Дос құшағы кең немесе Аманкелді ауданында өткен салтанаттан түйген ойлар
Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының басталуы Аманкелді ауданында да зор ұйымшылдықпен өтті. Оған аудан мектептеріндегі әр ұлт өкілдерінен құралған өнер шеберлері жан-жақты әзірленді. Рәсімнің алдында оған келген жұртшылық өкілдері мәдениет үйінің фойесін-де ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Содан-соң Қ.Әбенов атындағы мәдениет үйінде Ассамблея жылының басталуы салтанатты түрде ашылды. Рәсімге жиналғандарды аудан әкімі Ж.Қ.Таукенов Ассамблея жылының басталуымен құттықтады.
Келесі кезекте Қазақстандағы халықтардың достығын бейнелеген скетч көрсетілді. Онда қазақ жігіті мен орыс қызының махаббаты паш етілді. Алғашында жігіттің әке-шешесі "Ұлымыздың мұнысы қалай? Біздің ауылда бұған дейін ешбір қазақ баласы бауырлас қырғыз, татар, өзбек, түркімен қыздарына үйленсе де, орыс қыздарымен отау құрмап еді ғой" деп пұшайман болады. Сол кезде оларға өздерінің сыйлас көршісі әрі ауыл ақсақалы Байжан ата келіп, "Қазір баяғы заман емес. Келіндерің дәрігер, оның үстіне қазақ тілін қазақтан кем білмейді. Дәстүрімізді де меңгеріп алған. Сондықтан сендер бұған ренжімеңдер, қайта қуаныңдар. Жақсы келін түсіргелі отырсыңдар", – деп басу айтады. Содан екі жас шаңырақ көтереді. Олардың махаббаты ауылдағы екі ұлттың достығын одан әрі байыта түседі.
Скетчтен кейін алуан ұлттың киімдерін киген балалар мен жастар олардың әндерін шыр-қап, билерін орындады. Қазақ, орыс, украин, қырғыз, өзбек, молдаван, сыған және басқа да ұлттардың әндері мен билері сахнада салтанат құрды.
Аудандық мәдениет үйінің суретшілері сахнаны безендіруге көп маңыз берген. Олардың жасаған туындылары көрерменнің көңілінен шықты.
Салтанатты рәсімде 20-дан астам ұлттың өкілдері ынтымақ-бірлікпен тұрып жатқан Аманкелді ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі де жақсы көрініс тапты. Олардың әрқайсысы өз ұлттарының киімдерін киіп, әндерін салып, өзіндік ерекшеліктерін бейнелей білді.
Расында да, ауданның бүгінгі өмірі алуан ұлттылығымен құнды. Бұл достық ежелгі Батпаққара жерінде ертеден басталған. Оның бастауында – Гордеевтер мен Пареевтер, Шәкіржановтар мен Қалиевтар тұрды. Осылайша, қазақтардың орыстармен, татарлармен достығы тамыр жайды. Қазақтар мен татарлар және орыстар қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болып, бауырласып кетті. Сол достықты бүгінде олардың ұрпақтары жал-ғастыруда. Солардың басында қазір Алейниковтер мен Красиковтар тұр. Бұл екі әулет те Аманкелді қазақтарымен қыз алысып, қыз берісіп туысып кеткен. Олардың осы бауырластықтарында ешқандай жасандылық жоқ. Бәрі табиғи қалыпта өрістеген. Жастарды махаббаттары табыстыр-ған. Сол табысу туыстыққа ұласып, жалғасуда.
Ассамблея жылының ашылуына арналған салтанатты рәсімге қатысқан әр ұлт өкілдері арасынан Валерий Пилеев көзімізге ерекше түсті. Оның ұлты осетин. Көп жылдан бері аудан орталығында еңбек етіп келеді. Жақсы отбасы иесі.
– Сәлем бердік, Валерий Герасимович! – дедік біз журналистер жарыса.
– Өздерің де сәләмат болыңдар! Мынау рәсім жақсы өтіп жатыр ғой. Мен оған өзім ғана емес, балаларыммен келдім. Біздің аудандағы ұлттар достығы өте жақсы деңгейде. Ешқандай кемсіту, бөлу деген жоқ. Тек өзің жақсы болсаң болғаны. Менің достарым көп. Олар қазақтар мен орыстар, молдавандар мен украиндар. Қуанышымызды да, қай-ғымызды да бірге бөлісеміз. Аманкелдіде тұрып, өмір сүру өте жақсы. Әсіресе, жергілікті қазақтардың көңілдері кең, жүректері мейірімді, – дейді ол.
Рәсімде басқа да ұлттардың өкілдерін жолықтырдық. Солардың бірі – ұлты молдаван Алексей Казаков. Ол Аманкелдіге өткен ғасырдың 60-шы жылдары келіп, содан осында қалып қойды. Жасы биыл 70-ке келеді. Зейнеткерлікке шыққан соң, туған елі Молдавияға барған. Бірақ, онда тұрақтамай қайта оралды. "Оу, Алексей, мұның қалай, баруыңнан келуің жылдам болды ғой?" дегендерге ол "Баруын барғанмен, Аманкелдіні сағындым. Осы жаққа әбден үйреніп кетіппін. Молдавияда 2-3 туыс-қанымнан басқа ешкімді танымаймын. Олар мені білмейді. Бір аптадан кейін туған ауылыма сыймадым. Содан туыстарыма "Мен Қазақстанға, Аманкелдіге кетемін. Сол жақта тұрамын. Сендер ренжімеңдер. Мен тегінде қазақтарға бауыр басып кеткен екенмін" дедім. Әрине, олар маған ренжіді. "Қартайғанда қайда барасың?" деді. Бірақ, мен жаныма жаққан Аманкелдіге оралдым. Мұнда адамдар бір-біріне көмектесіп, жәрдемдесіп тұрады, бірдемең болмай қалса, бере қояды. Адамдардың көбін танимын. Олар көрген сайын сыйлап, құрметтеп жатады. Бірге түрлі тойларында боламын. Қуаныштарын бөлісемін. Олар да менің қуанышымды бірге тойлайды. Оның үстіне Молдавияда зей- нетақы төмен екен. Мен мұнда жоғары зейнетақы аламын. Ондағылар маған "Саған қалай жоғары зейнетақы береді. Біз оны төлей алмаймыз. Біздегі зейнет-ақы мөлшері сендердікінен көп төмен" деді. Олары да маған ұнаған жоқ. Шынында Қазақстан дамыған ел екенін Молдавияға барғанда жақсы сезіндім. Қазақстанда өмір сүру қандай жақсы?! – дейді ол.
Осы жолы Валентин Красиковты да кездестіріп қалдық.
– Е, құдалар, қалай жағдайларың? Мен қазақтардан Мекке деген қызды келін қылып алсам, сендерге Аманкелдінің ардақты ақсақалдарының бірі, соғыс және еңбек ардагері Хайролла ақса-қалға қызымды беріп отырмын. Өзім де, бүкіл балаларым да немерелерім де қазақ тілінде сөйлейміз. Немерелерім қазақ мектебінде оқып, білім алуда. Мен осы жерде тудым, балаларым мен немерелерім де осында өмірге келді. Аманкелді – біз үшін туған жер! Туған жерді тастап кетуге болмайды ғой, – дейді ол бір жағы әзілдей күліп.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының басталуы Аманкелдіде осылайша шын мәніндегі мерекеге ұласты. Алуан ұлттың өкілдері бір-бірін құттықтап, қуанышты бірге бөлісті.
Рәсім соңында аудан әкімі Жансұлтан Қоңыртайұлы аудандық мәслихаттың хатшысы, Аманкелді ауданындағы Қазақстан хал-қы Ассамблеясы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Әділ Саматовты 60 жасқа толуымен құттықтап, оған өңірде тұратын 22 ұлттың өкілдері атынан сый-сияпат жасады. Әділ Қабдырашұлы да ауданда ұлттар достығын одан әрі дамытуға өз үлесін қосып келе жатқан азамат. Ол өзіне жүктелген төраға қызметін де ойдағыдай атқарып келеді. Оның туған күнінің Қазақстан бойынша Ассамблея жылы басталған күнге дөп келуінің өзі қызықты оқиға болды. Аудан әкімі Ә.Қ.Саматовқа Қостанай облысы әкімінің Алғыс хатын да аталмыш рәсім үстінде салтанатты түрде тапсырды.
Хамитбек
МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы.
Суреттерде: Қазақстан хал-қы Ассамблеясы жылының басталуына орай Қ.Әбенов атындағы Мәдениет үйінде өткен салтанатты рәсімде ауданда тұратын бірнеше ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында топтасқаны бейнеленген көрініс; қазақ жігітінің орыс қызына үйленуін бейнелеген скетч; аудан әкімі Ж.Қ.Таукеновтің Қазақстан халқы Ассамблеясы аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы, мәслихат хатшысы Ә.Қ.Саматовты ауданның көп ұлтты халқы атынан құттықтап, сый-сияпат жасап тұрған сәті; салтанатты рәсімге орай ұйымдастырылған көрмені тамашалап тұрған жас жеткіншек Данил Красиков.
Суреттерді түсірген автор.