Еңбегі жанған Айгүл Балғабаеваның ісі көпке өнеге
"Кәсібің – нәсібің" демекші, бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуы еңселі ел экономикасына жаңаша серпін беріп отыр. Әсіресе, аймақтағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарып, мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкерлікке кең өріс ашылды. Мәселен, былтыр моноқалаларды дамыту бағдарламасының шеңберінде лисаковтықтардың 8 жобасы мемлекеттен қаржылай көмекке ие болған. Бағы жанған сол тұрғындардың ішінде – Айгүл Балғабаева да бар.
Таран ауданының тумасы осыдан 7 жыл бұрын өз ауылындағы мектептің жабылуына байланысты жұ-байымен және үш баласымен Лисаков қаласына қоныс аударады. Мұнда бірнеше рет жұмыс орнын ауыстырғанымен, ешқайсысына көңілі толмайды. Жұбайының "бастығыңнан жақсы жалақы күткенше, өз кәсібіңді ашуға талпынсаң болады ғой" деген сөздерін көкейінде тоқып жүрді. Алайда, батыл қадам жасауға жасқанады. Күндер-дің бірінде жергілікті газеттегі "кәсіпкерлікпен айналысам деушілерге мемлекет тарапынан 3 миллион теңге грант беріледі" деген хабарламаға көзі түседі. Көптен бергі ойы орындаларын іштей сезген Айгүл Серікжанқызы мүмкіндікті пайдалануға бел буып, халыққа қызмет көрсету орталығының жанынан ашыл-ған кәсіпкерлікті қолдау орталығына келеді.
– Кез келген істі бастамас бұрын "жеті рет өлшеп, бір рет кесетін" халықпыз ғой. Орталықтағы мамандардан қажетті ақпарат пен жан-жақты кеңес алдым. Мемлекеттен бизнеске арналған қаражат алу үшін өтінішімді бердім. Одан кейін Қостанай қаласына аттанып, үш күндік "Бизнес-кеңесші" курсын оқып шықтым. Алайда ең қиыны бизнес-жоспар әзірлеу болды. Мен ақылы агенттіктерге жүгінбей, бұл құжатты бастан аяқ өзім даярлап шықтым. Жолым болғыш екен. "Даму" кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы мемлекеттің қаржысына қол жеткізген соң, өз бизнесімді бастап кеттім, – дейді Айгүл Серікжанқызы.
Кәсіпкер әйел құймақ істеп, оны сатылымға шығару үшін, ең алдымен, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады.
– Құймақ жасау әйелдердің көп уақытын алатыны сөзсіз. Сондықтан еркектердің сүйікті тағамына деген сұраныс жоғары. Бүгінде өзіндік құны 12 теңге құрайтын құймақты жекелеген тұрғындар мен жергілікті дүкендер 20 теңгеден қолға тигізбей алып кетіп жатыр. Сатылымда құймақпен қатар, бауырсақ, пицца, орама мен лаваш сияқты халық көп тұтынатын тағамдар бар. Келешекте өнімді ауыл-аудандарға да жеткізіп, қаланың қақ ортасынан шағын шайхана ашқым келеді, – дейді кәсіпкер.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында "шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы" деп атап көрсетті. Сондықтан еңбегі жанып, тасы өрге домалаған Айгүл мұнымен тоқтап қалған жоқ. Тағы да бизнес-жоспар жасап, мемлекеттік грант конкурсына қатысты. Аз уақыт аралығында мол тәжірибе жинақтаған кәсіпкер бизнес-жоспарында бизнестің өзін-өзі ақтайтынын дәлелдеп, шығын мен пайданы бүге-шүгесіне дейін толық атап көрсетеді. "Бақ шаппайды, бап шабады" демекші кәсіпкер бұл жолы 1,5 миллион теңгелік грантқа ие болып, тігін машинасы мен тоқыма бұйымдармен жұмыс жасайтын жабдықтар сатып алады. Нәтижесінде көп ұзамай "Дәстүр" деген атаумен ұлттық нақышта киім-кешектер мен көрпе-төсектер тігетін шағын шеберхана ашады. Мұнда көрпе-төсекпен қатар тапсырыспен сахналық киімдер, тойбастар, қоржын, қыз жасауы сияқты ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін бұйымдар тігіледі. Көрші Ресейден, Германиядан келген қонақтар да ұлттық ою-өрнегімізбен көмкерілген естелік кәде-сыйларды осы жерден алып жатыр. Кәсіпкер әйелдің ендігі мақсаты – "Дәстүр" сауда маркасын аймаққа танымал ету. Жуырда компьютермен басқаратын тігін машинасына қол жеткізілді. Бұдан былай күрделі, эксклюзивті бұйымдарды даярлауға да зор мүмкіндік бар.
– Күнделікті табысым көңілімнен шығады. Ең бас-тысы, сүйікті ісіммен айналысып, үш адамды жұмыспен қамтып отырмын. Маған жол сілтеп, әрдайым демеп жүрген кәсіпкерлікті қолдау орталығының менеджері Анжела Нұрмановаға, менің тұрақты тұтынушыларыма айтар алғысым зор, – дейді Айгүл Балғабаева.
Айгүл қаладағы қайырымдылық акцияларына жиі қатысып тұрады. Мәселен, наурыз айында "Даму-көмек" акциясы шеңберінде мүмкіндігі шектеулі жас кәсіпкер Аждарбек Абауовқа әріптестерімен бірлесіп, тігін цехына қа- жетті құрал-жабдықтарды сыйға тартты. Балаларына аяулы ана, адал жар Айгүл Балғабаевның шарапатты істері – тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта кәсіпкер жанның барлық ойы жүзеге асып, ел дамуына қос-қан өзіндік үлесімен айналасындағыларға үлгі болатынына сеніміміз мол.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ.
Лисаков қаласы.
СУРЕТТЕРДЕ: Айгүл Балғабаева және оның қолынан шыққан ұлттық киімдер.