Аяқтың әні
– Қазір ән жоқ дедім ғой, ән жоқ, көкем!
– Теледидар мен сахнадан естіп жүргендеріңіз не сонда?
– Олар – шетінен даңғаза ойбай, ышқынған айқай, мияулаған, күй аулаған тобыр-топалаңның ылаңы!
– Қатты кеттіңіз ғой, ағасы. Бәрін бірдей бәтқордалаған жөн емес.
– Байқаңызшы,- деді ол, сәл бәсеңсіп, – ән біткен кіндіктен төмен, аяққа жетті.. Жүректің әні қайда қалды, қалқам?
Қарияның соңғы сөзіне ойланып қалдым.
Жұмақтың жұпар исі аңқыған ананың ақ сүтіне уызынан жарыған «айыр көмей, жез таңдай, қаусырма жақтан»(Әсет) жібектей есіліп, саумалдай аңқылдайтын қазақ сазы, ән-әуені, қайдасың?! Ақсақал ащы айқайының арғы жағындағындағы аңсары осы. Жүрек басын жылытатын, жанға дауа табатын ән керек! Аға буын бүгінгі әндерден кешегінің сынық, сәулелері сезіліп қалса, көңілі жалт етіп желпініп қалады. Әсіресе Шәмшінікі тау мен дала әуендерінің синтезінен туған шедеврлер. Тіпті Шәмші әндерді жазбаған, ол тек табиғат пен адам болмысындағы гармонияны жүрегінен өткізіп, кеудесінде құлақ қүйін келтірген соң, ол өзінен-өзі сиқырланып, жарыққа шыққан. Тіпті ұлы Шәмші үшін нота білудің керегі де болмаған. Оның нотасы өзінен-өзі саз әуенінде жазылып жатты. Ал біздің Қалибекте (Деріпсалдин) басқаға ұқсамайтын туған жерінің табиғатынан, жан тынысынан түзілген өзек бар. Көбіне еркелей, бұлғаңдай шығатын, наздана қарайтын, аңқылдап желпіне жөнелетін көңіл. Әндерінде өзіндік мінезі бар.
Қазіргі әндер ұқсас, бірсарынды, сырты – жылтыр, іші – бос. Оның басты себебі, адам жанының ішкі үйлесімі бұзылған. Қоршаған ортаның түйсігінде адамға шабыт туғызарлықтай шынайы аура жоқ. Жасандылық, жансыз жылтырақ жарқыл ән сезімін туғыза бермейді. Туғызғанның өзінде жеңіл, тызетпе, көбіршіктей көпіріп тез-ақ жым -жылас болады. Біраз әндердің трагедиясы осында. Сазгерлердің, дұрысы композиторлардың резервуарлары қаңсып қалды. Мұны іші сезсе де сыртқа айтуға өзінен-өзі ыңғайсыз сезеді. Өйткені, өз жанын жабырқатып алуды қаламайды. Көңіл-күйінің, жүрек азабының салмағы бойды дендегенмен, әр композитор өз болмысында әр түрлі сезінеді. Бәрі де бірдей ән боп шықпайтыны сондықтан. Тапсырыспен ән жазуға бола ма? Болады, әсіресе, бұл заманда болады. Егер тапсырыс, мәтін композитордың ішкі даусымен, ішкі үйлесіммен үндес келсе, жүрегінің нәзік қылын шерте алса, ойламаған жерден жақсы ән туатыны бар. Бұған композитордың өзі де өзіне таңғалады. Көбінесе қуаныш апофеозы.
Қазір қазақ эстрада әндерінің бұқаралық алаңдық, сахналық сипаты шырқау шегіне жақындап қалды. Меніңше, енді үш-төрт жылдан кейін басқа сарынға бет бұрады. Ол адуынды, жарқылдақ күйінен бірте-бірте саябырлайды. Эстрада энергетикасы ойсыздықтан ойлылыққа ауысады. Бұндай соңғы ғасырладағы әлемдік ән тарихында болған. ХХ ғасырдың 20-жылдарында афроамерикандықтардың блюзы шықты. Музыкадағы бұл жаңа жанр көпшілік ән-әуенге қатты әсер етті. Соның салдарынан «поп» (ағыл. pop music), «джаз» (.ағыл. jazz), «рок-н-ролл» (ағыл.rock’n’roll). Мұнда алғашқы төрт ырғағына (такт) төртеуі екпіндес үндесіп келеді. Аспаптардың дыбыстары өзара «сөйлесіп», суырыпсалмалық сипатта дамыды. Ақыры жер дүниеге тарай келе, ол бағыттағы бұл құбылыс сүзілді де түзілді. «Битлзден» кейін жарқырап «Дос-Мұқасан» шықты.
Үнділердің де музыкасының құрылысы – жаратылыс пен адам арасындағы үйлесім. Үнділіктер әнді жүрек-жүйкемен айтып, дене қимылымен шендесіреді. Мұндада бүгінгі заманауи ән өзгеше түрге көшті.
Қазақ эстрадасы синтездену үстінде. Ғаламтордың арқасында ду-дүниеден ұрлаған, жырымдаған, жамаған алуан әнсымақтар да, әншілерде де көштен қала береді. Аристотель: «Музыканың ғана мінез-құлық қалыптастыра алатын күші бар», – депті. Ал ағылшын композиторы Скотт Бах музыкасы немістердің классикалық философиясына қатты әсер етті дейді. Егер бүгінгі қазақтың аяққа бой ұрған музыкасы дінге айналған ақша дуасынан арылған кезде, «Маңмаңгерді» елжірей тыңдайтын боласыз.