Бақыт Есімова: “Жауапкершілік жүгі жеңіл емес”

Енді бірер күннен соң әлем жұртшылығы әйелдердің халықаралық мерекесін атап өтеді. Бұл күннің біздің еліміз үшін де орны бөлек.   Өйткені, халқымыз қашаннан қыз балаға құрметпен қараған, бағасын асырып отырған. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: «Шығыс халықтарының   арасында, жалпы мұсылман әлемінде әйел затын ерекше бағалайтын халықтың бірі де бірегейі біздің қазақ»,-деп атап өткені бар еді. Елімізде есімдері ел мақтанышына айналған ардақты аналарымыз, апа-қарындастарымыз аз емес. Әсемдік пен әдеміліктің, береке мен бірліктің, сұлулықтың символына айналған қыз-келіншектер мемлекеттік қызметте де табыс биігінен көрініп жүр. Мереке қарсаңында тілшіміз облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімовамен сұқбаттасқан еді. -Шындығында, мен өзімді феминистпін деп  есептеймін. Оны үнемі ашық айтамын. Өйткені, мен әрқашанда әйелдер құқығын жақтаймын. Әйел болу оңай емес. Естеріңізде болса, бірде инстаграмда жазғанмын: біз, қыз-келіншектер күні бойы биік өкшемен жүріп-ақ көп нәрсеге үлгіреміз.  Күнделікті жұмысыңнан бөлек  бала күтімі, әлсін-әлсін  тамақ әзірлеу, кір жуу, үй жинаудың бәрі әйелдің мойнында. Бұған ер кісілер онша мән бере бермейді. Меніңше, саясатта, мемлекеттік қызметте болсын әйел баласына  оңай емес. Үй мен жұмысыңды қатар алып жүруің керек.  Мәселен, ер адам жұмыстан келсе тамағы дайын тұрады. Ал әйел адам  жұмыстан шаршап келсе, ешкім онша өбектей қоймайды. Келе сала жанталасып күйеуіңе, балаларыңа тамақ әзірлейсің. Осыдан-ақ байқай беріңіз, әйелдер құқығының дәрежесін.  Үйіңде көмекшілерің болса да, әйелдің үйдегі рөлі бәрібір қалмайды. Бәрін өзің қадағалап отыруың керек. Балалардың тамағының дұрыс болуы, киім-кешегінен бастап, олардың сабағы, тәрбиесі белгілі бір талапты қажет етеді.  
-Осының бәріне сіз қалай үлгіресіз? 
-Мүмкін мен  тым белсенді шығармын. Аз ұйықтаймын. Көбірек қимылдаймын. Жұмыстан шаршап келгеніме қарамастан бала тәрбиесіне көп уақыт бөлемін. Осының бәрінен  мен кәдімгідей қуат аламын. Балаңды мейірлене бір иіскеудің өзі әйел адамға үлкен ләззат сыйлайды. Бала-бақытың деген сол шығар, бәлкім? Менің үш балам бар. Үшеуі өз алдына бөлек-бөлек әлем. Менің қорғаушыларым осылар. 
-Сізге кілең ер-азаматтардың арасында  жұмыс істеу қиынға соқпай ма? 
-Жоқ. Керісінше, бұл маған берілген бонус сияқты. Қалай дегенмен де, ер-азаматтар саған барынша құрметпен қарауға тырысады. Қыз баланы сыйлау – біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттердің бірі.  Халқымыз бұған ерекше мән берген.  Бізде көп жағдайда ер кісілер қол ұшын созып, көмектесіп жатады. Бұл нәзік жандыларға жасалған құрмет деп білемін, өз басым.   Мемлекеттік қызмет еркектікі, әйелдікі деп бөлінбейді. Қыз баласы болсам да, жүктелген міндет аз емес. Менен өзімнің басшылық  етіп отырған салалардың  жұмысы сұралады. 
-Өткен желтоқсан айында  сіз әйелдер күші альянсының облыстық конференциясында кейбір мәселелерді қайта қарап, мүмкіндігінше  жаңаша бағытта жұмыс істеу қажеттігін айтқан едіңіз. Осы бағытта ойға алған идеяларыңыз жүзеге асты ма?
-Біз әйелдер күші альянсымен тығыз қарым – қатынас орнаттық.  Біріншіден маған ұнайтыны, олар өте мығым ұжым. Тіпті, еліміздегі мықтылардың санатына жатқызар едім. Әйелдер күші альянсымен, олардың қызметімен  жақынырақ таныса бастаған күннен бастап, шын мәнінде ауқымды жұмыстар атқарғанын көріп жүрмін. Біз олармен тұрмыстық зорлық-зомбылық, жәбірленуші әйелдерге арналған баспаналар жайлы талқыладық.  Жақында олар «Қайырымдылық керуені» жобасын ұйымдастырды. Сол жолы  өңірде қайырымды істердің жаршысы болып жүрген жандар туралы көбірек әңгіме болды. Алдағы уақытта біз одан әрі, тереңірек ынтымақтаса отырып, бастамаларды бірге іске асырамыз деп ойлаймын. Негізінде, менде  олардың жұмысын түзетуге қатысты ешқандай ұсыныс жоқ. Әрине, алғаш таныса бастаған кезде ұсыныстар, жекелеген ойлар болғаны рас. Біздің қыз-келіншектер өз ісінің мықты білгірі екендігін танытты. Олар кім-кімді болсын, ешқашан жолда қалдырмайды. Оған сенімім кәміл. 
-Әйелдер мерекесі жақындап қалды. Сіз мерекеден не күтесіз, не қуантуы мүмкін?
-Мені жақсы ауа райы қуантады. Мейлі ол қарлы, жауын-шашынды болсын, жайлы да жылы болса, сол қуаныш. Әрине, мереке күні үйде, балаларыңның ортасында  демалғанға не жетеді? Адам баласының өзін бақытты сезінуі үшін басқа не керек? Мүмкін, бұл күні ыдыс-аяқ жуып, тамақ дайындаудан қолым босайтын шығар… Шынымды айтсам, осы кезге дейін ерекше біз сезімді бастан өткермеппін.  Балалық шақ есіңізде шығар, кластастар бір-біріне сыйлық жасамайтын ба еді. Біз 23 ақпан күні, ұлдар  8 наурызда ала-шапқын болып, сыйлық әзірлейтінбіз. Ең бір ыстық, есте ұзақ салған кезеңдер сол уақыт. Қазір  мерекеге онша мән бере қоймаймын. Бәлкім, менің жаратылысым сондай шығар. Отбасыммен, балаларыммен бірге болған ұнайды. 
-Балалық шақ демекші, сіздің балалық – бал дәурен шағыңыз Арқалықта өтті. Не есіңізде қалды?
-Біздің отбасымыз Арқалықта менің үш жасымда қоныс аударды. Ол кезде облыстың орталығы болатын. Сонда бала-бақшаға бардым. 1-8 кластар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы №1-ші орта мектепте, кейін А.Құнанбайұлы атындағы №6-шы мектепте, ана тілімізде  білім алдым.  Әкем ақмолалық болса, анам торғайлық. Нағашыларым Арқалық қаласының маңындағы Ақбұлақ ауылында тұрады. Кезінде Арқалық шағын да болса, сәулетті, әдемі қалалардың бірі еді ғой. Көп нәрсе есімде. Қазір соның бәрі көрген түстей. Жалпы, Арқалық мен үшін өте ыстық, жаныма жақын қала.    
-Қостанайға қызмет ауыстырғаныңызға да аса көп бола қойған жоқ. Дегенмен,  қаламен, оның тұрғындарымен танысып үлгірген шығарсыз?
-Мен бұған дейін Қостанайда көп бола қойған жоқпын. Енді-енді танысып жатырмын. Дегенмен, қала маған өте ұнайды. Әсіресе, халқы өте бауырмал. Бірге қызмет істейтін адамдармен тез тіл табысып кеттік. Орта мені бірден өзіне баурап алды. Қостанайдың өзге өңірлерден айырмашылығы көп. Негізі, әр өңірдің өз ерекшелігі болады ғой.  Мен Ақмола облысында, Нұр-сұлтан қаласында жұмыс істедім. Қостанайлықтардың басты ерекшелігі сол, ешқашан саған өтірік айтпайды. Сыртыңнан өсектемейді. Не де болса бетіңе айтады. Бұл өте жақсы қасиет. Өзім де сондаймын. Біреудің сыртынан пыш-пыштағанша, көзіне айтқан дұрыс.  
-Мереке күні  сыйлық алып көрдіңіз бе?
-Әрине! Жұбайым гүл, әр түрлі шағын сыйлық тарту етеді. Біз алдында АҚШ-та тұрғанда, ол жақта әйелдер мерекесін атап өте қоймайды. Ал, біздің елімізде ер кісілер  мереке күні әйел-азаматшаларға тарту-таралғы  жасап, ерекше бір көңіл-күй сыйлау берік дәстүрге айналған. Жұрт сияқты менің де жолдасым сыйлық жасауға тырысады. Бұл әрине, нәзік жандыларға деген құрмет деп есептеймін. Мереке күні отбасымызбен мейрамханаға барамыз. Кей жағдайда отағасы біз үшін ерекше ас әзірлейді. Мен де осы бастан ұлдарыма қыз баланы сыйлауды, құрметтеуді үйретемін. Қыздарға құрмет көрсету бір күнмен шектеліп қалмауы керек. Халқымыз қыз баланы жат жұрттық деп төрге шығарған. Немесе «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деген аталы сөзде үлкен мән жатыр. Соны ер баланың бойында ерте жастан қалыптастырған дұрыс. 
-Мереке қарсаңында барша аналарға, қыз-келіншектерге қандай тілек айтар едіңіз? 
-Барлық қостанайлық ақ жаулықты әжелерімізді, аналарды, қыз-келіншектерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ең бастысы,  дендеріңіз сау болсын. Отбастарыңызға амандық тілеймін! Біздің қыз-келіншектер жауапкершілік жүгін ерлерден кем көтеріп жүрген жоқ. Сондықтан, әрқашан жігер-күштеріңіз таусылмасын. Еліміз аман болсын!
-Бақыт Аманкелдіқызы, сізді  де мерекеңізбен құттықтаймыз! Қызметіңізге  табыс тілейміз. Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓