Шөптібай БАЙДІЛДИН, қолөнер шебері, өлкетанушы: “Кейкінің денесін дұрыс іздеген адам жоқ”

Елімізде Ұлт азаттық көтеріліс батырларын насихаттау, олардың ерлігін халыққа көрсету жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұған дейін қазақ даласында аталмыш қозғалыстың 100 жылдығы атап өтіліп, Кейкінің кесенесі бой көтерген еді. Бүгіндері қолмергеннің ғұмыры жайында деректі фильм мен телехикаялар түсіріліп жатыр. Дала батырының өмірбаянын зерттеп, жұртқа таныстырып жүрген азаматтардың бірі – қолөнер шебері, өлкетанушы Шөптібай Байділдин. Шөптібай ағамызбен Кейкі жайында біраз әңгімелескен едік.IMG_3286
– Жыл басында Кейкі батыр жайында телехикая түсіріледі дегенді естіп, ел қуанған еді. Соған өзіңіз кеңесші болып, жөн сілтедіңіз. Жалпы, фильм туралы айтып берсеңіз.
– Бұған дейін Кейкі батыр туралы деректі фильм түсірілген. Өткен жылдың оныншы қазанында Алматы қаласынан "Қазақфильм" студиясы келді. Режиссері – белгілі жазушы Төлен Әбдіктің ұлы Алмас Әбдік деген азамат. Продюссері – Нұржан деген жігіт. Солармен бес күндей жүріп, Сарыторғай, Қараторғай, Шеңбердің маңайын, Аманкелді мен Жанкелдин аудандарын араладық. Жалпы, қолмергеннің жүріп өткен жерін шарлап қайттық. Аманкелді ауданындағы Қарашатөбе ауылының маңында алаң бар, жан-жағын қамыс қоршаған. Сол жерде Кейкінің өмі-ріне қатысты түсірілім жасады. Қостанайда Кейкінің ағасының Сейтқали деген баласы тұрады. Ескіше киініп, атқа отырып, Кейкі батырдың рөлін сомдады. Деректі фильмді қазан айында түсірген болатын. Күз келісімен біздің жақта құс азаяды, білесің. Бірақ, түсірілім кезінде қос аққу ұшып келіп қонды. Бұл да бір тылсым шы-ғар. Ол деректі фильм жаман түсірілмеді, дегенмен, не себептен екенін білмедім, күні бүгінге дейін эфирге шықпады.
Содан 24 сәуір күні "Қазақстан" РТРК" АҚ басшысы Ерлан Қарин деген азамат хабарласып, Астанаға шақырды. Барсам, қолына менің Кейкі батыр туралы кітабымды ұстап, Мұрат Бидосов деген жігіт отыр, "Тар заманды" түсірген режиссер екен. Берік Әбдіғали бар. Әуелде өздері ақылдаса келе мен жазған кітаптың желісін ұнатып, соған тоқтаған екен. Алдыма бірталай қағаз, суреттер әкеп қойды. Мен бұл саладан хабарым жоқ адам, сөйтсем, фильмдегі рөлдерді сомдайтын актерлердің суреті екен. Қайсы келеді, келмейді деп, менің пікірімді сұрады. 3-4 сағаттай әңгімелестік. Фильм актерлерінің образын, Торғай жұртының киім киісі мен сөз саптауы сияқты мәселелерді айтып бердім. Сценариін жазған Серікжан Зәкірұлы, басты рөлде ойнайтын Дархан Сүлейменов.IMG_3312
– Аға, Кейкі туралы кітап жазып, біраз деректер келтіріп жүрсіз. Соның бәрін қайдан таптыңыз?
– Мен 1963 жылы Аманкелді ауданындағы Үрпек ауылында мектепті тәмамдаған соң "Родник" деген кеңшар ашылып, соған комсомолдық жолдамамен барған едім. Негізі ол жақ әкемнің туған жері, ел болмай тұрған уақытта әкем бір жыл бұрын сол жаққа көшіп барған еді. 30 жыл бұрынғы ашаршылықта көшіп кеткен халық, сол жерге қайта қоныстанды. Кемпір-шалдар жылап, атамекеніне келіп, жерді сүйіп, еркектер жағы "бауырым-айлап"  қосылған болатын. Сондай нәубетті бастан өткерді ғой. Аштықты көрді, репрессияны көрді, соғысты көрді.
Міне, сол кезде 60-65 жастағы кісілердің күнде жиналып алып айтатын әңгімесі – Аманкелді, Әбді-ғаппар, Кейкі, Әліби. Көз көрген, бірге жүрген адамдар ғой бәрі. Кейкі 1923 жылы қайтыс болса, бұлар сол шамадағы жас жігіт-тер. Менің әкем де, әкемнің інісі де Кейкіні көрген. Қариялардың ортасында мен 22 жыл қызмет істедім. Айтқандарының бәрі менің көкейімде қалды. Бала күнімнен оның батыр тұлғасы, сөзбен салған сұлбасы менің жүрегімде қалды. Жалпы, жалғыз  мен емес, біздің елдің қай жеріне барсаң да Кейкіні ерекше құрметтейді. Халықтың оған деген ықыласы алабөтен. Егер ол жауыз, қанқұйлы адам болса, мұндай құрмет болмас еді. Кейкі тек қара халықтың жағында болған. Ол ақпен де, қызылмен де соғысты.
Несін жасырасың, орыстар Кейкіні қарақшы дейді. Неге деген сұрақ туады. 1914-16 жылға дейін дүниежүзілік соғыс болды. Орыстар антантамен соғысқанда олардың солдаттары мен офицерлері майданнан қашып, Қытай асқан. Сонда мына батыстан шығысқа қарай, біздің Торғай, Қабырға бойын жағалап, Жыланшық, одан әрі Ұлытауға қарай өтті. Сол сарбаздарға әуелі не керек? Әрине, атына шөп, өзіне тамақ, жататын жер керек. Жол бойында кезіккен елді мекеннің, яғни, қазақ ауылдарын қырып, жойған. Ерін өлтіріп, әйелін зорлаған ғой. Қолдарында мылтығы, оғы бар. Біздің жалаң қол халық не қарсылық көрсетсін. Жүре алмаған қыз-келіншектер, балаларымен қалып қойған әйелдер қуғыншылар жиіркенсін деп, бет-ауызына күйе жағып алады екен. Бұның бәрін шешем айтып отыратын. Менің шешем 1915 жылғы. Сонда 5-6 айлық бала екен, әке-шешесі тымаққа салып алып қашқан дейді. Міне, осының бәрін көріп, әбден ызаланған Кейкілер "көзі көктің бәрі жау" деп, қарсы тұрған.
Кейкі туралы жазар кезде Жезқазған аумағында он күндей жүрдім. Ақсақалдардың аузынан шыққан әңгімелерді қағазға түсіріп алған едім. Ол жақта да ұлт азаттық көтерілісі туралы зерттеп жүрген кісілер бар екен. Бірақ, біразының ақпараты дұрыс емес. Олардың айтуынша, Кейкіні Торғайда емес, Атбасарда өлтірген. Анау жерленген бас Кейкінікі емес деген сықылды деректер таратып жүр. Дегенмен, дұрыс нұсқасын оларға айттым.
Кезінде Қойшығара Салғаринмен бірталай әңгімелестім. Ол кісі де Кейкі туралы көп біледі. Сонда ағамыз: "Қолыңдағы деректерді заңдастырып ал, әйтпесе, біреулер қарсы шығады", – деп ақыл айтқан еді. Мен солай жасадым. Енді сенімді түрде өз пікірімді айтуға болады. 
Ел аузында Кейкінің басын кесіп алып, Торғайда іліп қойған деген әңгіме бар. Мен бірінші кітабымды жазғанда осыған қарсы пікір келтірдім. Патшаның зеңбірегіне қылышпен қарсы тұрған Торғайдың намысты халқы Кейкінің басын ілгізіп қойып қарап тұра ма? Ал іліп қойды делік. Соны біреулер сипаттап жазғанда ұзын сақалы бар еді депті. Кейкі көсе болған адам. Арқалықта Бекен деген ақсақал болды, тоқсан жасқа келіп қайтты. Сол кісінің әйелі Құлан руынан болатын. Кейкіні аузынан тастамайтын. Айтуынша, мергеннің түрі қап-қара, бет-аузында аздап дақ бар екен. Қарағанда көзі өңменіңнен өтіп кетердей сұсты болған. Аса қарулы болатын деп сипаттайтын.
– Аға, фильмге қайта оралсақ, бұл телехикаядан қандай тың деректер біле аламыз?
– Айтайын, фильм көтерілісті баяндамайды. Тек Кейкінің мергендігі, озбырлыққа қарсы күресі, әділетсіздікке төтеп беруі көрсетіледі. Кейкі арқылы халықтың тағдыры баяндалады. Бір айтып өтері, ұлт азаттық күреске қатысқан адамдардың аты-жөні өзгертілмей берілген. Сосын қазір қатарға қосылмай, аты аталмай жүрген Бірәлінің Сұлтаны деген кісі болған. Атақты Бірәлі байдың баласы. Сол Сұлтанды фильмге енгізген екен. Менің кітабымда: "Бектастың Сұлтанын білеміз бе?" деген мақалам бар еді, соны режиссер оқыпты. Сұлтан байдың баласы, бірақ кедейдің балаларымен бірге Ресейге қара жұмысқа барады. Сол жақта орыстың соғыс өнерін үйреніп келіп, елде әскери комиссиар болады.
Бұдан бөлек Торғай даласындағы байлардың аты аталуы тиіс. Өйткені, олар көтеріліске көп көмек берген. Әйтпесе, не міне-тін аты, не қаруы жоқ қара халық қалай жауға шабады? Мысалы, Оспан қожа бабаларымыз жауға шабатын жастарға оқ тимейтін қылып шірткі жазып берген дейді. Дуылғалы бойындағы мешітте қошқар сойып, ақсақалдар бата берген. Осыдан жүз жыл бұрын сойылған малдың басы әлі күнге дейін тұр. Торғайды шабуылдап алғандағы қошқардың басы, былтыр біз шалған құрбанның басы тұр.
Жалпы Кейкі туралы бұл фильм жаман шығуы тиіс емес. Бұл сериалды Петропавл-да түсірді. Себебі, Алаш арыстарын көрсетеді. Сосын Қордайда, Шымкентте, Отырарда, Сығанақта, Шәуілдірде түсірді. Мен әуелде: "Неге Торғайда түсірмейсіңдер?", – деп таласып едім.  Сөйтсем, бізде XIX-XX ғасырды көрсететін тарихи орындар жоқ, фильмге керекті қолдаулар жоқ. Ал ана жақта арнайы алаң бар екен. Отырарда этноауыл бар деседі. Ал жалпы Торғай даласын бір түсіріп өтеді. Кейкінің үңгірін, Ұлытау аймағын көрсетеді. Сосын Кейкінің киесі, даладағы серігі, қуат көзі ретінде қасқырды алыпты.  IMG_3327
– Біраз экспедиция, археолог Торғай бойын шарлады. Кейкінің денесін іздеді, бірақ таба алмады. Сонымен, батырдың денесі жоқ па деген ой мазалайды…
– Кейкінің сүйегі Жыланшықта жатыр. Бес адам бірге көмілген. Біріншіден, Кейкінің сүйегін дұрыс іздеген адам жоқ. Ұлан деген археолог жігіт келді. Оларды апарып, жатқан жерін көрсеттім. Өзімен бірге бес бала, біздің институттан бес бала қосылды. Қолдарында бір-бір күректен басқа түгі жоқ. Аманкелді ауданының әкімімен кездесіп: – бұларға бір жылжымалы үйшік жасап бер, – дедім. – Өзеннің жағасы еңіс, сол жерге орнатсын.
Тоқ тартып, жедел жәрдем көлігі керек екенін айттым. Жапан далада жылан немесе қара құрт шағып алуы мүмкін ғой.
1964 жылы Әбу Қарағожин деген кісі Кейкі жатқан жерге темір шартақ орнатып, қарияларды жинап, құран оқытқан. "Міне, Кейкінің жерленген жері осы жер", – деп көрсетіп кеткен. Мен жаңағы археологтарға сол жерді қазыңдар деп айттым, шамамен 30-40 см қазды да тоқтады. "Неге қазбайсыңдар?" – деп ем, "аға, ешқандай орын жоқ қазылған, көрініп тұр", – дейді. Әкелген сканерлерінің батареясы жоқ. Яғни, жігіттердің зерттегісі келгені шамалы болды.
Кейін мені сол қазба, іздеу жұмыстарының маңына жолатпай қойды. Соның өзінде екі-үш рет барып, бақылап жүрдім. Кейкінің, оның әйелінің, баласының, інісінің, екі татардың денесі қалды. 1964 жылы орнатылған белгі әлі тұр, қасында 90 жылдары "Родник" кеңшарының азаматтары тұрғызған белгі тағы бар. Әбден тозды. Соны жергілікті билікте отырған жігіттер ескерткіштің еңсесін тіктеп, жөндеп берсе деймін. Оған "Кейкінің, әйелінің, баласының қаны тамған жер" деп өзім-ақ жазып берер едім. Мәңгілік белгі болып қалар еді. Әзірге ешкім үн қатар емес.
Мынау кесенені салды. Құрылыс басталған алғашқы күннен-ақ басы-қасында жүрдім. Біріншіден, тұрған жері тас жолдан төмен. Кезінде айтып едім, бірақ ешкім көңіл бөле қоймады. Екіншіден, іргетасының көлемі үлкен болғанымен, тым аласа, әрі кетсе 40-50 см болар. Соның үстіне Аралдан келген құрылысшы жігіттер бірден қалап жіберді. Оны сәл биік қылып, баспалдақ салу керек еді. Қазір жермен бірдей. Ертең көктемде су басады ғой. 
Кейін Бек Ыбыраев деген жігіт кесенені 16 буын қылып салды. Соны буын-буын қылмай тегіс етсе, 20 метр болып шығатын еді. Қазір ішінде әлі күнге дейін жарық жоқ, тоқ тартылмаған. Әуелде кесенені жоба бойынша кесекпен қоршау керек еді, бірақ біздікілер темірді үшкірлеп, түрмені қоршаған сияқты етіп қойды. Оған бір күні не мал, не адам құлап, жарылуы мүмкін. Тіпті, біз Кейкіні жерлеу рәсімінде де соған құлай жаздадық.
Кейкінің бас сүйегінің үстіне гранит тас қойды. Ертең қаны бұзық біреу болса, тасты жылжытып-ақ алып кетеді. Оның үстіне есігінің құлпы осал. Шырақшының айтуынша, кейбіреулер сол жерге тоқтап, арақ ішеді екен. Сонда байғұстың тәртіп сақшыларына хабарлайтын телефоны да жоқ.
Кезінде облыс әкімі Архимед Бегежанұлы халық көп келіп жатса, кесене жанынан екі бөлмелі үй саламыз деген. Бір бөлмесінде шырақшы тұрады, бір бөлмесін шағын музей етіп жасайды. Тіпті, маңайына көлік тұрағын, сауда-саттық дүңгіршегін орнатуға уәде берген. Содан бері бір жыл өтті. Өткенде Түркістаннан 70-тің сыртында оқушы мен мұғалім келді. Солар қу далаға келіп, не демалатын орын жоқ, дүкен жоқ, ренжіп кетті. Құрығанда шағын дәмхана жұмыс істеп тұрса, өткен-кеткен жолуашы тоқтайды ғой. Кесенені көреді. Осы мәселелерді тізіп, облыс әкіміне өз атымнан өтініш жаздым.  
Келіп-кеткен халық қу тасқа қарап кетеді, шырақшы бола бермейді. Халықтың тастаған ақшасының да қайда кетіп жатқаны белгісіз. Сосын Рудныйда Кейкінің ағасынан тараған ұрпақ бар. Соған хабарласып, пішінін айтып, сөзін жаздыртып, темір жәшік әкеп қойдырдым. Біздің халық ақшаны әлі күнге дейін жерге қояды, жәшікке салуға үйренбеген. Ол жәшікті молда ашып, ақшасын жетім-жесірге таратып береді ғой.
Ең сорақысы, әуелде байқамаппыз, кесененің ішіндегі Кейкінің аты жазылған көктаста айқыштың (крест) суреті бар. Солай өрнектелген. Жан-жағы ғана оюлан-ған. Сол дұрыс па? Сатып алғанда қарау керек қой. Бұл кездейсоқтық па, әлде біреудің теріс пиғылынан болды ба? Міне, осындай мәселелері бар. 
 
Сұхбаттасқан Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.
 

You may also like...

1 Response

  1. Ереке айтты:

    Мынау сенсация іздеген журналистсымағын да, Шөптібайың да қуады екен. Шөке оюын аз болды ма, әлде  оюды оя беріп алжиын дедің ба. Кейкі атамызға орнатқан ескерткіште нең бар сенің. Көрпе төсегіңді жасап жүре берсей. Журналист кімнен сұхбат аларын білмейді. Шөптібай тарихшы ма еді Кейкі ттуралы сұрайтын.топастық.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓