Жемқорлық – жегі құрты
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті облыстық жер қатынастары басқармасының қызметінде сыбайлас жемқорлық қатер мәнін анықтауда басқармамен бірлескен жарлыққа сәйкес саралау жүргізді.
Саралау нәтижесі көрсеткеніндей, сыбайлас жемқорлық көбіне жекеменшік тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін ұсыну, мемлекеттік мұқтаждық үшін алынған жер және нысаналы мақсаттың өзгеруіне байланысты үдерістерінде кездеседі. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тарту үшін негіздердің болмауы, белгіленген стандарт немесе регламент, басқалай нормативтік құқықтық актілер бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетудің нақты үдерісіне сәйкес келмеуі, мемлекеттік қызмет көрсету стандартында қарастырылмаған құжаттарды сұрату секілді кемшіліктер бар. Осылардың барлығы жергілікті атқару органдары қызметіндегі Қазақстан Республикасының заңнамасын тікелей бұзушылық болып табылады.
Жалпы, Қостанай облысында 2005 жылдан 2015 жыл аралығында жекеменшік тұрғын үй құрылысына 8781 жер учаскесі берілді. Бұл тіркелген барлық жекеменшік тұрғын үй салуға жер учаскелерін алу үшін өтініш (23219) білдіргендердің жалпы санының 38 пайызы. Әсіресе Қостанай қаласы мен Қостанай ауданында жер учаскелері сұранысқа ие екендігін саралау көрсетіп отыр. Атап айтсақ, Қостанай қаласында 15953 адам өтініш білдірген, оның бар-жоғы 28 % (4510 өтініші) қанағаттандырылды. Сол секілді Қостанай ауданында жекеменшік тұрғын үй салуға учаскелік жер беруге өтініш білдіргендердің 60%-на жер берілді, яғни жекеменшік тұрғын үй салуға өтініш білдірген 3868 адамның 2332-нің өтініші қанағаттандырылды.
Саралау қорытындысы бойынша жинақталып, топтастырылған бірқатар ұсыныстар жер учаскелерін беру мен алу, осы саланы қадағалайтын жүйелік шараларды әзірлеу, сонымен бірге елімізде жалпы бизнес-ахуалды жақсарту үдерісі барысында сыбайлас жемқорлық қатерін ықшамдайды.
Гүлназым САҒИТОВА