Ақзере

-Апыр-ай,  Ақзере әжеміз де дүниеден озды-ау!
-Жарықтық қазақы қасиетті де бірге ала  кетті.
-Бәрінен бұрын, Айтан  атама  қиын болды.
     Зират басында  мүрденің топырағы үйіліп, құран оқылған соң жақын-жора өзара күбірлесіп тарқасты. Айтан ата – бір құшақ кеуде, ат жақты,  түйе балтыр, денелі насат кісі. Жұрттың соңын ала кемпірінің мүрдесінде жалғыз қалыпты. Мен  аялдап, ақсақалды күттім. Бір уақытта бетін бір сипады да,  алыстан менің тұрғанымды көріп,  тура жүрді.
       –  Әжеміз  былтыр ғана ширақ сияқты көрініп еді, – дедім,  қарияның еңсесін басқан ауыр мұңын сейілтікім келіп. Айтан ата  қаққан шегедей қалпы адымдай жүріп:
-Рас, сап-сау, қунақы жүрген еді. Алдыңкүні кешқұрым "басым айналып тұр" деп, төсек тартты да қалды. Алпыс жыл отасқан менің ақ кемпірім аллаға керек болыпты, не істейсің?!  – Айтекеңнің ажалға өкпесі жоқ  секілді. Қайта осылай болуы тиіс дегендей, әлденеге риза ма өзі, қалай?..
      Зираттан ауылға жеттік.
–    Сирек келетін бала едің,  қал, бір малдың басын  жеп кет,   біз де қашанғы жүрер дейсің, – деді, даусында болар-болмас діріл байқалып.  Мен әлдеқашан жер ортасы жастан асып кетсем де,  бұл шалға әлі «баламын». Көңілін жұбатарлық  аузыма сөз түспеді.
Кешкілік қонақасы беріліп, ел аяғы басылған соң,  Айтекеңмен екеуара қалғанбыз.
  – Е, не дерің бар, дәурен өтті деген осы, –деді Айтекең бипазбен сөз бастап. -Ақзере екеуміздің бірге ғұмыр кешкенімізге де алпыс жылдан асқан екен… Әңгіме болсын.
  Баяғыда бір жігіт қалыңдығын атқа мінгізіп, түнделетіп аулына алып келе жатады. Мінген аты ауылдан шыға бере сүрініп кетеді. Сонда жігіт «Бір!» дейді. Жарты жолға келгенде ат екінші рет сүрініпті. Күйеу жігіт «Екі!» депті. Ауылына жете бергенде ат үшінші рет сүрініпті.  Сонда  жігіт « Үш!» депті де , атынан әйелін түсіріп алып, бәйгеге қосып жүрген  әлгі жүйрікті бауыздап жіберіпті. Мұны көрген қалыңдығы сасып қалыпты. «Мұның өзі есі дұрыс па?  Болмашы нәрсеге бола осындай тұлпарды сойып тастағаны несі?»  деп ойлап:
–  Мұныңыз не?  Бұл дұрыс емес қой,- депті. Сонда жігіт әйелге қарап «Бір!» депті. Сол сол екен, әлгі әйел күйеуіне «Екіні» айтқызбай  өмірден өтіпті.  Ал Ақзерем бұ жалғаннан дауыс көтермей-ақ өтті ғой. Ақзере де жүзіме қадалып қарамай-ақ  кетті-ау деуші едім.
      Алдыңғы күні түн ортасында мен Ақзеренің қасында отырғанымда, ол ақырын ғана менің қолымды сипап отырып: «Ғұмыр бойы сыйладың, қадірледің.Төмен етекті деп бағамды кемітпедің. Алайда сен мені кешір, менен бір қателік кетті. Аузын үріп, табанын қырып өсірген жалғыз бала   өзінен бірер жас үлкен орыстан әйел аламын дегенде сен келіспедің. Мен ұлымды аяп «отағасы, бір жолға ашуыңды бер" деп, алпыс жылдың ішінде бетіңе тіке қарағаным сол-ақ екен. Сен қатты қинала келістің. Әлі күнге дейін сол кейпің есімде. Бірақ мен сенің сесің мен мысыңа қиянат жасаппын. Бәрібір балаларымыз бақытсыздыққа ұшырап, маңдайымызға симай кетті. Сен болсаң баяғы қорғасындай мысыңнан, аяздай сұсыңнан жаңылдың. Кешір, отағасы, менікі – ақ өлім. Қайтып бір сілкін. Сен – шаңырақтың бәйтерегісің. Бәйтерек иілмейді.  Құдайдың есіркегені – немерең Дәуір үшін керексің», -деп езу тарта күлімсіреген бойы дүниеден озып жүре берді Ақзере, – деді шал, жүзінде өкініштің де, қайғының да  емес, әлдебір мейірімнің табы білінгендей.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓