сияқты түстіктің екеуі де жаныма жақын.
Негізі, қоныс аудару ойламаған жерден болды. 1973 жылдың маусым айы-тын. Жұбайым Сәуле Әзтайқызы екеуміз еңбек демалысына шығып, оңтүстікке «төркіндеп» келген едік. Бірде аудан орталығы Шаянда тойда болдық. Сөз кезегі маған да тиді. Сырт көз – сыншы. Барымды салып, мәнерлеп көркем сөз оқыдым. Жұрт көңілінен шықсам керек, қошеметін аямады жиылғандар. Осыдан кейін «Шаянда қал» деп үгіттеушілер көбейді. Сөйтіп күтпеген жерден сол жылдың 20-шы маусымында аудандық мәдениет үйінің директоры қызметіне бек кірістім. Тау бөктерін мекендеген ел-жұрт та, әсем ән мен асқақ күйдің бесігіне бөленген өнерпаздар да мені бөтенсімей, бауырына тартты. Елге қайтқым да келді, бір жағынан өнерге ғашық бола бастағаннан ба, мұндағы жауапкершілікті сезіндім. Дегенмен көңілім толқып, өзіме-өзім өнер үшін серт бердім. Дүйім елді «аузына қаратады» деп мақтайтын оңтүстіктегілерге ондай болу қостанайлық жас жігіттің де қолынан келетінін дәлелдеймін дедім іштей. Не керек, өнер үшін белді бекем буып, қалдым. Сол ауылдың мәдениеті маған аманатталғандай болды. Сонда түсінгенім: қат-қабат аянбай тірлікте еңбектенсең өз орныңды табасың. Анығы – қазақтың жері бір, бөлінбей, бір терінің пұшпағын илегеніміз ләзім.
– Өнерді де өнерпазды да тани білетін шаяндықтарды риза етіп, директорлыққа жолдама алып берген – көркемсөз оқу шеберлігіңіз. Өнерге деген қадам қай кезден басталды?
– Адамның қанаты қатайып, үлкен өмірге аяқ басуы мектеп қабырғасынан-ақ көрінеді. Жастайымнан көркем әдебиетті көп оқыдым. Әкем Ахметбек домбырада ойнады, ал анам Мәдина ақын еді. «Тілің ерте шықты және мірдің оғындай. Есте сақтау қабілетің өте зор, қимылың ширақ болатын. Көрген жұрт таңдай қағып, тамсанатын. Елден ерек бұл қабілетіңе мақтанудың орнына, «көз тимесін, әйтеуір, аман болсын» дейтінбіз», – деп анам Мәдинаның үнемі айтып отыратын.
1959-1960 жылдары ауылда жарық болмады, май шамның сығырайған жарығына шүкір ететінбіз. Тұрғындар бір-бірінің үйіне барып уақыт өткізеді. Ақсақалдар «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын» жырларын жатқа айтқызатын. Осылайша, көзкөргендердің септігімен қисса-дастандарды жаттап алдым. Мектеп табалдырығын аттағаннан көркем өнерпаздар үйірмесінің тұрақты әрі белсенді мүшесі болдым.Ұстаздарым Шәміл Көбеев, Көпжасар Шаяхметовтердің өлеңдер мен қарасөздерді көркемдеп оқығандары көкейімде өшпестей сақталып қалыпты.IMG_0121
Оқуды аяқтаған соң, Меңдіқарадағы спорт бөлімінде, Қаратал совхозында бір жылдай әдіскер болып еңбек еттім. Спорт саласында жүріп көптеген көркемөнерпаздар байқауларына барып жүрдік. Сондағы клуб меңгерушісі Төлебай Ахметбеков, күйші-ұстаз Қажығали Омаровтардың ақылымен көркемсөз оқу шеберлігімді шыңдауды жөн көрдім.
Кейіннен эстрада-цирк студиясына оқуға түстім. Ұстазым, халық әртісі Гүлжиһан Ғалиева Тобыл топырағынан түлеген талай тарландарды тіл-тиек ететін. Міржақып пен Бейімбет, Ыбырай мен Ахметтердің елінен келгендігімді айтып, құрбы-құрдастарымның алдында бір марқайтып тастайтын. Ал осы сөздерден соң өнер әлеміне, сөз құдіретіне үңілмей көр! Өмірдің жолы сан тарау емес пе, мен өмір жолымды өнерден іздедім. Арманыма жетіп, «көркемсөз шебері» мамандығын иелендім. Мемлекеттік емтиханға төраға болып келген Өзбекәлі Жәнібековтің көңілінен шыққаным болар, ол кісі менің жаңадан құрылып жатқан Торғай облысына баруыма ықпал етті. Өзағаң облыстық партия комитетінің үшінші хатшылығы қызметіне тұрды. Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосқан үлкен тұлға. 1970 жылғы «Мамыр» мерекесін дала сахнасына айналдырып, ұлттық өнермен айшықтаудан бастап онға тарта мұрағат, мұражайларды өзі басқарып жүріп, қазақ ұлтының жоғалғанын түгендеп, одақтас республикалардағы ұлттық тарихымызға қатысты деректерді жинастыруды жүзеге асырған да Өзбекәлі Жәнібеков еді. Алматыдан менімен қоса, тағы 23 жас маманды алып келді. Біз «Торғай әуендері» ансамблін ұйымдастыруға қатыстық. Сөйтіп, Өзағамыз тарихқа бай өлкедегі театрдың кіндік әкесіне айналды десек те жарасады.
Осыдан кейінгі еңбек жолыңыз оңтүстікте өріліп келеді. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары жалпақ жұртқа танылған Бәйдібек аудандық мәдениет бөлімі Тәуелсіздік жылдары еңбек жолын жемісті жалғастырды. Бірнеше жыл қатарынан «Ең үздік мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» деген мәртебелі атақты иеленді.
– Қазақта «көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дейтін қанатты сөз бар ғой. Көңіл жеткен жердің бәріне пенденің қысқа тірлігі жете бере ме? Адам баласы көңіліне тоқтау салып, ақылына иелік жасамаса өлшеусіздікке, мөлшерсіздікке ұрынбас па? Өлшемнен, мөлшерден асқан нәрсенің бәрі адамның басына ауырлық артпақ. Мына кең дүние тіршілігінде адам шіркіннің адамдық оқшаулығы білінбес еді-ау. Мен осы тұста жеке адамның емес, театрдың оқшауланған кезеңін айтқым келеді. Бәйдібектік өнерпаздардың бір үлкен сыннан өткен кезеңі 1977 жыл болатын. Облыстық мәдениет басқармасының тапсырмасымен Оңтүстік өлкесінің намысын қорғау үшін біздің Шаян халық театры «Бүкілодақтық халық театрлары» байқауына қатысуға жолдама алды. Осы кезеңдерде «Айман-Шолпан», «Әке аманаты», «Әке мен бала», «Жалбыр» спектакльдері сахнаға шығарылып, елдің ыстық ықыласы мен құрметіне бөленген шағы-тын. Қарап отырсам, 1978 жылы республикада біз секілді 97 халық театры болыпты.АГА АУЕСХАН IMG_1783
Сонымен, Целиноград қаласында өтетін байқауға оңтүстіктен біз баратын болып шешілді. Театр өнерпаздарының өнері қай дәрежеде, қандай биікте? Осы таразыланбақ.
Еңбегіміз жанды. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясын сахналаған театр ұжымы үлкен Алтын медальды жеңіп алып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ең үздік ерлер рөлінен Жапалды сомдаған мына пақырыңызға бас жүлде бұйырды. Нағыз бағы жанғандық деген осы болар! Бірақ бармақтай бақтың одан әрі жануы үшін таудай талантпен қоса талмас талап керек екендігіне де театр қызметкерлерінің жеткен жетістігі куә.
1978 жылдан 1994 жылға дейін аудандық мәдениет бөлімін басқардым. Оңтүстік өңірінің таланттарға бай екені біздің шаяндық өнерпаздар арқылы дәлелденгені де осы тұста еді. 1994 жылдан 1998 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқардым. Қай ұжымда істесем де, ең бастысы еңбек тәртібін, одан кейін шығармашылық тәртіпті мықтап қолға алдым. Әрбір өнерпаздың шыңдалуына көмек беру, қолдау көрсету, жалпы ынтымақпен жұмыс істеуді қалыптастырған жөн. Осындай берекелі қарым-қатынастың арқасында бүгінге дейін жүзден астам қойылымдар сахнаға сәтті шықты.
Асылында, барға қанағат етпейтін талапшылдық жоқты бар етіп, тынбай, тыншымайтын тағатсыздыққа бастайды. Халықтың рухани байлығын көтеру үшін ең алдымен тынымсыз еңбек пен шебер ұйымдастырушылық, жоғары қабілет, керек кезеңде әдіскерлік, режиссерлік, көркемдік жетекшілік жұмыстарды атқаруға тура келеді. Олар болмаса облыс, қала берді, мемлекеттің мәдениеті ақсайды. Кейде осындай олқылықтар өзімнің туған жерімде көрініп қалады. Қостанайлық өнердің «көні кеуіп тұрғанынын» байқаймын. Ышқыныс болғанмен рухани өрлеу жағымыз әлі қалыс, бәлкім көлемді іс-шаралар жүргізіліп жатқан шығар, дегенмен биікке көтерілу үшін біраз еңбектену қажет. Қала берді, ұлттық киімдерді тігіп, насихаттау арқылы да сәл де болса дәстүрді оздыруға болар еді. Бұл менің елге бүйрегім бұрғандығынан айтып отырғаным. 
Сөз жоқ, қостанайлық мәдениетте талай марғасқалардың салып кеткен мөртаңбасы бар. Халықтың рухани тәрбиесінің тірегі – мәдениет болса, осы мәдени келбетті көтеру үшін қабырғасы қаланған үлгілерді дамытып немесе тіптен өзгеше әуез іздеу керек пе?!
– Әуелгі себеп іскер басшының икемінде. Сонымен қатар мәдениет саласында көзге көріне де, былайғы жұрт біле де бермейтін қыруар тірлік жетерлік. Мәселен, мәдениет бөлімінің кеңесінде талқыланып елеп-екшелетін жылдық жоспардың орындалуы, ауылдағы мәдениет ошақтарының жұмысын өркендетуге байланысты іс-шаралар, халықтың талап-тілегін қанағаттандыру, жоспарлы жұмысқа бағыт-бағдар беру, тағы да басқа істер. Мұның барлығы басшыдан аса жауапкершілікті талап етіп, жүзеге асатын жұмыстар емес пе?! Қостанайда қазақтың бағына біткен өнердің «көк дөнендері» толып жатыр. Тіпті, бір жылдары «Алтыбақан» ойын-сауық отауы дәстүрлі түрде жоғарғы деңгейде өтіп тұрды.
Әр нәрсенің бастауында белгілі бір мектеп болуы тиіс. Мысалы, ән-саз, көркем-әдебиет, ақындар мектебі жер-жерлерде бой көтерсе жалпы елдің мәдениеті асқақтайды. Сөз арасында айтайын, Қостанайда мен білетін мықты екі ақын бар. Бірі – Нағашыбай Мұқатов, екіншісі –Ақылбек Шаяхмет. Осы Нәкең мен Ақаң неге өздерінің ақындық мектебін қалыптастырмайды. Тағы сондай жақсы-жақсы композиторларды білемін. Солар бастап жас ұрпаққа сара жол көрсетуі тиіс.  Облыстың әр аудандарында жас буын ақындар бар ғой. Менің Біржан Байтуов есімді шәкіртім бар, өзі белгілі айтыскер. Жасы отызға толмаса да, өңірімізден жас ақындарды даярлайтын, оларға жол сілтейтін үйірме ашып алды. Белгілі ақын, сатирик Күләш Байдалина да Қостанайда ғой. Ол – жақсы сценарист. Шымшыма шумақтарымен танымал Күләштің көмегімен де бірнеше шаруалардың бетін қайыруға болады дер едім. Күләшті білетінім, ол менің қарамағымда мәдениет қызметкері болып еңбек еткен.
Қостанайда өзге облыстарда өткізілетін ән-күй жарысы, дәстүрлі ән байқаулары, термешілер сайысы, тағы да басқа ұлттық сипаттағы тағылымды шаралардың республикалық дәрежеде ұйымдастырылғанын есітмеппін. Астықты аймақта тек диқандар емес, дарынды өнерпаздар да жетерлік. Негізі аймақтың мәдениетін талқыға салып жіктегенді ұнатпаймын. Өзім оңтүстіктің адамымын. Бірақ солтүстікте оқығанмын. Түптеп келгенде, барлығы қазақтың мәдениетін көтеруге кеп тіреледі.
Бiзде әлi де болса, әр аймақтардағы қазақтардың бөлінуі дейтін жалған ұғым бар. Қазақстан жерiнiң – бәрi қазақтiкi. Бiзде соған тиiстi жауапкершiлiк пайда болуы керек.
– Жалпы оңтүстік пен солтүстіктің арасындағы ұқсастық пен айырмашылыққа тоқталып кетіңізші?
Ең негізгі ұқсастық – қазақтығымыз. Кең батақ қазақ жерінің екі қиырында орын тепкенімен, түрлі тарихи қиындықтарды, саяси қуғын-сүргінді, тіпті, ұлттық кемсітушіліктерді көргенімен қазаққа тән ұлттық құндылықтарды бірдей қадірлеп, сақтай білуіміз – біздің басты тетігіміз.IMG_1772
Менің «туған өлкемнің суығымен салқынқандылықты, оңтүстіктің ыстығымен мейірімділікті бойыма сіңірдім» деп сөз бастауымның сыры екі өңірдегі табиғи ерекшеліктерді қадір тұтуымнан туған толғамым. Ендігі бір күрделі айырмашылық – тіл жағдайы. Қостанайда, расын айту керек, орысшылдық басым. Бұрын солай болған, қазір де солай. Тәуелсіздіктің арқасында тіліміз өзге тілге «жұтылып» кетуден аман қалды. Орыстаңқыраған қазақтардың өзі қазақ тілінде сөйлеуге мойын бұрмағандай сезіледі маған. Жас ұрпаққа алаңдаймын. Ана тілінде білім нәрімен сусындату керек. Ұлттың тұтастығы үшін бізге туысқандық тұрғыда болмаса, жершілдікке, жүзшілдікке, рушылдыққа бұра тартып бөлінуге болмайды. Мәселен, мен Қостанайда туып-өстім, оңтүстік ел азаматы ретінде қалыптастым. Ешкім маған сен қайдан жүрсің деген жоқ, өз кезегінде мен де біреуге кімсің демедім. Мақсат-мүдде халыққа қызмет етуге жұмылдырылды. Сол абыроймен зейнеткерлікке шықтым. Қазақтар бір-бірімізге жатбауыр тартпай, бауырмал болғанымыз жөн.
– Шәкірттің жеңісі – ұстаздың жемісі. Өнер өлкесінде көз алдыңызда өскен өрендерді атап өтіңізші?
Шүкір деймін, біздің өнер «мектебінен» халықтың ыстық ықыласына ие болған таланттар шықты. Мысалы, Аманкелді ауданынан шыққан талантты әнші Ғазиза Жұмекенова – менің шәкіртім. Әлі есімде, 1972 жылдың екінші наурызында жас Ғазизаға домбыра әкеліп бергенмін. Сондай-ақ, мемлекеттік әнұранды орындайтын Талғат Күзембаев, әншілер Таңат Мамырхан, Заттыбек Көпбосынов, Маржан Арапбаевлармен мақтанамын. Белгілі ақын қыз Баян Бекетова, сатирик, сазгер Жарылқасын Дәулет, айтыскер ақын Ақмарал Ілеубаева есімдері дүйім қазаққа аян сан қырлы өнер иелері де Шаяннан түлеп ұшқан саңлақтар. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Қорыта айтқанда, Мұхтар Әуезовтың «Шаянға барсаң, әншімін деме» деген сөзінің парқын түсірмей келетін шын мықтылар – осылар.
 
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай Қойшыманов
Cуретте: Әуесхан Есенжолов; жастық шағы;
 
 
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓