«БІРЛІК» – береке бастауы

Тоқсаныншы жылдары бұрынғы кеңшарлар жаппай таратылып, қоғам мүлкінің жағалай талан-таражға түскені қазір ешкімге таңсық емес. Туабітті ауылдың ауасын жұтып, суын ішкенмен уақыттың ырқына көнбей, қиындыққа тәуекел ете алмаған кейбіреулер туған жерлерін тастап, үдере көше бастады. Алайда, сол кездің өзінде ескі жұрттың ертеңіне үмітпен қарап, қонған жерінен қия баспаған азаматтардың арқасында бүтіндей ауылдардың  "мұрты бұзылмай" сақталып қалды.Сондай берекелі ауылдардың бірі – Арқалықтың іргесіндегі Фурманов елдімекені.
IMG_3589
Атамекенге аңсары ауған азамат
Кезінде мыңғырған мал жайып, бітік егін өсірген "Фурманов" кеңшары да кешегі тоқырау жылдарының теперішін көрді. Кеңес үкіметі тұсында бұл шаруашылық БЛКЖО-ның 60 жылдығы атындағы кеңшар болатын. Кейін орыс революционерінің атын иеленді.Кеңшар тұрғындарының да 75-80 пайызы  өзге ұлттың өкілдері еді. Тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңде іргелі шаруашылықтың келешегіне күмәнмен қарағандар жайлы қоныс іздеп, жан-жаққа көшті. Тың игеру жылдары лек-легімен келген орыс, неміс, украиндар өзге өңірлерге иә болмаса өздерінің тарихи отандарына қарай жүгін арт-ты. Бірақ, шаруашылығы әбден шатқаяқтап, тірлігінен әбден береке кеткен ауылдың көрер қызығы алда екен. Олай дейтініміз, 1996 жылы байырғы атамекенін қайта түлетуге  Қазбек Мұқашев келді.
– Бұл маң ертеде  біздің аталарымыздың жері болған екен. Өзім басқа жақта туып-өссем де осылай қарай бүйрегім бұрды да тұрды. Сондықтан, көп ойласқаным жоқ, буынып-түйініп, бір-ақ күнде Фурмановқа көшіп келдім, – дейді Қазбек Қанапияұлы бізбен әңгімелескенде.
Қазбектің өзі Қима ауданының тумасы. Бұл аудан бұрынғы Торғай облысының бір бөлшегі болғанмен қазір Ақмола облысына қарайды.Міне, сол Қимадан қоныс аударғанына биыл аттай 18 жыл болыпты. Қазбек баяғы атамекенінде мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайып,ұрпақтар сабақтастығын одан әрі жалғай түсті.
– Кез келген жан ауылдың тағдырына бейтарап қарай алмайды. Мен өзім солай деп есептеймін. Ажары тая бастаған Фурманов ауылына келгендегі кескінін қазір көзге елестетудің өзі ауыр. Жағалай есік-терезесі үңірейген ғимараттар, жермен-жексен болған үйлер елді мекеннің еңсесін басып, көрген жанның жүрегіне ауыр салмақ түсірер еді. Ауылдағы жалғыз мәдени ошақ-клуб үйі де солардың кебін киюге шақ тұр екен. Оны бәзбіреулермен "соғысып жүріп" зорға сақтап қалдық, – дейді Қазекең ауылдың осыдан жиырма шақты жыл бұрынғы көрінісін көзге елестетіп.
 
"Ауылын көріп, азаматын таны"
 
Енді, міне, ауылдың бүгінгі келбетін көріп, оның өткені туралы асылық айту әсте мүмкін еместей. Тоқыраудың тоқпағы Фурманов ауылына тіпті тимегендей күйге бөленесің. Өзгені қайдам, өзіміз сондай бір кетеуі кетпеген кенттегі мамыражай тірлік кешкен ағайынның жайлы тұрмысын көріп, осындай пікірге тоқтадық.
Күні бүгін Фурманов ауылында 300-дей отбасы түтін түтетіп отыр. Бұл елді мекенде шамамен 1500-ден астам тұрғын бар деген сөз. Ауылдағы азғантай үйлі қазақтың саны қазір жүздеп саналады. Пайыз-ға шаққанда мұндағы қандастарымыз 70-75 %-ке  ие.
Ауыл тұрғындарының барлық әлеуметтік мәселелері толық шешілген. Яғни, "ішкені алдында, ішпегені артында" дейтін сөз дәл осы ауылдың тұрғындарына қаратып айтылғандай. Ауыз су проблемасы бұл ауылға жат. 2007 жылы Фурманов  орта мектебіне облыстық қазынадан қо-мақты қаржы бөлініп, білім ошағы ине-жіптен жаңа шыққандай етіп күрделі жөнделген. Сол тұста облыс әкімі осы мектепке аялдап, құрылыс жұмыстарының сәулетті әрі сапалы атқарылуына аса мән берген. Одан бері қаншама су ақты, білім ошағының бір кірпіші мүжілмеген, келісті келбеті анадайдан менмұндалайды. Мектептен жүз қадамдай жерде екі қабатты "Жастар" мәдениет үйі орналасқан. Ол да заман талабына сай жөнделіпті. Ауыл жас-тарының жұмыстан қол боста көңіл көтеретін орны осы. Ішінде барлық жағдай жасалған. "Жастардың" тізгіні Қанат Жаңабергеновтың қолында. Қақаңды да көптен бері танимын. Тұсында бұл кісі бірер жыл "Торғай" кеңшарындағы Қарғалы  бөлім-шесін басқарғаны бар. Ұйымдастырушылық қабілеті зор, өзі де талай мәдени-көпшілік шаралардың маңайынан табылатын жан. Ал Фурманов орта мектебіне бір жылдан бері Ақмарал Шалдыбаева жетекшілік етеді. Жас та болса киелі шаңыраққа бас болған Ақмарал қарындасымыз АрПИ-дің түлегі. Білім беру саласында 12 жылдан бері жемісті қызмет атқарып келеді.
Айтпақшы, Фурманов орта мектебінде 300 бала білім алады. Мұның сыртында 60-тан астам бөбек ауыл балабақшасына барып жүр. Солардың барлығына ыстық тамақ беруді шаруашылық басшысы Қазбек Мұқашев өз мойнына алған. Ол жетекшілік ететін "Бірлік" ЖШС-і ауылдағы барлық әлеуметтік нысандарды қайта қалпына келтіріп қана қоймай, олардың уақыт талабына сай жұмыс істеуі үшін қаржы аяған емес.Тіпті бұл ауылдың өз мешіті бар. Сәулетті, Зәулім. Ислам дінінің бар қағидаттарына сай жабдықталған.
 
Еңбек еткен ғана ішіп-жейді
 
IMG_3526"Бірлік" серіктестігі 350-ге тарта қазақтың ақ бас сиырын өз төлінен көбейтіп отыр. Мұның сыртында шаруашылықта 650 жабы тұқымды жылқы, 620 еділбай қойы өсіріледі. Осыдан алт-жеті жыл бұрын Қазбек Қанапияұлы бұрынғы "Целинный" кеңшарын да өз қарамағына алған. Анығын айтқанда, ісі маңди қоймаған шаруашылықты "Иволга" холдингтік компаниясынан сатып алды. Шүкір, қазір Қазбек тізгінін ұстаған екі елді мекен де еңсе тіктеді. Еңсе тіктегені сол емес пе, қос шаруашылықта 500-дей адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Көктемге салым егінін салады, ала жаздай оны түрлі зиянкестерден қорғап, күздікүні бір түйір дәннің шашауын шығармай орып алады. Серіктестіктегі төрт түліктің жыл он екі ай бойғы күтімі де еңбексүйгіш ауыл азаматтарының еншісінде. Қарапайым еңбек адамы үшін ең бастысы маңдай тердің адал өтемі-жалақысы тұтас отбасын асырауға жеткілікті болса, жұрт одан өзгені өзі де сұрамайды. Өйткені, ауыл тұрғындарының көбі мал өсіреді. Оның қыстайғы жем-шөбі, отын-суына  шаруашылық қарайласады. Сосын да шығар, бұл ауылдан ешкім еш-қайда көшкен емес. Көшкілері де жоқ. Қай-та шалғай өңірлерден Фурманов ауылына қоныстанып жатқандар бар екен.
"Бірлік" ЖШС Целинныйда 26 мың гектарға, Фурмановта 19 мың гектар алқапқа егін егеді. Оның көбіне бидай, арпа, сұлы себіледі. Қазбек Қанапияұлы да өзге диқандар сияқты жерді әртараптандыруға мықтап ден қойып жүр. Оны майлы дақылдар алқабының көбейгенінен байқауға болады.
– Біздің жеріміз онша құнарлы емес. Балл-бонитеті төмен. Соған қарамастан соңғы технологияларды қолдану арқылы гектар берекелілігін арттырып отырмыз, – дейді серіктестік директоры, – Өткен жылы барлық алқаптан 28 мың тонна сапалы астық жинап алдық. Өнім гектарына 12 центнерден айналды. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бидай бітік шыққан жылдары да еш қиналған емеспіз. Шаруашылықтың өз элеваторы бар. Оған 35 мың тонна астық сияды.
Қазбек Қанапияұлы сөз арасында №3 егіс бригадасының бигадирі Сәбит Жабағин, комбайыншы Николай Флешгауэр тәрізді еңбек озаттарының көпшілікке үлгі етіп айтып отырды. "Адамның еңбегі әркез ақталуы тиіс. Егер шаруашылықтың тасын өрге домалатамын деген жан болса, ең бірінші еңбек адамына лайықты жағдай жасауы керек. Сонда ғана ісің ілгерілейді". Қазбектің айтқан бұл уәжімен еріксіз келісесің.
 
 
IMG_3642Мамандығы – мақтанышы
Қазбек Целиноград ауыл шаруашылығы институтының түлегі. Жоғары оқу орынын  бітірісімен  арнайы жолдама арқылы Арқалық ауданындағы "Ковыльный" кеңшарында инженерлік қызметке орналасты. Кейін аудандық ауыл шаруашылық бөлімінде бас инженер болып аттай он жыл еңбек етті. 1996 жылы оның "Фурмановқа" келіп, шаруашылық ашқанын жоғарыда айттық. Техника тіліне жетік маман өзі жетекшілік ететін серіктестіктің техника паркін жаңалап отыруды да әсте ұмытқан емес. Шаруашылықтың машина-трактор шеберханасында  егін оруға қолайлы "Класс" маркалы үш комбайн тұр. Лизингке биыл тағы он шақтысын сатып алмақшы. К-744 тракторының сегіз данасы, бірнеше сеялка, сегіз "КАМАЗ" жүк көлігі сап түзеген. "Техника ескі болса, іс өнбейді. Сол үшін әр маусым сайын техника паркін жаңалап отыру әдетімізге айналған", – дейді "Бірліктің" басшысы Қазбек Қанапияұлы.
Қазбек шаруақор азамат қана емес, үлгілі отағасы. Жұбайы Қарлығаш екеуі Әсия есімді қыз тәрбиелеп өсірді. Қарлығаш  бір жағы шаруашылықтың есеп-қисабын жүргізеді. Мамандығы – бухгалтер. Серіктестіктің қаржысы орын-орнымен жұмсалып, елдің кәдесіне асуына осы Қарлығаш жауапты. Қысқасы, ерлі-зайыптылар туған ел тұғырының биіктеуіне зор үлестерін қосып келеді. Жерлестерінің:  "Біз Қазбек Қанапияұлын мақтаныш етеміз", – деуі сондықтан. Бұдан артық не айтарсың?!

 

 
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерде: "Бірлік" ЖШС директоры Қазбек Мұқашев, Фурманов ауылының Мәдениет үйі, "Тәубә" мешіті.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓