Ойын балалары әлекке түсірді

3-желтоқсанда сағат 18:00 шамасында Абай көшесіндегі тоғыз қабатты № 2 А үйінде жарылғыш зат орнатылды деген сыбыс шықты. 77 жастағы қарт кісінің пәтеріне бөгде біреулер телефон шалып, жарылғыш заттың қойылғандығын айтқан. Зейнеткер құпия қоңырау жайлы полицияға хабар береді. Құзырлы орган өкілдері дер кезінде мекенжайға келеді. Өрт сөндіру техникалары, алғашқы жедел-жәрдем қызметі және құтқарушылар тобы лезде жұмылдырылды.  Үй қоршауға алынып, тұрғындар арнайы автобустарға орналастырылды.Тексеру шаралары екі сағатқа созылды. Ғимараттан сыртқа шығарылған 36 пәтердің тұрғындарына ыстық тамақ үлестіріліп, оларға психологтар кеңес берді. Қала әкімі мен орынбасары оқиғаның басы-қасында жүрді. Саперлар командасы жарылғыш заттың жоқтығын анықтады. Арнайы жасақталған топ сағат тоғыз жарымдарда тұрғындарды өз пәтерлеріне кіргізді.IMG_0612Қостанай облысы ІІД қызметкерлерінің жедел жұмысының арқасында анонимді қоңырау Маяковский көшесіндегі дүкендердің бірінен түскендігі белгілі болды. ІІД баспасөз хатшысы Ә.Нұрмахинның мәлімдеуінше, жалған ақпарды № 19 мектеп оқушылары таратқан. Олардың жасы – 12-13-терде. ҚР Қылмыстық кодексiнің 273-бабы бойынша (Терроризм актiсi туралы жалған хабарлау) қылмыстық іс қозғалды. Материалдық, моральдық шығындарды оқушылардың ата-анасы өтейтін болады.
Назар аударыңыз! Қостанай облысы ҰҚК департаменті мен облыстық ІІД өкілдері алдағы уақытта лаңкестік туралы жалған ақпар таратқандарға жазаның күшейтілгендігін ескертеді. ҚР Қылмыстық кодексiнің 273-бабы бойынша тәртіп бұзушы алты жылға бас бостандығынан айырылады.
 
Қасқырбай Қойшыманов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓