Қостанай қоржынында – төрт жүлде
Бүгін Бурабай курорт аймағында "Рухани қазына – 2021" мәдениет саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің IV республикалық байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Биыл Қостанай облысының қоржыны беделді байқаудың төрт жүлдесімен толығып отыр. Атап айтқанда, "Үздік облыстық маңыздағы мемлекеттік музей" аталымы бойынша Ыбырай Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейі жеңімпаз атанды. Марапат музей директоры Марғұлан Оспановқа табыс етілді. "Үздік облыстық маңыздағы мәдени-демалыс кешенінің қызметкері" номинациясында облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының көркемдік жетекшісі және "Шаңырақ" ұлттық өнер орталығының жетекшісі Айгерім Кушкимбаева топ жарды. Сондай-ақ, "Үздік облыстық маңыздағы мемлекеттік кітапхана" аталымының жүлдесі Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға бұйырды. Министрлік жүлдесі кітапхана директоры Дариха Дүйсебаева алды.Мұнымен қоса, Бердібек Соқбақбаев атындағы арнайы жүлде –балалар мен жаөспірімдерге арналған кітаптардың авторы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, "Шабыт" халықаралық фестивалінің Гран-При иегері, "QOSTANAI" телеарнасы директорының орынбасары Абылай Маудановтың еншісінде. Жеңімпаз жерлестерімізді құттықтаймыз!
Айта кетейік, биыл байқауға елдің 15 өңірінен 300-ден астам өтінім келіп түскен. Үздік ұйымдарға 1 млн теңгеден жүлде бұйырды, жеңімпаз қызметкерлердің әрқайсысына 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық сертификаты табыс етілді. Ал арнайы жүлде қоры – 300 мың теңге.