Сәбилік көңілмен арнаймын сөзімді…
Жітіқара қаласындағы Естай Есжанов атындағы №9 орта мектептің 2-сынып оқушыларының «Ананың қадірі» атты лебіздерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Ананың алғысымен…
Қазақта бір мақал бар: «Күннің шуағы жылы, ананың құшағы жылы»-деген, менің де анамның құшағы жылы. Ата-анамның көңілі түспесін деп сабағымды үздік оқимын. Менің ұстазым Іңкәр Бақытбекқызы бізге отбасының қадірі туралы әңгімеп, бейнероликтер көрсетеді. Ұстазым, анаңды қуанту үшін «Сіз үнемі бестік баға алуыңыз керек» деген. Мен анамды қуанту үшін күнде-күнде бестік баға алып, үйге анамның қуанған жүзін көруге асығып келемін. Анам менің күнделігімді ашып, риза болады. Анам құшақтағанда анамның құшағының жылы, ыстық екенін сезінемін. Мен анамның мақтанышымын. Ол мені жақсы көріп, мақтан етеді. Ана-бізді дүниеге әкелді, ол біздің қамқор жанашырымыз. Анамызды қадірлеуіміз керек, алақанымызда ұстап оған құрмет көрсетуіміз керек. Анама деген алғысым шексіз. Анамның алғысымен келешекте көптеген жетістіктерге жететініме сенімдімін.
Берікбол Жақсылықов
Ананың жылуы
Ана бізді өмірге алып келген. Ананың аялы алақаны, мандайымнан сыйпағаны жүрегімізде сақталуда. Ана бесік тербетіп, түн ұйқысын төрт бөліп, өсірді. Біз ауырсақ қосылып жылайтын қадірлі анамызға алғысымыз шексіз. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер»-дегендей, мен де анама қарап өсіп келемін. Анамның мен үшін еңбек етіп, мені жақсы көріп, қалағанымды алып беретінін білемін. Анашымның әрқашан күліп жүргенін қалаймын. Анашым-менің жылуым.
Айсұлу Тоққожа
Арманға жетелеген…
Менің анам-алтын адам. Алтын ешқашан жаман болмайды ғой, сол сияқты аналар да жаман болмайды, бізге ұрысса да жақсы болғанын қалайтын адам. Анам өмірдегі ең қымбат жан. Анамның үнемі қуанып жүргенін қалаймын Анам қуанып жүрсін деп мен оған көмектесемін. Ия әрине мен көп шаруа істей алмаймын бірақ көмектесуге тырысамын. Анам жие ауырып қалады сондықтан мен өскенде дәрігер болғым келеді. Анам әрқашан менің қасымда болғанын қалаймын сондықтанда анамды емдейтін ақ халатты абзал жан дәрігер болғым келеді.
Томирис Бикишева
Анама рахмет
Анам жұмыстан келгенде мені құшақтап, бетімнен сүйгенде ерекше бір мейірімділікті сеземін. Қазір екінші сыныпта оқимын. Жақында сабақта Іңкәр апайымыз ақын Фариза Оңғарсынованың «Жылу» деген өлеңін жаттатқызды. Өлең сондай әдемі. Асқар таудай әкеміз бізге қорған болса, анамыз бізге жылу береді.Мені осы өмірге әкелгеніне анама көп рахмет.
Бекзат Омаров