Сапарғали АХМЕТЖАНОВ: «Халық шығармашылығы – мәңгілік»
Ат жалын тартып мінген мекеніне бар ынта-жігерімен, қалтқысыз қызмет қылып келе жатқан азаматтар баршылық. Солардың бірі – қазақ өнерінің жанашыры Сапарғали Ахметжанов. Аманкелді ауданының тумасы былтырғы жылы халық қозғалысына арналған салтанатты шараның жоғарғы деңгейде өтуіне дәнекер бола білді. Жетпіске жетіп, қартайдым деп, тірліктен күдерін үзбей, ұрпаққа өнегелі ісімен танылып жүрген Сапарғали Ахметжанұлы күні бүгінге дейін мәдени шаралардан қол үзген емес. Танымал дирижер, Аманкелді ауданының құрметті азаматы – бүгінгі қонақ.
– Дәстүрлі сұрақ: мәдениет саласына қалай келдіңіз?
– Негізінен адамдар мәдениеттің жолына жастайынан түседі және бұл таңдау саналы түрде жасалынатын нәрсе емес болуы да мүмкін. Ең алдымен, ол әкенің қанымен, ананың сүтімен даритын қасиет. Не болмаса, әлденеге әуестіктен пайда болады. Әр жастың өнерге деген икемі, талабы кішкентайынан байқалады. «Түгін тартсаң майы шыққан» Батпаққара өңірі өнерден де кенде емес-тін. Мен Үрпекте тусам да, жастық кезең Бүйректалда өтті. Ауылға Қайыңды совхозында тұратын Тасмұрат деген ағамыздың баласы домбыра алып келді дегенді естідім. Ол кезде сегізінші сыныпта оқимыз. Не керек, досымды ертіп, домбырасы бар үйге бардым. Сол күні бұрын-соңды радиодан ғана естіп жүрген Ахмет Жұбановтың «Би» күйін күйшінің орындауында тыңдадым. Бойды шымырлатар, көкіректі кернеген бір керемет сезім пайда болды. Шіркін, ақын болсам өлеңмен төгіп тастар едім. Сол күйдің әсер еткені соншалықты, сабақта отырсам да әлгіні ішімнен ыңылдап, қайталап отырдым. Бар «ауруым» – күй. Үйдегілер де сезген шығар, көп ұзамай үйімізде домбыра ілулі тұрды. Бір айдың ішінде домбыра мен баянды үйреніп алдым.
– Мықты күйші күйді көре біледі деп жатады. Енді екіншісі күйдің құдіретін айтып бергісі келеді. Олардан бөлек, қазіргі күйдің бағыты қандай?
– Рас, күй табиғатпен үндеседі. Нағыз күйші күйдің мазмұнын айтып бере алады. Оның үстіне домбыра әлемде жоқ аспап. Мәселен, қомызы бар қырғыз ағайындар да, түрікмендер де өз күйлерімен танымал. Солардың ішінде біздің күйлердің құдіреті ерекше. Ал оркестрдің орындауында ол мүлдем ажарланып, керемет әсерге бөлейді. Күй Кетбұғаның, қала берді, Құрманғазы мен Тәттімбеттің кезінде шарықтау шегіне жеткен деп жатыр ғой. Содан кейінгі уақытта қалтарыс тарауы, яғни, кеңестік кезең келген тұс. Рас, осы уақытта қазақтың рухани мәдениетін ақсату ғана емес, тұқыртып, мүлдем жойып жіберуге тырысқандардың болғанын тарих дәлелдеп берді. Қазақтың басындағы қилы тағдыры секілді талай бұралаң жолдан өткен күйіміз қазір сол бабалар салған рухты бағыттан ажырамаса екен. Сонда болашақ үшін алаңдамайсың ғой. Өйткені, эстрадаға қосып, жаңаша бағыт әкелдік деп, жар салып жатқан іні-қарындастарымыз да жоқ емес. Бұл жерде күйдің бірсарынды орындалуы деген түсінік қалыптаспауы керек. Қарсы емеспін, жаңа туындылар сыйласын. Тек, қазақтың рухына тән күйді бүлдіріп алмаса болғаны. Бертінде «Қазақтың мың күйі» шықты. Бұл да бір жетістік.
– Сіз – дирижерсіз. Кішкентайымызда осы дирижердің қолындағы ақ таяқтың қызметі туралы білмейтінбіз. Жалпы, концертте таяқшаны қолданбай өнер көрсетуге бола ма?
– Әрине, таяқшасыз шығуға болады. Бірақ, өнер – пәк дүние. Ал этика – сахнаның кілті. Сондықтан таяқшаның жөні басқа. Дирижер психолог болуы тиіс. Ол таяқшасы арқылы музыканың үйлесімін тауып қана қоймай, жалпы ұжымындағы тұтастықты сақтауда үлкен рөл атқарады. Қарамағында музыканттардан дирижердің білімі, ой-өрісі жоғары көрінгені абзал. Парасаты артық, ақылы кеніш, мінезі байсалды дирижерлер ғана ерен еңбегімен суреткер деңгейіне көтерілген. Картинаны тұтас көре алуы, дыбыс балансы мен бояуы, динамика мен штрих мәселесі – дирижердің көзірі. Қысқасы, ол ұжымына барлық жағынан көшбасшы бола білуі керек.
АБЫРОЙҒА БӨЛЕГЕН АДАЛ ЕҢБЕК
– Еңбек жолыңызды ұстаздықтан бастадыңыз. Бірнеше мәдени мекемелерде қызмет етіп, жетпіске жеткен шағыңызда бала тәрбиесіне қайта оралдыңыз. Осы ұлы жолдағы басты мақсатыңыз не еді?
– Мен – өнер ұстазымын. Түсінген адам білер мәдениет ауыр жол, ал оған ұстаздық қосылғаннан соң жауапкершілік үдей түсті. Осы өнер жолында талпындым, талай рет құладым, бірақ, жігерімді жасытқам жоқ. Басты мақсатым – талантты шәкірттерді табу. Ал өнер иесі – халықтың қазынасы. Астанаға 1998 жылы келдім. Осында гуманитарлық колледжде музыкант болдым. Рас, бірінші келгенде мені ешкім танымады. Бір мәдени іс-шаралар бола қалса, «где этот музыкант?» дейтіндер қазір ағалап алдымнан шығады. Мұндағы айтқым келгені, адам еңбекпен ғана танылады. Қай ортаға кіріп барсам да «Торғайдың қазағымын» деп бастаймын әңгімемді. Сол кезде барлығы мойын бұрып, құлақ асатын. Өзімше «халқы бай, жаңарып, мың құлпырған көне Торғай» деп ұран шығардым. Қазір Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының оқушыларынан құралған ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісімін. Сабақта рухани дүниелерді үйретуге тырысамын. Күй сабағының әлқиссасы күйдің шығуы, оның мазмұнын айтудан басталады. Қазақ тілін домбыра арқылы үйретіп жүрмін. Оның ішінде қазақшаны «қақпайтын» қаншама бай-манаптың балаларын оқытамын. Мұндағы мақсат – оларды қазақы ойлауға баулу. Қазір көп шенеуніктеріміздің өзі мінбеге шығып алып, «мыңқ-мыңқ» етеді. Тіпті, ұят нәрсе. Тіл үйрену соншама қиын дегенге әлі сенбеймін. Ал, менің міндетім, тағы да айтамын, қайткен күнде де жас ұрпаққа қазақы тәрбиені сіңдіру. Соған барынша үлес қоссам деймін.
– Сапар аға, өмірбаяныңызды қарасам, шығармашылық жылдарыңыздың ауқымды бөлігі Аманкелді ауданымен байланысты. Өткенді еске түсіріп көріңізші.
– 1973 жылы жас маман ретінде Бүйректалға келіп, бір жыл сонда істедім. Ол кезде пионерлер слеті өтетін. Мен сонда жүлделі орыннан көрініп, аудан орталығына жұмысқа шақырту алдым. Қолымда шешем болды. Төрт балам бар. Бірақ, анам ауылдан кеткісі келмеді. Тіпті, мені ешқайда жібергісі келмейтін. Не де болса, ауылда қалғанымды қалайтын.
Қыркүйек өтті. Бір күні аудандық атқару комитетінің төрағасы Әнеш Дүйсенбаев өзіне шақырды. Ол кісі көп сөйлемейтін. «Барды жоқ қылу оңай, жоқтан бар жасау керек» дегені есімде қалыпты. Бұл 1974 жылдың күзі болатын. Әйтеуір, Аманкелдіде болмаған мектепті аштық қой. Осы «Саз» мектебінің құрылуына атсалысқан аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Жұмағали Өмірбековтің есімін айта кетуім керек. Молдаш Файзуллин, Ораз Қожасов, Гүлжан Мұхамбетжанова, Ботагөз Дүбірбаева, Бораш Әбеновтердің мектептің қалыптасу жолындағы еңбегі бір төбе. Әлиханша айтсақ «тағдыр тудырған сом алтындар». Музыка мектебін ашып, өзім де шыңдала түстім. Кейін Амантоғай ауданына жұмысқа тұрдым. Ол кездегі көркемөнерпаздар байқауының өресі биік еді ғой. Аманкелді, Амантоғай, Жанкелдин аудандары өзара бәсекелесетін. Жалпы, мәдениеттің жұмысының шеті мен шегі жоқ. Керек десеңіз, Лениннің туған күнінде слет, музыка шерулерін өткізе беруші едік. Негізі, қазір де солай-ау. Өзіміздің қасиетті кәдімгі қара домбырадан бастап, қобыз, қыл қобызы, үскірік, сырнай, дауылпаз, асатаяқ сияқты қазақтың ұмыт қалған көне аспаптарын ансамбльдерде пайдаланатынбыз.
– Уақыт тегершігі бір орнында тұрақтамайды. Алайда, кезінде анаңыздың ақылын тыңдап, қазығыңызды туған жерде қалдырсаңыз бәрі басқаша болар ма еді мүмкін…
– Шешем бірбеткей еді. Оның айтқанын екі еткен емеспін. Бірақ, өнер жолы – менің тағдырым. Ал, тағдырды дұрыс жасау ,әуелі, Алланың, кейін өзіңнің қолыңда. Сондықтан қазақтың қай жерінде болсам да, ұлтымызға пайда келтіргім келетін. Қостанай облысының Денисов, Федоров, Таран және Ақмола облысының Жарқайың, Сандықтау, Аршалы, Целиноград аудандарында қазақтың ұлт-аспаптар оркестрлерін ұйымдастырдым. Сондай-ақ, әр жылдары төрт бірдей қазақтың ұлт-аспаптар оркестрі «Халықтық ұжым» атағына ие болды. 1977 жылы Аманкелді ауданының мәдениет үйінің оркестрі, 1980 жылы бұрынғы Амантоғай аудандық мәдениет үйі, 2001 жылы Астана қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының оқушыларынан құралған ұлт-аспаптар оркестрі, былтыр Астана қаласындағы гуманитарлық колледж студенттерінің оркестрі «Халықтық» атағын алды. Бұлар – жарты ғасырда жеткен басты жетістіктерім.
Алдағы ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында 150-200 адамнан құралған оркестрге жетекшілік етемін. Бұл да кезекті сынның бірі болғалы тұр. Келушілерге қазақ музыкасының құдіретін бір танытсақ, қанеки!
«МӘДЕНИЕТКЕ РУХЫ МЫҚТЫ АДАМДА Р КЕРЕК»
– Қазақтың бай музыкалық мұрасын дұрыс игеріп, қадір-қасиетіне жете алып отырмыз деп ойлайсыз ба?
– Образға салсақ, музыкада түсінік біреу-ақ. Бір ғана сезім. Бір ғана тіл. Соны ұға білсең болғаны. Қазір құндылық өзгерген кезең. Талғам мәселесі де өте нәзік. Сондықтан біреу бала кезден тәрбиеленсе, бірі кексе жаста келеді. Ал, қазақтың музыкалық мұрасы туралы әңгіме бөлек. Жалпы, барлық қазақ музыкасы үшін жауап беретін адам мен емес. Бірақ, халық шығармашылығы ұлттық өнердің қадір-қасиетін сезінген деп сенімді түрде айта аламын.
Мен Таран ауданында жұмыс істедім. Бұрын қазақша оркестр болмаған екен. Светлана Темірхановна деген ұлтжанды басшысы әлі жұмыс істейтін шығар. Бір күні ол: «Аға, бізде қазақ өнері жетімсіреп тұр. Өзіңіз жақсы білесіз. Дем беріп жіберіңіз» – деді. Қостанайдың «қазақшасын» жатқа білемін. Әуелі, сценарийді елу пайыз орысша жасадым. Орыстың бес келіншегін қобызға алып шықтым. Музыкадан хабары бар ғой, тез үйренді. Концертте әлгі бесеуінің қобыз тартқанын көрген ақ жаулықты аналарымыз көздеріне жас алды. Ал менің түйгенім: өзіміздің қаракөздерімізге сәл де болса рух сіңірдім немесе қазақтың ұлттық аспабында ойнап отырған бөтен ұлттың адамдарына қарап, өзіміздікілер де бірдеңе ұққан шығар. Бұл бір ғана мысал.
Ұлттық мұра деп жатырмыз, осы күні оркестрлер көп. Қазақ өнерінің падишасы – Құрманғазы оркестріне жетпесе де, өзінің талғамы бар Тәттімбет атындағы академиялық ұлт аспаптары оркестрі, Дина Нүрпейісова атындағы Атырау Академиялық ұлт аспаптары оркестрінің қай-қайсысы болса да, қазақты шет елдерге таныстыра алады.
– Жалпы, қазақ өнерінің шет елдегі бағасы қандай?
– Өнер мен шет ел туралы сұрақ түссе, кез келгеніміздің көкейімізде Әміре Қашаубаев тұратыны рас. Әміре арқылы қазақтың әншілік өнері мемлекеттік шекараны сонау жиырмасыншы жылдардың ортасында-ақ аттап өтті, батыстың ұлы мәдениет қайраткерлерінің ауыздарына түсті. Ол – қалай мақтасақ та, «мадақ бөшкесіне» құйыла беретін нағыз өнерпаз.
Беріге келсек, жиырма алты жыл бұрын Түркияда Аманкелді ауданының өнерпаздарына жетекшілік еттім. 1988 жылы, Амантоғайда істеп жүргенде, Венгрия мен Югославияға бардық. Бір айы бойы қазақтың ән-күйін көрсеттік. Мақтанды демеңіз, ақиқатында өзге көршілес мемлекеттерге қарағанда қазақ музыкасының қабылдануы өзге деңгейде. Кезекті концерттен соң, халықтың қол соғып, қошеметтеуінің өзі бөлек әңгіме. Ал домбыраны ұстау үшін қасымызға келіп, кезекке тұрған халықты айтсаңшы. Бір қызығы, ол жақтың кейбір тұрғындары қазақтың тарихы туралы бір кісідей айта алады екен. Тіпті, Шыңғыс ханның тарихын менен артық білетіндерді көрдім. Бірде Адриатика теңізінің жағасында тұрғанбыз. Бізбен бірге жүрген венгр азаматы Шыңғыс хан тұқымының неліктен Еуропаны түгел басып ала алмағанын айтып берді. Оның айтуынша, Еуропаға жорықтың басты мақсаты Венгрия территориясын бағындыру болыпты. Өйткені, Венгрия – моңғолдар үшін экономикалық жағынан аса тиімді аймақта орналасқан, Адриатикаға дейін созылып жатқан жайылымы шүйгін бай-қуатты мемлекет. Бірақ, Батый Адриатика теңізін жердің шеті, әлемде бұдан асқан сұлу жердің болуы мүмкін емес деп, кейін шегініпті.
– Осы уақытқа дейін ғұмырыңызды халық шығармашылығына арнап келе жатырсыз. Бірқатар өнер ұжымдарының қалыптасуына көмегіңіз тиді. Көңіліңіз неге алаңдаулы? Жеткеніміз қайсы?
– Арғы-бергі қиырына ат тұяғы сүрініп, әрең жететін кең байтақ даламыз қандай жанқиярлық ерлікпен келді. Ата-бабалар туған жерді шексіз сүйді. Сол жолмен баласына тәрбие берді. Қазақтың осындай асыл қасиеттері қай халыққа да өнеге-үлгі бола алады. Осы арада біз, аға ұрпақ, өзімізге сұрақ қоя білуіміз керек. Атамекеніңе қандай қызмет қылдың? Жастарға не тәрбие көрсеттің? Сұрағыңа іштей жауап бере алсаң, «мендік» беделіңнің артқаны дей бер. Мәдениет адамы да солай. Өнер арқылы халықтың рухани құндылықтарын барынша насихатта, бірі болмаса да, екіншісі ұқсын. Жан-тәні арзан дүниелерге әуес, сүйегі жасық ұрпаққа алаңдаймын. Міне, жастарға қолыңнан келгенше мән бер. Болашақ – солардікі.
Талант түптің түбінде танылады. Дүние, мансап үшін қабақ шытып, бос тарығып керегі жоқ. Бірақ, бәрі қаржыға тірелген қоғамның қаһары шынайы таланттарға тұсау болмаса екен дейсің. Еңбек пен талап ұштасса, өнердің биігіне ұмтылуға әсте болады. Сенің ауылыңнан (Байғабыл – авт.) шыққан Ғазиза Жұмекенова апаларың жастайынан ән айтуға құмар болыпты. Есіктің алдында тұрып алып, ертеден кешке дейін жаттаған әндерінің бәрін айтып шығады екен. Сол Ғазизамыз өнер жолынан кетпей, қазір елдің сүйіктісіне айналып отыр. Әндерінің өзі қандай! Үлгі алуға болатын тұлға.
Тағы бір айтарым, маған салсаңыз, бұрынғы күй тартысты қазіргі айтыс секілді дамыту қажет. Сонда қазақ күй өнерінің қандай екенін көре алар едік. Әр күйшіде өзіне тән мінез бар, олар, бір-біріне ұқсамайды, мықты домбырашыны қайталау әсте қиын. Бұл үрдіс ертеде керемет дамыған. Тіпті, күйшінің баласын төрге шығарған деседі. Күй тартыс – далалық мәдениеттің бөлшегі. Оны дамытудан қашпау қажет. Алдымен, байқаулар өткізіп, кейін республика көлеміне шықса, одан соңғысын уақыт-төреші сараптап берер.
Халық шығармашылығы арқылы танылып, кейін эстрадаға кетіп қалып жатқандар бар. Ал, керісінше, ұлттық өнерге қаншама еңбегі сіңсе де, эстрада әншісіндей атаққа ие бола алмай жатқандар қаншама? Мысалы, Қажығали Башарин деген азамат өмірін өнерге арнаған. Күллі Аманкелдіге биді әкелген Ерсін Жүсіповті кім біледі? Шолпан Қорғанбекова, Ақшагүл Мұқанова, Жақсылық Ақышев, Шара Мүсілова, Ақтұрсын Әжібаеваларды айтсайшы! Тума таланттар ғой. Кейбірі ұстаздық жолына түсті. Олар ешқандай марапатқа ие болған емес. Бірақ, олардың бағасын халық берген. Ал фонограммамен өлең жазып, жеткенім деп жүргендер туралы бір түн әңгімелеуге болады.
– Жаныңыз тартып тұратын, басқа да әуестігіңіз бар шығар?
– Жас кезде темір-терсек көтеріп, жарыстарға қатысып жүрдік. Қолым қалт ете қалса, балық аулағанды ұнатамын. Сондай-ақ, өзіме ұнаған сәттерді суретке түсіріп алуға тырысамын. Бірақ, музыка өнеріне көбірек көңіл бөліп, осы салаға бағытталып кеткен соң ба, уақыт бола бермейді.
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Сапар аға! Амантоғайдағы кездер ай! Амангелді-Торғайдағы көрінбей жүрген еңбектің авторының бірі сіз едіңіз ғой. Əйтеуір шықтыңыз бас газет арқылы. Сапарыч ағайдың еңбегі мәдениет саласында өлшеусіз. Рақмет сізге ағатай! Қаншама жасты жетеріне жеткізген де сіз!
Асқар тау Əкетайым, енбегің жанаберсің!