Әке жолын қуған өнерпаз

Абзал Алпыс есімі Тобыл-Торғай халқына ғана емес, күллі елімізге таныс. Әкесі Нағашыбайдан дарыған жыршылық өнері Абзалды талай-талай белеске шығарды. Әке жолын қуған өнерпаз таяуда Тараз шаһарынан бәйгемен оралды.  Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Тыңда, дала, Жамбылды» атты республикалық жыршы-термешілер сайысында Аяз Бетбаев атындағы жүлдені жеңіп алды. Алыстан ат арытып жеткен өнерпаз редакцияға келіп, жақсы жаңалығымен бөлісті.IMG_0483– Бұл өзі қызық болды,– деп сөз бастады жыршы. – Бала кезімнен теледидардан көріп, біліп, естіп жүрген Аяз ағамның жүлдесін алам деп тіпті, ойламадым. Сахнада өз атындағы жүлдені тапсырып тұрғанда қуаныштан іштегі толқынысымды жасыра алмай: «Аға, ес білгелі өзіңізді үлгі тұттым. Бір көрсем деген арман болды. Міне, сол бүгін орындалды» дегенде ол кісі риза болып, батасын берді.
Осы жерде сәл кідіріс жасап, Абзалдың әкесі Нағашыбай туралы да айта кетейік. Ол  кісі атадан балаға мирас боп келе жатқан қазақтың төл өнері – жыршылықты қуған нағыз хас талант. Өзіне дейінгі талай өнер майталмандарынан бағасын алған жан. Ұзақ-сонар жыр жырлап, төл өнерді дамытып, насихаттап жүрген жанашыр өнерпаз. Нағашыбай Алпысов жырлаған бірнеше жырлар Қазақ радиосының Алтын қорына енген. Қазір Абзал осы өнерді әкесінен үйреніп, тәлім алып жүр. Жеткен жетістіктері де көп. Бүгінгі алған жүлдесі соның бір парасы.IMG_2086
Абзал Алпыспен біраз әңгімелесе отырып, жыршылық өнердің өңірде дамуы туралы да айттық.
– Бұл өнер біздің өңірде тоқырап тұр. Біріншіден, қолдау жоқ. Мәдениет басшылығы атүсті қарайды. Керек десеңіз, осы жарысқа қаржы да тауып бере алмады. Сайран Бұқанов, Мираш Жұмашев сияқты өнерге, әсіресе, ұлттық өнерге жанашыр жомарт азаматтардың арқасында барып келдім. Сол кісілерге алғысым шексіз. Отыз үш үміткер бақ сынаған жарыстың оңай соқпасы белгілі ғой. Әйтеуір бағым жанды, үмітім алдамады. Ол жақтағылар: «Қойшы, жыршылық өнер Қостанайда да бар ма? Мүмкін емес»,- деп әбден аң-таң болды. Олар қайдан білсін, бізді орыстанып кеткен деп жүр екен,– деп Абзал бүгінгі жыршылық өнердің өңірде қолдау таппай отырғандығын сынап жеткізді.
Әрине, біз де бұл пікірге пұшайман болдық. Бірақ, Абзалдай талантты өнерпаз барда жыршылық өнер өңірде өлмейтіндігін түсіндік.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓