Ауылым – ажарым

Ауыл деген – алтын қазына ғой. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, ұрпақтан-ұрпаққа ұластыратындар да – осы ауылдықтар. Олай болса, алтын дәнді ауданымыздың ауылдық округтерінің бірі – Тимирязевтің тыныс-тіршілігін тілге тиек еткенді жөн көрдік.
 
Ауылым – ажарымӨркендеген өңір
Бұл ауылдың жер көлемі – 24 мың га. Мұндағы біріккен 74 ірілі-ұсақ шаруа қожалықтары  мал өсіру, жем-шөп дайындаумен тұрақты айналысады. Ауылшаруашылығында жекеменшік 654 қара мал, 1500 қой, 400 шошқа бар. Кәсіпкерлер жыл бойы  егін егіп, мал шаруашылығымен машықтанса, әр отбасы ірі қара мал, құс ұстап, ешкімнен де кем түспейді.
 
"Ақбұлақ"  бағдарламасымен       су тартылған    алғашқы ауыл
Осыдан екі жыл бұрын Тимирязев ауылында бұрыннан көкейде жүрген ауыз су мәселесі  оң шешімін тапты. "Ақбұлақ" мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылға су тартылып, 12 колонка орналастырылды. Енді ауылдықтар судың бір бәгін бұрынғыдай 51 теңгеге емес, үйдің жанындағы колонкалардан кез-келген уақытта алып, ішеді. Ауыз судың мәселесін шешіп берген мемлекеттік бағдарламаға ауылдықтардың айтар алғыстары шексіз.
 
Өндірістік базалардың өрісі кең
Елбасының Жолдауында "Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанда индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы" – делінген. Округ бойынша халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлік дамып келеді. Мәселен, "Байқоңырат" ЖШС-нің басшысы Қаратай Өтемісовтың қарамағындағы шаруа қожалықтар ауылдың экономикасына қарқынды үлесін қосып отыр. Олардың техникаларының дені жап-жаңа, бүгінгі заманға сай.
"Жұмыспен қамту – 2020" бағдарламасы бойынша 2013 жылы 2 адам, 2014 жылы 6 адам шағын несие алып, өз кәсіптерін дөңгелетуде. Округтегі Бауыржан мен Марат Қоқаевтар биыл ағаш өңдеу және жиһаз цехін ашып, халыққа қызмет көрсетуде. Олар бүгінде бір жерлесін  жұмысқа алды. Болашақта істері өрге домалап жатса, ауылдықтардың біразын жұмыспен қамтымақ ниетте.
Сондай-ақ, ауылда май шығаратын шағын зауыт өз өнімін өндіруде. Бұл итальяндық өндіріс нысаны бұрында да ауылға  өз игілігін көрсеткен-ді. Былтыр қалпына келтіріліп, қайта іске қосылды.
Ауылда халыққа деген барлық қолайлы жағдайлар жасалған.
Атап айтсақ, ФАП, пошта және байланыс торабы, кітапхана бар. Тұрғындарды тұрмысқа қажетті заттармен 7 дүкен қамтып тұр, оның 1-і әлеуметтік. Сондай-ақ, ауылда клубтың жұмысы қызған, барлық бата-тойлар мен мерекелер осы мәдени ошақта өтеді. Ал орталықтағы орта мектеп пен Павлышспасский елді мекеніндегі негізгі мектепте  қоян-қолтық еңбек етіп жатқан ұлағатты ұстаздардан ауыл балалары сапалы білім, саналы тәрбие алуда. 
Соңғы жылдарда ауыл жұртшылығы үлкен игі істердің куәгері болып келеді. Айталық, Жеңістің 65 жылдығына орай Омаровтар әулеті салған "Әлия" паркі, жаңа мешіт ауылды ажарландырды. Қазір Алланның үйінде діни мерекелер, неке қию, ат қою рәсімдері атқарылып, жамағат намазға жығылып жүр. Ал, паркте 1941-45 жылдары со-ғыстан қайтпаған боздақтар және Жеңіспен оралғандардың құрметіне арналған ескерткіштер, су-бұрқағы және ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен Астана пирамидасына ұқсатылып салынған сахна орталыққа сән берген. Жазда болатын барлық мерекелер осынау алаңның көркін қыздырады. Ауылдағы алғашқы  кәсіпкер Ораз Қоқаевтың орнатқан  "Елік" ескерткіші де қарасаң, көз тойдырады. Ал, оның осыдан екі-үш жыл бұрын бой көтерген үйі болса, алыстан "мен мұндалап", өзгелерге үлгі-өнеге болып тұр.
2011 жылы осында өткен аудандық "Тың – 2011" спартакиадасы ауылдықтар үшін зор қуаныш болды. Себебі, сол жылы үнемі қол ұшын созып тұратын кәсіпкерлердің арқасында ауыл стадионы жөнделіп, жаңарып қалды. Сол кезде қалталы азаматтар сатып алып берген шөп шабатын 4 құрылғы әлі күнге дейін ел кәдесіне жарап тұр. Яғни, қоғамдық жұмыскерлер  онымен көшелердің шөптерін отап, ауылды гүлдендіруде.
 
"Әкім бол,  халқыңа жақын бол"
Бүгінде басқалардан бір саты жоғары тұрған, тірлігі мен бірлігі жарасқан Тимирязевтің болашағы зор, себебі бұл жерде өз жерін сүйетін еңбек-қор адамдар баршылық. Солардың бірі – Тимирязев ауылының тұрғыны, ұзақ жылдар бойы халқына адал қызмет етіп, ауыл әкімі қызметін атқарып жүрген Есқожа Әнуарбекұлы Қалиев.
Жерлестерінің құрметіне бөленген әкім ауылдағы болып жатқан халықтың тыныс-тіршілігі, тұрмысы жайлы қатты алаңдайды. Сондықтан да болар, осы бүгінгі күнге дейін Тимирязев ауылында әкім болып, зор жауапкершіліктің жүгін арқалап келеді.
– Жағдайымыз  жылдан-жылға жақсаруда. Аудан әкімінің есебінде тимирязевтіктер күнкөрістің күйбең тірлігі, жеке бастың мұң-мұқтажы туралы мазасызданбауының өзі   ауылда халыққа  деген  барлық қолайлы жағдайлар жасалғанын байқатады. 
Алдымен ойлайтынымыз ауыл, тазалықты қолға алып, жыл сайын үйінділерді, күл-қоқыстарды жинап, көшенің көркін келтіріп, абаттандырамыз. Сосын мұндағы білім ордасы – мектеп жағдайы. Ендігі бір алдағы жоспар, мектебіміз бен клубты күрделі жөндеуден өткізу. Бұл 2015 жылы жоспарда тұр, қазір құжаттарын тапсырып қойдық, енді жауабын күтіп отырмыз – дейді ауыл әкімі Есқожа Қалиев.
Өмірден түйген, білгені мол, тәжірибелі әкім Есқожа Әнуарбекұлы жайында қысқаша баяндар болсақ, ол осы ауылдың азаматы. Мектеп бітірі-сімен, колледжге оқуға түсіп, инженер-механик мамандығын меңгерді. Содан әскерге барып, одан кейін камазда жүргізуші болып, жер-жүзін аралады. 1997 жылы әкім болған соң әлеуметтік-техникалық университетті эколог мамандығы бойынша тәмамдады. Осы уақыттан бастап әкімдік қызметте жемісті еңбек етуде. Туған жерінде түтін түтетіп, шаңырақ көтеріп, үш бала сүйді. Үлкен қызы Динара – Қостанай қаласында ХҚКО-да істейді, екінші баласы Амангелді –  әскери қызметкер, ал кіші қызы Сабина – заңгер. Барлығы да жоғары білімді. 6 немересі бар. Жұбайы – Зайра бұрын есепші болған, қазір үй шаруашылығымен айналысады. 
 
Ауылдың бірлігі мен тірлігі
Бүгінде  осы  Тимирязев  ауылдық  округінде барлығы 952 адам тұрады.  Солардың ішінде "ауылым – ажарым", "көршім – базарым" деген ізгі қағидаға жүгініп,  халқына  адал қызмет етіп, жақсы өзгерістерге ортақтасып, туған жеріне жанашыр болып жүрген жандар да жетерлік. Солардың арқасында ауыл ажарланып, көкжиегі кеңейіп келеді. Шаруа  қожалықтары  ауылдағы  атқарылып жатқан ауқымды істерге үнемі  демеушілік жасайды. Ауылдағы бірде-бір мерекелік шаралар кәсіпкерлердің қолдауынсыз өткен емес.  
Міне, ауылдың бүгінгі тыныс-тірлігі бірқалыпты. Тұрғындардың көңіл күйі де тұрақты. Елден басқа жаққа көшу керуені де тоқталған. Қайта қалаға оқуға кеткен жастар кіндік кескен жерлеріне маман болып оралып, өз үлестерін қосуда.
Жалпы, ауылдықтар Елбасы Н.Назарбаевтың әр Жолдауында айтылған міндеттердің ауылға қатысты тұстарын ауыл ахуалын арттыру мақсатында пайдаланып келеді, пайдалана да бермек.
 Руслан ӘЛКЕЙ.
Сарыкөл ауданы.
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓