Сот жабық түрде өтуде
Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы жағынан ең алпауыт серіктестіктердің бірі «Иволга Холдинг» ЖШС-ін банкрот деп тану жөніндегі азаматтық сот басталды. «Еуразиялық Даму Банкі» АҚ шағымы бойынша өтіп жатқан процесс Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралып жатыр. Оған шағым беруші ұйым мен жауапкер тараптан басқа кредитор банктердің өкілдері де қатысуда.
Бұған дейін облыстық соттың баспасөз қызметінің мәлімдегеніндей, «Еуразиялық банк» АҚ айыпталушы тарап «Иволга Холдинг» ЖШС-не 80 миллион АҚШ доллары көлемінде қарыз берген. Қарыз алушы несиелік шарт бойынша міндеттерін орындамаған (міндетті 1 жылдан астам орындамаған). «Иволга Холдинг» ЖШС уақытша басқарушысы айыптау мерзімін ұзартуды сұрады. Өйткені, қарыз алушыда мүлкі мол, сондықтан қаржы-шаруашылық қызмет бойынша ақпарат жинау үшін уақыт қажет», – делінген хабарламада.
4 ақпан күні басталған сот отырысына тілшілер қауымы да барған болатын. Алайда айыпталушы тарап өкілдері судьяға соттың жабық өтуін талап етті. Айтуларынша, сот отырыс барысында құжаттық-қаржылық құпиялар айтылады. Ал арыз берушілер мен кредиторлар журналистердің қатысқанына қарсы болған жоқ. Алайда судья сот жабық түрде өтсін деген шешім шығарды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ