Мерейтойлық марапат

Биыл Қостанай облыстық радио, теледидар хабарларын тарату дирекциясының құрылғанына 60 жыл. Мерейтой иелерін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қостанай төрінде құттықтады.
1961 жылы 1 мамырда Қостанайда ең алғаш телехабарлар таратыла бастаған. Дирекция содан бері көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінде өңірде хабар тарату жүйесі толығымен цифрлы жүйеге ауыстырылды. Жобаны іске асыру үшін облыс аумағына алпысқа тарта радиотелевизиялық станса салынды. Соның арқасында өңір тұрғындары телеарналарды сапалы форматта көретін болды.Облыс әкімдігінде өткен салтанатты жиында министр Тобыл-Торғай өңірінде цифрландырудың дұрыс бағытта жүріп жатқанын атап өтті. «Қостанай облысы сапалы телехабар тарату жұмысын жақсы жолға қоя білді. Бұл дирекция тарихындағы елеулі жетістік. Ел тәуелсіздігінің мерейтойымен үлкен ұжымның 60 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр екен. Баршаңызды құттықтаймын. Осынша уақытта қаншама табысқа қол жеткіздіңіздер. Сол тарихтың ішінде өздеріңіз барсыздар», – деді Аида Балаева. 
Аталған салада еңбек еткен ардагерлер мен бірқатар жұмысшыларға министрлік және облыс әкімдігі тарапынан құрмет грамоталар табысталды. Табысқа кенелген 23 адамның бірі – Мұрат Молдахметов. Осы салада 35 жыл табан аудармай еңбек еткен азаматтың кеудесіне министр «Еңбек ардагері» төсбелгісін қадады.«1981 жылы қасиетті Торғай даласында, Шұбалаң жерінде алғаш РТС орнатылды. Міне, сол кезден бастап, зейнетке шыққанға дейін цех басшысы болып, аянбай қызмет атқардым. Мекеменің қалай құрылғаны, алғашқы қиындықтары, оның қалай өсіп, дамығаны – менің көз алдымда. Цифрлық жүйеге көшкеніне де куәмін. Қазіргі таңдар жастар жұмысты әр қарай жалғастыруда. Мен оларды қызметте абыроймен атқарады деп сенемін», – деген лебізін білдірді ардагер.
Суреттерді түсірді Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓