Қалалықтардың қуанышы
Қала орталығындағы саябаққа заманауи орындықтар қойылып жатыр. Мұндағы басты ерекшелік – ұялы телефон, планшет және басқа да гаждеттерді қуаттауға болады.
Арнайы құрылғы орындықтарға бекітілген. Қостанай қаласы әкімдігінің ТКШ, жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары бөлімінің техникалық маманы Станислав Лобанскийдің айтуынша, бұл жоба цифрландыру бағдарламасы арқылы жүзеге асты.
– Бұл – қанатқақты жоба. Тұрғындардың өтініштері бойынша орнаттық. Орындықтардың жартысы ағаштан жасалса, қалған бөлігіне күн батареялары қойылған. Кез келген ауа райына шыдамды. Өйткені орындық үстіне арнайы органикалық шыны көмкерілген. Мұндай «ақылды» орындықтар біреуі 150 мың теңге тұрады. Егер тұрғындардың сұранысы артса, жыл аяғына дейін тағы бірнешеуі қойылуы мүмкін, – дейді Станислав Лобанский.
Аталған орындық бір мезгілде бірнеше телефонды қуаттай алады. Сізге бар болғаны USB-қосылғыш қажет. Егер сізде iPhone болса, Lightning құрылғысын қосымша сатып аласыз.
Айта кетейік, «ақылды» орындықтар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында Елордада бірінші рет орнатылды. Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, алдағы уақытта осындай 13 орындықты сатып алу жоспарда бар.
Қала тұрғындарының тағы бір қуанышы – «Шағаладағы» жағалауындағы шағын көпірге жарықшамдар ілінді. Жоба авторы – «Издательский дом» ЖШС.
– Біздің серіктестік Қостанайдың көркеюі үшін бірнеше бастаманың себепшісі болды. Соның бастапқысы да осы. Бұған дейін шағын көпір маңында кеш батқанда серуендеу мұң еді. Енді бұл мәселе де шешілді. Көпірдің жан-жағына ондаған жарықшамдарды ілдік, – дейді «Издательский дом» ЖШС маркетологы Елена Родионова.