ӘЙЕЛДЕР КҮН ІСПЕТТІ…

«Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» аналар – біздің қоғамның негізгі күші. Қиындыққа мойымайтын қайсарлығымен қандай істі болса да, тиянақты атқара білетін қазақ әйелі еліміздегі барлық салада белсенділік танытып жатқаны баршамызға белгілі. Мәселен, Қазақстан бойынша экономикалық белсенді 8 миллионнан астам адамның жартысынан көбі әйелдер екен. Яғни, бүгінгі қазақ әйелі ошақ отын маздатып, отбасында ғана отырған жоқ, бірі ел басқарып әкім болса, енді бірі өз мамандығы бойынша қызмет етіп, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына хал-қадірінше үлес қосып келеді.
Көктем мерекесі қарсаңында Рудный қаласының әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына өзіндік үлес қосып жүрген түрлі саланың мамандары жайлы сөз қозғағанды жөн көрдік.
 
ЗәурешЗәуреш Хабдуллина – техника ғылымдарының докторы, профессор ғылыми дәрежесі мен атағы бар қаладағы жалғыз қазақ әйелі. Көкшетауда туып-өссе де, саналы ғұмырын Рудный индустриялық инстутында ұрпақ тәрбиелеу ісіне арнаған ол өз ісіне адалдығымен ерекшеленеді. Жастарды ғылымға бет бұрғызып, энергетика саласындағы екпінді еңбегімен көзге түскен Зәуреш Ғинаятқызына еліміздің Білім және ғылым Министрлігі «ЖОО ең үздік оқытушысы» атағын берген. Кейіпкеріміздің бұдан басқа да марапаты асып жығылады. Қуантарлығы, ғылым докторының қос ұлы мен Құдай қосқан жары өз нәпақасын энергетика саласында тауып жүр. Үлкен ұлы Әсет 29 жасында ғылым кандидаты атанып, бүгінде Рудный индустриялық институтындағы «Энергетика және ақпараттық жүйелер» факультетінің деканы боп қызмет атқарады. Кіші ұлы Арманның да мамандығы – «Электр энергетикасы». Екеуі де ғылым саласындағы жетістіктері үшін Қостанай облысы жастарының «Алтын кітабына» енген. Күйеуі Әсет – жобалаумен айналысатын «Жарық» ЖШС басшысы. Энергетиктер әулетінің отанасы атанған Зәуреш Ғинаятқызын әріптестері ерекше сыйлайды, құрмет тұтады.
 
Екінші кейіпкерімізді кеншілер қаласының көзі қарақты жұрты түгел таниды десек, еш қателеспеспіз. Ол – биыл ғана құрылған Қостанай облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Жаңа өмір» қоғамдық бірлестігінің жоба жетекшісі – Рысбике Сүймекова. РысбикеРысбике Қасымқызы ұзақ жылдар Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінде ұстаздық еткен. Кейіннен қаланың жаңалықтар жаршысы «Рудненский рабочий» газетінде редактор қызметін атқарады. Ол зейнет жасына келсе де, гендерлік саясат, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, сондай-ақ тарихи Отанына оралған қандастарымызды оңалту мәселелерімен белсенді айналысып жүр. Осы саладағы еңбегі үшін облыс және қала әкімдігі тарапынан бірнеше рет құрмет грамоталарына ие болды. Бүгінде жан-жары, қаламыздың құрметті азаматы Досмағұл Есләмұлымен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, немерелерінің қызығына тоймай келеді.
 
 
 
 
 
 
 
 
 
ӘселҮшінші кейіпкеріміздің есімі – Әсел Тасмағанбет. Рудный қаласындағы мәдени шаралар онсыз өтпейді десек, артық емес. Жастайынан «ән десе, ішкен асын жерге қоятын» Әсел Қалдыбекқызы талай рет облыстық, республикалық ән байқауларында жүлделі орындарды иеленген. Қандай мереке болмасын, ол әсем даусымен өз тыңдарманының көңілін таудай көтеріп, елдің батасын алды. «Орбита» ойын-сауық орталығында бірнеше жыл талмай еңбек етіп, ағымдағы жылы «Аллые паруса» шығармашылық үйінің басшысы қызметіне тағайындалды. Әсел өмірде де, өнер де өз орнын тауып, шәкірт тәрбиелеп, қазақ тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын айта кеткен жөн.
 
 
 
 
 
 
 
Рудный – өнеркәсіптік қала. Сондықтан мұндағы ірі өндіріс ошақтарында ерлермен бірге нәзік жандылар да иық тірестіріп еңбек етіп жүр. Солардың бірі – «ССКӨБ» АҚ Сарыбай кен басқармасының бас гидрогеологы Гаухар Сыттықова.Гаухар Еліміздің ұлан-байтақ даласының қай өңірі болсын қойнауы құт қазынаға тұнып тұрғаны төрткүл дүниеге әбден мәлім. Халқымыздың ырысына жаратылған ен байлықты кәдеге жарату үшін орасан күш-жігер жұмсалып, маңдайдан моншақтап тер төгіледі. Мұндайда әуеліден көз алдымызға қыр төсін шарлап, кен барлап, жеті қат жер астына құлақ түріп, қатпарына үңіліп жүрген геологтар қауымының ересен еңбегі келеді. Гаухар 2011 жылы Шығыс Қазақстан техникалық университетін тәмамдап, біраз уақыт мамандығы бойынша «екі қолға бір күрек» таба алмаған. Рудный қаласына келісімен кен алыбына техник ретінде жұмысқа тұрған жас маман өзін жақсы қырынан көрсетіп, еңбекте өседі.
-Менің бұл мамандықты таңдауыма ағам себепші болды. Себебі ол да – геолог. Үнемі қолында қаламы мен картасын тастамайтын. Сызбаларды сыза бастағанда, ішімнен қайтсем де геолог боламын деген ой келді. Міне, бүгінде арманым орындалып, сүйікті ісіммен айналысудамын, – дейді ол.
Жеті қат жер астында жауапты міндетті бұлжытпай орындап, кәсіпорынның алға жылжуына тілектес боп жүрген Гаухардың болашағы жарқын екендігіне сенімдіміз.
 
Рудный қаласындағы белсенді қыз-келіншектер мұнымен шектелмейді. Мемлекеттік қызмет, білім беру, медицина, құқық қорғау және тағы да басқа салаларда мыңдаған аруымыз қатарының алды болып, еңбекте биік табыстарға қол жеткізген.
Әйел затының басты міндеті – ана атанып, ұрпақ өсіру. Халық даналығы жақсы жарды жарық күнге теңейді. Яғни, әйел мынау жарық әлемге нұрын шашып тұратын күн іспетті, өз шаңырағын шаттыққа бөлеп, берекесін кіргізіп, нұрландырып тұрады. Қазақ әйелі де бұл жауапкершілігі зор міндетті абыроймен атқарып келеді.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓