Сынықшы

– Ойбай!– деп айқай салды жүресінен отырған қалпы.
Бар салмағымен құлағанда беломыртқа тұсы сырт ете қалғанын анық сезді.
– Өй, пәтшағар-ай!.. Қайттім енді?..– деді көзден жасы парлап.
Шәмшиддин қиналғанынан сәл бөгеліп, бір жағынан ашу қысқаннан ба тістеніп қалды. Тынысы жиілеп кетті. «Мынау терең сайды қалай көрмедім, ә?» деп  ойланып та қояды. Әуп деп тұрайын деді сынған белі мен жамбасы  жанын одан сайын жей түсті. Ауруы шыдатар емес. Кәдімгідей жасып қалғандай-ақ.  Дереу туыстары қалалық ауруханаға жеткізді. Мұнда дәрігерлер не істерін білмей әлек болды. Сөйтіп, бір ай уақытты құр жіберді-ау. «Құдай-ай, кемтар боп қалдым-ау?! Әлі де көрерім бар еді ғой» деп мүжіле бастады. Бір сәтте жездесі Дидар есіне сап етіп түсе кетті. «Қой, құрсын! Мынау оқыған-тоқығандардан түк шықпас. Бүйтіп жата бергенше тәуекелге барайын. Оқымаса да жездемді шақыртайын» деді ішінен өзіне-өзі.
Ол кезде Дидар жездесі енді-енді ғана сынық салып жүрген. Сынық болғанда, жәй әшейін қолдың, тобықтың шыбықтары тайғандары. Ал, бұл өсекті ауылдан келгендерден құлағы шалған.IMG_3366
Шәмшиддин ауруханадан шыққан күні кешкісін үйіне жездесі ауданнан шарқ ұрып жетті.
– Әу, балдызжан-ау, сенің бұл халіңді білген соң мынау бажама айтуы айттым-ақ. Бірақ ол дәрігерлердің алдынан өтіп алсын деді.
– Ренжімеші, жездеке! Сізге сенбегенім рас, жасырып неғылайын. Дәрігердің аты дәрігер ғой дейміз ғой баяғы…
– Иә, сонымен…
– Сонымен не дерің бар ма?!  Қайыр болмады. Сынған бел омыртқам мен жамбасымды салып бергеннен әрі аса алмады. Міне, екінші айға кетті әлі аяқ басар емеспін,– деп үнсіз қалды да Шәмшиддин сөзін қайта жалғады
– Шамасы солар дұрыс салмады-ау деймін. Әйтпесе, баяғыда-ақ шауып кетпеймін бе?– деп жыламсырады Шәмшиддин.
– Қазір, қарап көрейін,– деп Дидар білегін сыбанып жіберді де, – Бісміллә! Иа, жаратушы ием, бұл менің қолым емес, атам Жұбаныштың қолы,– деп Шамшиддиннің сынған белін қойдың майымен сипалады. Ішінен бірдемелеп күбірлеп қояды. Шәмшиддин қипалақтап, жездесінің қолы батса да дауыс шығармай, демін ішіне әлсін-әлсін тартумен әлек.
– Әп, таптым-ау,– деп жездесі айқайлап жіберді. – Қарашы, бөлшек-бөлшегі шыққанын. Дәл қиын жерде тұрғанын-ай. Әбден қатып-ақ қапты. Қазір жібітейін.  
Екі күннен соң Шамшиддин аяғын қозғалтып, бір аптадан кейін өзі орнынан тұрып, тәлтіректеп жүре бастады. Бұл Дидар Шүленбайұлының салған алғашқы күрделі сынығы еді. Бұдан кейін қаншама сырқат жандар Дәкеңнің – Дидардың алдынан өтті десейші. Шүленбайдың кіндігінен жаралған он баланың  жетіншісі Дидарға ғана дарыпты сынықшылық қасиет. Оның да тарихы бар. Ауылда қыс мезгілінде барлығы соғым сойып, бір-бірін шақырған бір отырыста ауыл ақсақалдары Шүленбайға атасы Жұбаныштың кім болғандығын, кейбір көз көргендері оның сынық салатын тәңірі берген қасиетін аңыз ғып әңгімелейтін.
– Әй, Шүленбай-ау, қара томпағыңа күні ертең Жұбаныштың қасиеті қонса таң қалма.  Мынау Сарықопа, Құмшықты мекен еткендердің Жүкеңді бәрі біледі. Қолынан әл кетіп жатқанда ол бір нәрсені сезгендей көрші-көлемді шақырып алып:
 «Иа, ардақтарым, талайыңа тілім тисе, кешіріңдер. Пайдам тисе, ұрпағыма шапағаты болсын,– деп бізге бір қарап алды да көзін киіз үйдің түндігіне салды. – Қаусаған қара шал боп, әл-дәрменім азайды. Ажал құрығын қайта-қайта лақтырумен келеді. Түнеукүні мына босағадан бір қарап, миығынан күліп кетті. Бойымда Алла тағаланың берген қасиеті барын білесіңдер. Сол қасиет мынау жүгірмек Шүленбайдың жетінші баласына екінші мүшелінде қонады. Айтқаным айтқан. Соны ұмытпассыңдар»,– деді әрі қарай сөйлеуге шамасы жетпей. Сол түні көрші шалдар жеңілдік айтып, Жүкеңді ақтық сапарға шығарып салды. Сол әңгімені білетін шығарсың, ә?– деп ақсақалдар Шүленбайға қарады.
– Әрине… Әрине, білемін ғой. Әкем де айтып отыратын. Қайтейін, бәріне уақыт төреші ғой. Дидарыма қонса бұл қасиет соры емес, бағы болсын деп құдайдан жатсақ та, тұрсақ та кемпірім екеуміз тілеп келеміз. Міне, бірінші мүшелден де асты. Әйтеуір, құлдыраңдап жүр ғой ,– деді өзі сөзге сараң Шүленбай бұл жолы кәдімгі ашылғандай болып.
…Сол күні ғой балдызы Шәмшиддиннің бел омыртқасын салған түні екінші мүшелге толғаны. Негізі, Дидарды қасиет екінші мүшелге жеткенде қыса бастады. Басының сақинасы тартып ауырып, мең-зең күйді кешетін жайттар жиілеп кетті. Кейде асқазаны бүріп ауыратынды шығарды. Әбден әбігерге түсті. Дәрігерге қаралып еді: «Ой, түк те жоқ, бәрі жақсы. Ондай-мұндай ханның қызында да болып тұрады»,– деп шығарып салды. Салы суға кетіп, діңкесі құрып үйге қалай жеткені есінде жоқ. Ертесіне анасынан ауруханадан қалай келгенін сұрады. Анасы оның үйге келісімен әкесінің шаруашылығына көмектескенін, сосын кешкі тамаққа қарамай шаршап ұйықтап қалғанын айтты.
Дидар аң-таң. Бірі де есінде жоқ. Бұл қалай сонда?.. Өзін не айналдырып жүргенін білмей дал. Бір күні оған түсінде ақ шапаны бар, белуардан түскен сақалы бар шал келіп: «Балам, тұр кәні. Қолыңды жай»,– дейді аса таяғымен түртіп. Көзін әрең ашқан ол әуелі шошып кетеді. Ішінен: «Бісміллә! Бісміллә!»,– деп қос қолымен қос жанарын жауып қайта ашса да шал кетер емес.
– Қорықпа, балам! Мен саған жамандық тілемеймін. Арғы атаң Жұбаныштың қасиеті саған қонбақ. Батамды берейін деп келдім саған.
– Сіз кімсіз?!– дейді қорыққанын қалш-қалш еткен Дидар.
– Қазір саған айтсам да түсінбейсің. Қажеті жоқ. Кезінде үшінші атаң Жұбанышқа да келгенмін. Ол да сен сияқты қорқып қалған. Жарық дүние есігін ашқанда маңдайыңа жазылған бұл қасиеттен енді қашып құтыла алмайсың. Сондықтан да жай қолыңды, әр айтқан сөзімді жадыңа тоқы.
Бойы бірте-бірте үйреніскен Дидар қолын жайғаны сол еді, әлгі ақсақал күңірентіп тұрып, үйді жаңғырта бата берді. Әкесі мен анасы оянып кетпей ме деп кейде есік жаққа алаңдайды. Бір сәтте ақсақал:
– Балам, абыржыма, олар естімейді. Сен батаны селсоқ тыңдадың-ау. Бір қасиетің кеш қонатын болды. Қап, әттеген-ай!,– деп өкінді қария.
– Ол не қасиет? Түсіндіріп беріңізші.
– Алдымен сынықшылық қасиет дариды. Уақыт өткеннен соң пенденің тамырын ұстайтын боласың. Тамырын ұстау арқылы тағы бір қосымша қасиетің ашылады, яғни, адам жанын емдейсің,– деді де қария оған тағы қол жаюын сұрады. Дидар қолын көтеріп, ақсақал аса таяғымен оның екі иығынан нұқып, зарлы үнмен құран оқыды.
– Болды, балам. Шаруа осымен бітті. Екі иығыңа құдайдың құдіретімен күш салынды. Құран-кәрімді жаттап ал. Мағынасын біл. Бір аптадан соң алдыңа пенде келеді. Жәрдеміңді бер,– деп ақсақал екі аяғын да таяғымен нұқып қалды да «Аяғыңнан ешкім шалмасын! Ал, енді ұйқыңнан оян!»
Дидар шырт ұйқысынан оянып кетсе, түсі екен. Таң бозарып қапты. Жатын бөлмесінің есігі сол заматта ақырын баяғы әніне салып шиқылдап ашыла кетті. «Бісміллә! Бісміллә!» бұнысы несі тағы деп тұлабойы қорыққанынан тітіркене түсті. Шынында да әлгі ақсақалдың келгені өңі ме, түсі ме айыра алмай тұр. «Бүгін жұма екен ғой, анама құдайы нан пісіртейін»– деді ішінен күбірлеп.
Сол оқиғадан кейін расында да Дидарға тура бір аптадан кейін ауылдасы келіп қол шыбығы тайып кеткендігін, ауруханадағылар дұрыс салмағанын айтып, тіпті, ондағыларды бір  сыбап алды. Бір мезетте Дидардың бойын бір сезім билеп, әлгінің қасына ертіп апарды. Әлі түсіне алар емес өзін-өзі.
– Әй, тұра тұр. Көрсетші, қолыңды,– деді енді кеткелі жатқан ауылдасына. – Қане, бер қолыңды. Расында да шынтағың қисайып қапты. Орнына түспей тұр ғой.  Жүр, сыртта тұрғанша, үйге барайық. Бір қарап жіберейін.
Ауылдасы бұған аңтарылып қалды. Енді қайтсін?!
– Әй, қара томпақ, тұра тұр. Қисық болса оны да көрейін. Кімнің қолы қисық емес дейсің?! Өзіңнің бұдан хабарың бар ма?– деді сенімсіз үнмен.
– Бар шығар?.. Әй, бар шығар деппін ғой. Өзің білесің Жұбаныш атам сынықшы болғанын. Бір байқап көрейін.
– Атаңның сынықшы болғанын білеміз ғой. Бірақ сен… Сені айтам… Өзі бір түрлі екен… Қисық қолымды одан сайын қисайтып жібермейсің бе? Артық қылам деп тыртық қылып жүрме, қара томпақ-ау?
– Өй, сен де… Қорқасың ба? Ендеше, жүр сол қисық қолыңмен.,– деді Дидар соңынан не жүрерін, не жүрмесін білмей тұрған ауылдасына зекіп.
– Жә, қойшы, не болса да аруағыңды бір көрейін, қара томпақ. Ердім соңыңнан.
Үйге кірісімен құйрық май іздеп таба алмаған соң сары маймен уқалап отырып ауылдасының шыққан білегін салып берді. Ертесіне риза болғаны соншалық ауылдасы бір марқасын жетектеп:
– Аруағыңнан айналайын, қара томпақ , алғысым мынау марқа! Босағаңа байладым. Аруаққа атағаным осы ақсарбас!– деді.
Үй алдындағы сәкіде шай ішіп отырған Шүленбай мен кемпірі бір-біріне қарап қалды.
– Мынау қара томпағыңа қасиет қоныпты, Шүке! Кеше қолымның сынығын орнына салды,– деп ауылдасы барлық оқиғаны бастырмалатып айтып берді. Сол кезде Шүленбайға атасы Жұбаныштың айтқан сөзі есіне түсті. Жалт бұрылып кемпіріне қараса, жаулығының ұшымен көзінен іркіліп кеткен жасты сүртіп отыр. «Иә, жаратушы ием, өзің жар бола гөр! Осы қара томпағыма елдің алғысын алуға жаза гөр! Жұбаныш атамның қасиеті қонған екен. Сөзі дөл келіпті» деп ішінен шүкірлік айтты.
– Әй, кемпір-ау, көрмейсің бе? Ертең көрші-көлемді шақырып, аруаққа атаған малын сойып, құран оқытайық,– деді Шүленбай.
…Қазір Торғай-Тобыл өңірі ғана емес, сонау Ресейден де келіп, Дидар Шүленбайұлына қаралып жүрген жандар жетерлік. Дәкеңмен таныстығыма да  біраз жыл болып қалыпты. Қостанайға жолы түсіп келген сайын үнемі хабарласып, жөн-жосық біліп тұрамыз. Түнеукүні шаңырағыма бір соққанда тамыр ұстау қасиеті ашылғанын айтып еді. Сол сәтте маған баяғы түсінде көрген қариясы есіме орала кетті. Селсоқ тыңдаған батасы, тағы басқалары. Мүмкін батаны бар жан-тәнімен ниеттеніп тыңдағанда Дидар ағама тамыр ұстау қасиеті сынық салумен бірге ілесіп келер ме еді?.. Мейлі кеш келсін, келмесін, ең бастысы – елінің, алдына келген сырқат жанның алғысы ғой…
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суретте: аманкелділік сынықшы, тамыр ұстаушы Дидар Шүленбайұлы.
Суретті түсірген Айбек Жүзбай.
 
                                                                                                              

You may also like...

1 Response

  1. Қолқоюсыз айтты:

    87012403296.Дидар мен.87053116683

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓