Қазбек ҚАЗКЕНОВ: «Мәңгілік ел – ұлт құраушы факторлардың жиынтығы»
«Мәңгілік ел» идеясын көтермес бұрын мәңгілік болмақтың қамын қылуымыз керек дейді білетіндер. «Біз әлі мәңгілік ел ретінде ұйысқан жоқпыз» деген қынжылысты лепес те арагідік естіліп қалады. Тіпті, зерттеушілер мен тарихшылардың пікірінде де қарама-қайшылықтар бар. Жақында академик, философия ғылымдарының докторы Қазбек Қазкенов біздің газетте қонақ болып, ұлт мүддесі турасында әңгіме өрбітті.
– Тарихқа шегініс жасайықшы. Көне түркілер аңсаған мәңгілік ел – бүгінгі біздің зайырлы мемлекет. Қазақ мемлекеті өзін Ұлы Даланың мұрагері, ұлттық дәстүрлердің жалғастырушысы ретінде таныстырып отыр емес пе. Кей тұста күріштен күрмекті ажырата алмайтындай мәселені өзіміз қолдан жасайтын секілдіміз. Әлде, расымен де «Мәңгілік ел» идеясын тұсбағдар етуге ертерек пе?
– Хронологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, осы ұлттық идея қазақ этносының құрылуымен қатар келе жатыр. Біздің ұлтпен құрдас. Қазақ территориясында Сақ, Ғұндардан бастап 17 империя мекендеген. Ғылым бүгінде еліміздің ұлан-байтақ аумағында ежелгі дәуірлерде өмір сүрген тайпалардың бір-бірімен байланысты болғанына күмән келтірмейді. Біздің дәуіріміздің алғашқы мыңжылдығының орта шенінде түркілердің шоғырланып, таралуымен Қазақстан аумағындағы этностық-генетикалық үдерістердің жаңа маңызды кезеңі басталды. Ал қазіргі «Мәңгілік ел» – сол асқақ армандардың жетістігі. Біз 550 жылдығымызды атап өттік. Әр дәуірдің өз мұраты болатыны секілді, қазақтың да өз дегені, мақсаты болды. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi нығайту, шырмауықтай оратылып, буындырып тұрған солақай саясатты жеңу, этникалық территорияны қалыптастыру-тын. Одан кейінгі кезеңде Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнатып, елдігімізді сақтап қалу дейміз. Әрбір тарихи даму кезеңінде өзіндік идеясы болмаған ұлт жоқ. Сондықтан да қазіргі «Мәңгілік ел» жайында айтылған алып-қашпа әңгімелерге мән беріп керек емес. «Әлі ұлт ретінде қалыптаспадық» деушілердің пікірі кейін күн жеген шүберектей, бара-бара шіріп, қырқылып бітеді. Тіл мен ділден басталатын ұлт құраушы факторлардың барлығы осы Ұлттық идеяның ішінде. Уақытты босқа өткізбей, өзімізде барды біліп, түсініп, қорықпай алға жүрсек болғаны. Өзіндік идея, 21 ғасырдағы қазақстандық модель керек деп 5-6 жылдан бері айтып жүрмін. Бұл «Мәңгілік ел» идеясынан көрініс тапты. Әл-Фарабидің сөзін келтіре кетейін, бақытты қаланы барлық азаматтар құра алады. Барша қазақтар мен қазақстандықтар ел тағдыры үшін жауапты. Қазір дүмпуі күшті болып тұрған жемқорлықты азайтсақ, еңбек қоғамының сатысын нық бассақ, жаңаша ойлайтын азаматтарды тәрбиелесек, күнде айтып жүрген озық 30 елдің қатарында жүрер едік.
– Жалпыұлттық идеясы арқылы жеткені көп мемлекеттер жайлы тарих тәжірибесінде нақты мысалдар бар ма?
– Қиын-қыстау кезеңде ұлтты алға сүйреген нақты бір идея болды десек, ойланбастан атақты «америкалық арман» мен жапон технологиясын айтамыз. Экономикада еңбектің жоғарғы сапасы деген бар. Әлемдік тәжірибеден бір мысал келтірейін. Ертеректе 3,5 млн түрік өз еріктерімен Еуропаның дамыған елдеріне қоныс аударды. Барлығы да жұмысшы тобы еді. Олардың көбі 15 жылдан кейін инженер, 20 жылдан соң кәсіпкер атанып, еліне қайта оралды. Немістің тәртібінен бастап, технологиясына дейін меңгерді. Керегін алды. Содан соң түріктердің экономикасы көтерілді. Үндістер де солай. Қазіргі алып Американың жерінде үлкен қазандық салудан бастады да, «америкалық арманды» өмірге әкелді. Бүгіндері америкалықтар өздерін әлемдік көшбасшы, бір полюстік әлемнің орталығы ретінде сезінеді, рухтанады. Екінші дүниежүзілік соғыста күйрей жеңілген Жапония ше? Ол қалай қарыштап дамыды. Күшті идеологиялық тұғырнама себеп болды. «Біз соғыста жеңілсек те, бейбіт өмірде жеңіске жетуіміз керек. Қан майданда жеңілдік, бірақ экономикада жеңу қажет» деген ұлттық идея алға шықты. «Игілікті мемлекет» ұранын көтерді. Ақырында әлемдегі көшбасшы мемлекетке айналды. Өмірінің 27 жылын түрмеде өткізген Нельсон Мандела Оңтүстік Африка Республикасында ақ не қара нәсілге бөлмейтін, яғни апартеидсіз ел саясаты ОАР-дың ұлттық идеясына айналды. Бұл ұлттық идея жүректерге жол тауып, күллі әлем қолдап, елінің өрлеуіне мүмкіндік ашылды.
– Жақсы. Жаңа заманға қадам бастық. Технологияны меңгердік. Дей тұрғанмен, ұлттық рух, мүдде ұмытыла бастамай ма? Салт-дәстүрдің сандығы ескіріп кетсе ше?
– Жоқ. Бастысы, оны қалай қабылдауымызда. Салт пен сана ана сүтінен дариды. Санамызға ата сөзі құйылса, кейін оның мәңгі сақталып қалатынына сенемін. Баланы тек бес жасқа дейін тәрбиелейсің. Оның келешекте қандай адам болып қалыптасатындығы осыған байланысты. Қайта тәрбиелеу – өте қиын іс. Біздің аналарымыз қандай-ды. Ана әлдиінің құдіреті туралы білеміз ғой. Негізі, балаға бесік жырын айтыңыз, ол тәй-тәй баса бергенде ұлттық нақыштардағы ойыншықтарды көрсетіңіз, себебі сана да қатар дамып келе жатыр. Одан өсе келе шетелдік бір мультфильмдердің орнына өзіміздікін көрсетіңіз. Шүкір, қазір бала түгіл, өзің көре бергің келетін туындылар шығып жатыр. Карта, дойбы ойната бермей, ең дұрысы, шахмат үйретіңіз. Мына шахмат ойыны ақылға ақыл қосатын таптырмас әдіс. Толық екі партия үш сағатқа созылады. Осы кезде баланың интеллекті де өз қызметіне кіріседі. Оның ойына пайдалы бірдеңе қоса алдыңыз деген сөз. Ненің дұрыс, нені көру, кіммен пікір бөлісу керектігін көрсеттіңіз. Қарапайым ғана мысал бұл. Жанталасу керек. Бір қарағанда, оңай еш нәрсе жоқ. Ырым-тыйымдардың өзі қандай тәрбие! Үлкен өмірге аттанар баланың бойына дәстүрді сіңіріп жіберсеңіз, оны жоғалтпайды. Сенімді азаматтарда ғана патриоттық рух болады. Балабақша, мектептен бастап тек еңбекпен ғана өрге жүзуге болатынын мықтап түсіндіру қажет. Қазіргідей әр жерде құр сөз бен ұрандатып акциялар мен пікірталастар өткізуден гөрі осының мәні зор. Баланың жақсы өнеге, тәлім алуына, ізгі қасиеттердің бәрін бойына бала кезінен бастап жинауына, өмірде кездесетін кеселді, кертартпа ғұрып, бөтен салттарды айыра білуіне, саналы, мәдениетті ұрпақ өсуіне көңіл аудару мұғалімдермен қоса ата-аналардың да, қала берді, жалпы қоғамның парызы. Ұлтжандылық қасиет пен адамгершілік сана қалыптастыру, Отан, туған жер, Атамекен десе, елең етіп тұратын жас ұрпақ өсіру – еліміздегі әр азаматтың, әр отбасының міндеті. Бастысы жүрекке жеткізу қажет. Мәселен, біздің алғашқы әнұранды алайықшы. Шынын айту керек, ол жүректің қылын шерте алған жоқ. Оның сөздері қанша жерден жақсы жазылса да, соншалықты айту да қиын болды. Тіпті, Ескендір (Е.Хасанғалиев – авт.) шырқайтын «Атамекен» әнінің өресі одан биік. Ал қазіргі әнұранды тебірене шырқайсың. Бойды әлдебір керемет сезім кернейді.
– Жүз отызға жуық ұлттар мен он сегіз конфессиялық топ өкілдерінің береке-бірлігі жарасып, ынтымақтастықта өмір сүріп жатуы – еліміздің ұстанып отырған бейбітшілік пен келісімді сақтау жолындағы ұтымды саясаты мен жүзеге асырып отырған ауқымды әрекеттерінің нәтижесі. Сіздіңше, «Мәңгілік елдің» тірек тақырыбы не?
– Қайтсек ұлт болып қаламыз? Осы сұрақ бәрімізді толғандырды. Қазір бұл бізді ойландырмау керек. Тәуелсіздік деп жырлай беру де дұрыс емес. Тек қана алға! Неге жерімізді қасиетті дейміз? Қаншама сын-соқпақты, қантөгісті бастан кешірді. Олардан аман өттік. Енді келіп, жасқаншақпыз. Сол батыр бабалардың қаны, сол намыс бойда. Тек соны ояту керек. Отанға деген шынайы махаббат, кейінгі ұрпақ алдындағы парасатты парыз аталарымызды Ұлы Жеңіске жеткізді. Қазақстандық модель – жаңа саты. «Жаңа айдың ғана жарылқайтыны» аян. Жаһандық дағдарыс тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер. Қазір мемлекет қана емес, бір кәсіпорын, ұжым, одан қалды, әр отбасы дағдарысты өткеріп жатыр. Бірақ, әлемдік ауқымдағы көптеген компаниялар дамудың дағдарыстық кезеңінде сәтті жолға түсті. Мемлекетке аузын ашып, қарап отыра беретіндер көбейіп барады. Тілене бермей, ақылға салып, бір сәт ойланып көру керек қой. Мысалы, сен Билл Гейтс емессің, тілшісің. Оның ішінде, Қостанайдың бас газетінде жұмыс істейсің. Алайда, қызметіңнің дәрежесі компьютершіден асып түседі. Гейтсті атақты етіп көрсеткен – сіздер. Осы тұста өзіңе есеп беруің керек. Сен осы қызметіңе лайықсың ба? Басшың берген тапсырманы орындап қоя салу аз. Заман ағымынан қалмау үшін қазір әркімге екі есе жұмыс істеу талабы тұр.
Соңғы жүзжылдықта табысқа қол жеткізген елдердің бәрі тура мағынасында нөлден бастаған болатын. Біздің Қазақстанның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді. Ана бір жылдары бидай тартып, тандыр сатқан кездер болды. Үйдегі анаңыз жақсы біледі…
Қазақ хандығын құрудан басталған қасиетті борыш «Мәңгілік Ел» идеясына негіз болып, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне жол ашатын тың серпіліске бастады. Міне, енді тек қана алға қарау керек. Уақыт рухы, оның үдесінен шығу деген талап бар. Бұл – әрбір ғалым, ақын-жазушылар үшін басты қағида болды. Сол секілді, бүгінгі күнмен өмір сүрейік.
Бізде неге Билл Гейтс жоқ? Ол бір жылда қалтасына 68 миллиард доллар ақша салады. Ал Қазақстанның бір жылдық қазынасы 25 миллиард долларға тең. Сонда қалай? Біз бір Билл Гейтсті шығарсақ, онда әр студенттің шәкіртақысы 30 есеге өсер еді ғой. Ешқандай мұнай, газ, металл сатпайтын едік. Міне, саған ойланатын нәрсе. Тағы бір мысал. Өзіміздің Арқалықтан кеткен мадиярларды алайық. Венгрияның 9 миллион ғана халқы бар. Бірақ 14 Нобель сылығының иесі бар. Бізде 17 миллионнан астам тұрғыннан неге бірде-бір сол сыйлықтың иесі жоқ деп ойланасың. Кеше бір статистикалық деректерді оқыдым: 21 жыл бойы Қазақстанға 123 миллиард доллар инвестиция құйылған. Басында оның көбін Америка, Қытай, Ресей секілді елдер салған шығар деп ойладым. Тіпті олай емес екен. Территориясы әлденеше есе шағын Голландия бізге 34 миллиард долларын әкелген. Білсеңіз, Голландия 16 ғасырда испандықтардың үстемдігінен енді босап шығып жатты. Олар ойланды. Ұлт ретінде қалыптастыратын бір идея керек болды. Шешімі – гүл. Содан соң қызғалдақ өсіре бастады. Оны әлемнің әр бұрышына жеткізді. Қазір Қостанайдың әр бұрышында голланд қызғалдағы бар. Ал сіз қазір Голландия солай көтерілді десе сенер ме едіңіз? Міне, идеяның негізгі тірегінің бірі. «Мәңгілік елді» дамыту біздің жастардың қолынан келеді.
– Мемлекеттің дамуын тежейтін үш факторды атаңызшы?
– Жалқаулық. Жемқорлық. Дін. Біріншісінің шешімін әркім өзі біледі. Жемқорлықты жою мүмкін емес. Қоғам онсыз болмайды. Бұл дәлелденген. Менің бір ғана қосарым бар. Сен жұмыстан үйіңе келдің, алдыңнан шыққан балаң немесе немерең: – Әке, сен жемқорсың ба? Сен пара алып көрдің бе? – десе ше? Не деп жауап бересің? Әлде балаңның алдында қызарып тұрасың ба? Немесе өтірік айтуыңа тура келеді. Үшінші мәселе – дін. Елімізде болған соңғы оқиғаларды білеміз. Оның барлығы түсінбестіктің, керек болса надандықтың салдары. Мен Құранды бастан-аяқ оқып шықтым. Араб та, қазақ та ислам діні аясында дамып келе жатқан ұлттар, бірақ дәстүрлері қабыса бермейді. Олардың бетін не себепті тұмшалайтынын білмейтіндер көп. Ал біз олай істеу шариғатта жазылған деп соғамыз. Барлығы осындай ұсақ-түйектерден басталады. Кез келген дін соғысыңдар деп үйретпейді. Дін – ұлттың болмысымен ғасырлар бойы тұтасқан рухани құндылықтар мен дүниетанымдық көзқарастар жүйесі, ол жойылып кете салмайды. Сондықтан «Дін – апиын» деп жетпіс жыл ұрандағанымызбен, кеңестік кезең ұлтымыздың дін-тұғырын шайқалта алған жоқ. Шоқандар татар молдалары арқылы ілім үйретуді нұсқаса, Абай отыз сегізінші қара сөзінде дін туралы керемет ұқтырып берді.
– У.Черчилл «Ұлы Британияның қасы да жоқ, досы да жоқ, ұлттық мүддесі ғана бар» деген екен. Ұлттық мүдде – Ұлттық рухтың аса биік көрінісі. Кейде шеттің қаңсығын таңсық қылып, болмашыға еліктейміз де отырамыз. Бұған не дейсіз?
– Бүгінгі уақыт ағымы басқа. Бір жағынан, жақсы нәрсеге еліктеген де дұрыс. Қазақ бәрін өзі ойлап таба алмайды ғой. Қоғам күн сайын небір өзгерістер мен жаһандық жаңалықтардан бас көтере алмай, екпіндете алға жылжып келеді. Сананы тұрмыс билеп, күнкөрістің қамытын кигендер де аз емес. Дегенмен мұның бәрі ұлттық мүддеге келгенде сылтау бола алмайды. Әлеуметтік теңсіздік десеңіз, от басып, опық жеп жатқандар тек жоқ-жітіктің балалары емес, ішкені алдында, ішпегені артындағылардың балаларынан да небір сорақы қылықтар шығып жатыр. Ендеше, ұрпақ тәрбиесінің өзегі болған тіл тазалығы мен ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан алыстап, жат елдердің жанымызға жат, қанымызда болмаған небір жат әдеттерін бойымызға неге талғамай сіңіреміз осы деп қайран қаламын. Жоғарыда атап өткен сорақылықтардың болмауы үшін әрбіріміз жауаптымыз. «Мәңгілік елдің» көздеген тетігі де осы.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы тіл демейді ме, сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдық мерейлі сессиясында Елбасымыздың әлемнің ең беделді жиынының мінберінен ана тілімізде сөйлегені елдің еңсесін бір көтеріп тастады. «Мәңгілік елдің» мәңгілік тілі ұлт абыройын асқақтататынын Елбасы осылай дәлелдеді. Біз озық елдердің қатарына қосылу үшін осы тілді үйренуіміз керек. Мен түрмеде отырғандарға да осыны айттым. 15 жыл абақтыда босқа өткізбей, тіл үйрен, қолыңнан келе ме, шет тілдерін меңгер. Оған ешкім бөгет болмайды. Сен неге оқып отырсың деп кінә тақпайды.
Енді спорт жағына келейік. Бір ғана жеңіл атлетика жайлы айтар болсақ, бүгіндері Ғ.Қосанов, Ә.Тұяқов салған сара жолды өзіміздің қаракөздер емес, өзге ұлт өкілдері жалғастырып жүргені ащы да болса шындық. Оларға тағар кінәміз жоқ. Туды жоғары ұстап, Әнұранды әуелетіп жүрсе, кімге болса да құшағымыз кең. Бірақ, неге өзіміз емес? Ғұсман кезінде сонау Рим Олимпиадасының шаңын қаққан кезде барлығы «Желден жүйрік қазақ» деп жазды. Тағы да айтам, қазір біз ешкімнен кем емеспіз. Ауылда таңның атысы, күннің батысы қара жұмыс істеп, шымыр өскен балаға ядро немесе найза лақтырудың техникалық әдіс-тәсілін үйретіп жіберсең болды емес пе?! Қалай дегенде де, қазақ жастарына ойланатын кез жетті.
«Бөлінгенді бөрі алар». Көршімен тату болу, ағайынмен араздаспау ұлт болып ұйысудың басты шарттары болса, оның ауқымын кеңітіп, біздің қазіргі саяси ахуалмен салыстырайықшы, мемлекеттің алға жылжуының да басты қағидасы «мен мұндалап» тұрғандай болады. Жаңа ғасырға қадам басқалы он жеті жыл болды. Енді мемлекеттіліктің басты белгісі – киелі тілімізді сақтап, өміршең дәстүр-салтымызды, терең тарихымызды, ұрпақ тәрбиесіндегі өнегелі әдет-ғұрпымызды дәріптей білейік, осының бәрі біздің баға жетпес байлығымыз екенін тереңнен түсінейік дегім келеді.
– Шемен болар шер, беріштей қатты ренішке айналып бара жатқан бір мәселе бар. Жеті қат көкке жол салған Байқоңырды бүгінде Ресей жалға алған. Алайда ондағы заң басқа. Көрші елдің айтқанымен жүреді. Сырт мемлекеттің төлқұжаты қалтасында жүретін ағайын саны мол. Өкініштісі, заң өзгенікі болғандықтан, олар солардың талаптарына бас шұлғуға мәжбүр. Қаракөздеріміз өзге тілде білім алады. Оларға жоғарыда айтқан ұлттық идеяны, рухты қалай түсіндіресіз? Бұл мәселе талай мәрте көтерілді. Дегенмен түбегейлі шешілер түрі жоқ.
– Байқоңырды бермеу керек еді, оны біз де қаладық. Біз де өкінеміз. Алайда, сіз бен біз білмейтін нәрселер де бар. Дегенмен, мәселенің екінші жағына неге үңілмеске. Ғарышты өзіміз игереміз десек, кім қой деді. Кадр жоқ, қомақты ақша қажет. Екіншіден, ол игерілмей, тұра берсе, тот басады. Күндердің күнінде жарылып, тынатын еді. Уақыт өтер, Тоқтар мен Талғаттың, Айдынның орнын басатын табылады. Мен бұған сенемін. Жақаң айтып кеткен «Оян, қазақ!» дәл осы тұста керек. Ғарышты игерсек, қаншама жетістіктерге қол жеткіземіз. Ал әлгіндегідей мәселелердің болып жатқанына қатты қайғырамын. Жалға берілген уақыт арасында өзіміздің азаматтарымызды оқытсақ, біздің де қолдан келеді. Күтейік.
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
Осы Мәңгілік ел мен Нұрлы жол жұртты қанап бітті. Елдің назарын осы екі "ғаламат" идеяға аударып, басқа идеологиялық, саяси жақты қараусыз қалдырдық. Негізі, тамаша подxод. Бүкіл ақша осы екі идеяға кетті, ел бәріне қарыз. Әңгіме жоқ, факторлар живлған идея, бірақ, оның маңызы қаншалықты? Одан басқасы қарық болып жатыр ма?
Қашанда кімге және неге болмасын, уақыт төреші. Ал пәлен -түген дегенмен не істей аламыз? Соғыс болмасын деңіз.
Не істей аламыз деп отырайық онда, Мысалы біздің Арқалық қазір қандай, кеше қандай еді. Осы мәңгілік елде осы шағын қалаоардың болашағы қарастырыла ма екен,