Қарақшылар қарияларды тонап кетті
Әулиекөл ауданына қарасты Чернигов ауылында қарақшылар қарт кісілердің үйіне баса-көктеп кіріп, бас-көзсіз соққыға жығып, тонап кеткен.
Ерлі-зайыпты қариялардың есігін бәз біреулер түн ортасында қағып, шырт ұйқыдан оятады. Мезгілсіз қонақтарды білуге кейуана шығып, кімдер екенін сұрайды. Бейтаныс меймандар ауыл тұрғындарының бірінің есімін атаған. Ойында ештеңе жоқ әжей есікті айқара аша салады. Бетін бүркенген еңгезердей төрт жігіт табалдырықтан рұқсатсыз аттай сала, ат-жөнсіз қарт ананы соққының астына алған. Ал отағасы Виктор Сероус бірден оянбаған. Ұйықтар алдында дәрі қабылдайды екен, онсыз көз іле алмайды. Басбұзарлар қаннен-қаперсіз ұйқыда жатқан отағасына да тарпа бас салған. Дәрі күшімен жатқан В.Сероус біраз уақыт есеңгіреп, өзіне үздіксіз жаудырған соққыларға қарсы ешбір әрекет ете алмайды. Қарақшылардың сондағы көксегендері – ақша. Бірақ қариялар еш құнды заттары да, қомақты ақшалары да жоқ екенін айтып, ақталып бағады. Жүгенсіздер бұған илана қоймай, қарияларды тепкіге алып, үйдегі қолға іліккен мүліктерді алып, тайып тұрған.
Жәбірленушілер ес жиған соң дереу тәртіп сақшыларына қоңырау шалған. Аудандық полиция қызметкерлері қылмыскерлердің ізіне түседі. Санаулы күннің ішінде күдіктілер құрықталған. Зәбір көрген үлкен кісілер қарақшыларды жазбай таныған. Алайда, дене жарақатына байланысты әжей қазір ауруханада жатыр. Ауыр соққылардың астында қалған қос қарияның денсаулығына қаншалықты зиян келгені, зардабы қаншалықты болатыны әлі белгісіз.
-Бұл – жұмыссыз жүрген жастардың әрекеті. Біреуі осы Чернигов ауылында тұрған. Күдіктілер өз кінәларын мойындады,-дейді Әулиекөл аудандық ІІБ басшысының орынбасары Шарип Нашкенов.
Кенже ҚОНЫСБАЙ