БАРДЫҚ, КӨРДІК – КЕРЕМЕТ!
«Air Astana» әуе компаниясының ұшағы Қостанайдан алып ұшып небәрі бір сағатта Астана әуежайына келіп қонды. Бір ғажабы, біз мінген ұшақ тура Қытай Халық республикасының төрағасы СИ Цзиньпиннің және Үндістан премьер-министрі Наредра Модидің алып ұшақтарының қасына тұрақтады. Апыр-ай, төрткүл әлемге құшақ жайған қазақ елінің астанасына жеткен алып елдердің әуе кемелері де алып екен. Бірден көз тартады. Көрмеге қуана жетіп, адамзат үшін игілікті іске қолдау көрсетіп жатқан беделді елдердің басшыларының қазақ топырағына табан тигізуін жақсылыққа баладық.

Қонақ үйге орнала салысымен бізді кешіктірмей ЭКСПО-ға алып келді. Міне ғажап, биыл қыста тек сыртқы сұлбасы ғана біткен «Нұрәлем» шары, павильион ғимараттары түрлі түске оранып, сымбаты жарасып, алдымыздан жарқырап шыға келді. Таңданып-тамсанып қараймыз. Біз, міне, енді көрменің Медиа-орталығында тұрмыз. Ішінде – араның ұясындай гуіл. Жер жүзінен келген БАҚ қызметкерлері қарбалас үстінде. Енді санаулы сағаттардан кейін ашылатын көрменің салтанатынан репортаж әзірлеу дайындығына кірісіп кеткен. Айдарынан жел ескен әлемдік ақпарат құралдарының серкелерінің өкілдері қаптап жүр. Басында журналистерге арналған 500 орын салынған екен. Бірақ келгендердің саны мыңнан асып кеткендіктен, аккредиттеу мен қатысушыларға қызмет көрсету орталықтарының залдарын босатып беріпті.


Олардың қатарында энергия тұтынатын Қытай мен Үндістан сияқты алпауыт елдер, заманауи энергетика көшбасшылары – Оңтүстік Корея, Сингапур, Индонезия, Малайзия, Жапония болса, еуропалық мемлекеттер жасыл технологиялардың отаны – Франция, Ұлыбритания, Германия, Нидерланд мемлекеттері бар.


Салтанатты ашылуда Елбасы дүйім жұртты Астанада халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің ашылуымен құттықтады.
"Қазақ елордасы – халықаралық көрмені өткізген әлемдегі 35 елдің қатарында. Астана үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілейтін басты алаңға айналады. Тәуелсіз Қазақстанның символы – Астана нағыз ХХІ ғасырдың қаласы ретінде жаңа қырынан танылатын болады, – деді Елбасы.- Астанадағы ЭКСПО халықаралық көрмесі – жаһандық кеңістікте елімізді танытудың және «Қазақстан» ұлттық брендін ілгерілетудің жаңа белесі. Біз «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсына отырып, ғылыми прогрестің бел ортасында болуды қалаймыз.
Мемлекет басшысы осыдан бір жарым ғасыр бұрын Лондонда өткен алғашқы дүниежүзілік көрмеден кейін адамзат орасан зор технологиялық өзгерістерді бастан өткергеніне тоқталып, бүгінде тиімді және қауіпсіз энергия саласындағы тың жаңалықтар қарсаңында тұрғанымызды атап өтті.

Көрменің ашылу салтанаты айрықша. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрмені ашық деп жариялаған соң ашылу салтанатының Конгресс орталығындағы ресми бөлімі аяқталып, амфитеатрда концерт басталды.
Әсіресе, «Кешкі салтанатты сап» шоу-бағдарламасында 4 қуаттың қазіргі заманмен жанасуы бейнеленді. Адамзат күн, жер, су және жел беретін қуатты табиғи энергия көздерін қолданудан үлкен пайда алуды үйренді. Көрмені ұйымдастыру үшін Grand Palais Францияның Ұлттық Мұражайлар Бірлестігі (Париж) мен Garage қазіргі заманғы өнер мұражайы шақырылды (Мәскеу). Қатысу үшін әлемнің 10 елінен 78 суретші келді. «Ұлы дала симфониясы» театрландырылған шоу бағдарламасына 600-ден астам өнерпаз қатысып, тарихи кезеңдер еске алынды. Көрермендер үшін ең керемет сыйлық – сфера үстіндегі шоу-лазерлерді, проекцияларды, шамдарды және музыканы қамтитын 10 минуттық таңғалдырарлық сәулелер және су шоуы.
Ал енді сол күнгі ЭКСПО-ның проекциялық лазерлі шоу – отшашуы қайталанбас құбылыс дер едік. Оны сөзбен жеткізу қиын.




Павильонның бірінші бөлігінде түрлі және ауқымды ландшафттар, осы күнгі және болашақ Қазақстанды бейнеленген. "Жасампаз қуат" аймағына көрме отандық ғалымдардың үздік жобалары, мемлекет Басшысының энергетика және қоршаған ортаны қорғау бастамалары, республика өңірлеріндегі "Жасыл экономика" жобалар бар.
"Нұр Әлемді" (жалпы алаңы 41,5 мың шаршы метр, көрме алаңы 20,5 мың ш. м., биіктігі 100 м, диаметрі 80 м) бір-екі сөзбен барлық қызықтарымен ғажаптарын жеткізе алмайды екенсің. Жүре көрсеңіз, 3 сағат, ал байыппен, терең мән-мағына беріп араласаңыз, 3-4 сағат керек.
Біз Түркіменстан павильонының ашылу салтанатына тап болдық. Әсіресе, оған ел президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің қатысуы шараның мазмұнын арттыра түсті. Президент өз сөзінде қазақ мемлекетінің өткізіп отырған бұл шараның аса маңызды кеніне тоқталды. Түркімендер де қазақтар секілді өз павильонында киіз үй тігіп қойыпты.
Ресей павильоның ашылуы алабөтен болды. Дәстүрлі лента қиюдың орнына павильонның Бас комиссары Георгий Каламанов және ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің Комиссары Рапиль Жошыбаев мұзды лентаны жарды. «Арктика энергиясы», жанып тұратын арктикалық мұзды фактурасы бар көпқырлы декорациялар, «Полярлық жартышар» мультимедиалық аттракцион, энергетика жетістіктері мен гидроэнергетика, көмірсутек салаларындағы, балама және қайта жаңғыртылатын энергетика секторларындағы жобаларын көрермендер қызыға тамашалады. Үндістан, Жапония, Малайзия, Біріккен Араб әмірліктері павильондары да мазмұнымен тартымды. ЭКСПО-2017 көрмесіне Түркия мемлекеті ереше дайындықпен келгені байқалды. Табалдырығын аттасымен-ақ түрлі энергия көздері туралы лазерлі шоу технологиямен баламалы энегия көздерінің түркиядағы жаңалықтары магнитше тарта жөнеледі.

Біз болған күні ЭКСПО басшысы Ахметжан Есімов БАҚ өкілдерімен мәслихат өткізді. Ол көрме толық іске кіріскенін, түске дейін 10 мың адам көргенін айтты. Көрмеген жұмсалған қаражат көлемі 400 миллиард теңгеге жуық.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің әр күні қызыққа толы болмақ. Тек оны аралап көру керек. Мәдени-ойын-сауық іс-шаралар 93 күн бойы өткізіледі. Онда дәстүрлі қазақ орындаушыларынан бастап, ивент-индустрияның соңғы жетістіктерін қолдананатын инновациялық шоуларға дейін өнер көрсетілмек. Мұнда мәдени бағдарламалар, шоу-жобалар эксклюзивтілігімен ерекше. Олар әлемде бұрын ешқашан көрсетілген жоқ және ЭКСПО-2017 үшін арнайы құрылған. Қазақстандықтар мен Көрме қонақтары үшін Cirque du Soleil өнер көрсетуі тосын сыйлық болмақ. 16 шілде мен 9 тамыз аралығына белгіленіп отыр.
Сонымен, Астанада халықаралық көрме ашылды. Ол үш ай бойы, 10 қыркүйекке дейін жұмыс істейді. Жаһанның түкпір-түкпірінен 5 миллионға жуық адам келіп көреді деп болжануда. Төрткүл дүние елдері өз энергия саласындағы өз жетістіктерін ортаға салуда. Сіз де, қадірлі оқырман, туған еліміздегі тарихи оқиғадан сырт қалмаңыз, барыңыздар, көріңіздер! Бұл – екі айналып келмейтін құбылыс!