Бауырластыкка ұласкан ұлы достык

2012  жылдан  бері  қарай  елімізде  халықаралық деңгейде "Шевченко  оқуларын" ұйымдастыру  қолға алынған  болатын.  Ауқымды  шара  Қазақстан Республикасындағы  Украин  елшілігінің бастамасымен  жүзеге  асып  келеді.  Кең  көлемді     іс-шараның  маңызы  туралы  облысымыздағы  украин  ұлттық-мәдени  орталығының  жетекшісі Анатолий  Тарасенко  айтып  берген  болатын.
 
анатолий тарасенко–"Шевченко оқуларының" мән-маңызына тоқталсаңыз.
–"Шевченко оқулары" екі жыл бұрын қолға алынған. Бүгінде біздің елімізде әдемі дәстүр ретінде қалыптасып үлгерді. "Шевченко оқулары" ғылыми-теориялық конференция Т.Шевченконың өмірі мен шығармашылығының ғылыми зерттелуінен бастап, шевченкотану тәжірибесі, Шевченко және Қазақстан, Шевченко және Украина секілді сан алуан тақырыпты қамтиды. Оның өмір жолы, қайраткерлігі мен шығармашылығына  арналған  көрме  ұйымдастырылады. Аталмыш іс-шара әр жылдары Қазақстан мен Ресейде алма кезек ауысып өтіп отырады.
Тарас  Шевченко  қазақ  же-рінде болып, жергілікті жұртпен тонның ішкі бауындай жақын араласты. Ол небары 47 жыл өмір сүрді. Украина мен Қазақстан мәдениетін жақындастыруға ақынның қосқан үлесі орасан. Шевченконы қос елдің алғашқы елшісі деп атайтыны да сондықтан.
– Тарас Шевченконың Қазақстанға қоныс аудару себебін ашып айтсаңыз?
– Патша үкіметіне қарсы шыққаны үшін, оны алдыменен Орынбор облысының Ор қамалына отырғызған, кейін қазақ даласында айдауда болды. Тарасты жазалау үшін айдала деп қазақ даласына, оның ішінде құла түз деп Маңғыстауға жіберді. Бірақ, жазалаушылар онымен Тарасқа қолайлы жағдай жасап бергенін түсінген жоқ. Тарас жергілікті қонақжай жұртпен туған баласындай болып араласып кетті, достар тапты.
Тарас Шевченконың Маңғыстаудағы Новопетров қамалына (кейіннен Форт-Шевченко) жер аударылғаны тарихтан мәлім. Оның "Киіз үйде отырған қазақтар", "Қазақ баласы от жағып жатыр", "Киіз үйде", "Келі түйіп тұрған қазақ қызы", "Қазақ кызы Катя" суреттері осы кезеңде салынған. Ол 1848 жылы А.И.Бутаковтың басшылығымен Арал  теңізін  зерттеу экспедициясына қатысып, 450-ден астам сурет салған. Оның ішінде, 350-ге жуығында қазақтың табиғаты, әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлері бейнеленген.
 Қысқа ғұмырының он жылын Маңғыстау даласында өткізген Тарас Шевченко алтын уақытын босқа жіберген жоқ. Жергілікті халықпен тіл табысып, бауыр басты, шығармашылығына қанат бітті. Ең бастысы, соңына кейінгі ұрпақ елеп-ескеретін із қалдырып, қазақ халқының жүрегінен орын ала білді. Қазақ даласына ерекше ғашық қылқалам шебері Маңғыстау, Арал өңірлерінде өткізген ғұмырында бірқатар қайталанбас дүниелерді өмірге әкелді.
Тарас Шевченконың тағдыры мен шығармашылығы үш елді – Украина, Ресей және Қазақстанды байланыстырды. Қазақстанда оның есімімен қала, елді мекендер мен көше аттары бар. 
– Қазақстандағы украиндар туралы бірер сөз.
– Қазақстанды мекен еткен украиндар елімізде бір ғасырға жуық уақыт бойы ұрпақ тәрбие-леп, қазақтарға дос, бауыр, туыс болып  кетті.  Қазақтар мен украиндар арасындағы ұлы достық бауырластыққа бастағандай.
Украиндардың қазақ жеріне қоныс аудару себебі мен көшіп келгендердің саны әр кезеңде әртүрлі болды. Мәселен, 1953-1954 жылдары Украинаның бір топ қыз-жігіттері Қазақстанға тың көтеруге келген болатын.
Қостанай облысында украиндардың саны бұрындары жүз елу мыңнан асып жығылатын. Содан жүз мыңнан астамы қалды. Осындай көрсеткішке қарамастан, Киевтегі көші-қон жөніндегі мекеме украин диаспорасын әлемдегі ең үлкен шетелдік отандастар бірлестігі деп есептейді. 
Қазақстанға жаппай қоныс аударған украин шаруалары жергілікті халықпен етене араласып, өңірде аграрлық өнеркәсіп-тің дамуына жол ашты. Әртүрлі себептермен тарихи отанынан жырақтап кеткен украиндар бүгінде егемен еліміздің толыққанды мүшесіне айналып отыр.
Елбасы Н.Назарбаев 90 жылдардың басында-ақ бейбітшілік пен келісімді нығайтып, Қазақстан халқының тұғырын нығайтуға мықтап кіріскен болатын. Бүгінде Ұлт Көшбасшысының саясаты өз жемісін беруде.  Түріміз, тіліміз, дініміз әралуан болса да біздің ұстанған бағытымыз бір. Ол – тәуелсіз Қазақстанның көркеюіне өз үлесімізді қосу.
 
Қымбат  ДОСЖАНОВА

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓