Алғыс пен қарғыс
Бүгін Қазақстанда тұңғыш рет Алғыс айту күні аталып өтті. Шын мәнісінде, бұл күні кімге және не үшін алғыс айтуымыз керек деген ой жалғыз мені ғана емес, мерекенің маңызына үңілген қалың көпшілікті де мазалаған болар.
Бұл жайында ғаламтор не дейді? Мұндай мерекені атап өту АҚШ, Канада, Германия, Корея мен Жапония сияқты елдерде игі дәстүрге айналған екен.Мәселен, АҚШ-та бұл мерекенің тарихы XVII ғасырдан бастау алады. Англиядан келген қоныстанушылар мұхиттағы ауыр сапардан кейін, қыстың қаһарына ілігеді. Біраз адамдар қиын жағдайға төзе алмай, мерт болады. Ал, қалғандары көктем шығысымен жергілікті үндіс тайпаларының көмегімен жер өңдеуге кіріседі. Еңбектері жанып, сол жылы егін бітік шығады. Қамбасын толтырған колония губернаторы У.Брэдфорд осы қуанышты жағдайға байланысты сауын айтады. Құдайға құлшылық етіп, ризашылық білдіруге арналған асқа үндіс тайпаларын да шақырады. Кейін келе, бұл дәстүр ұмытыла бастайды. Ал, АҚШ-тың бірінші президенті Дж.Вашингтон бұл мерекені жыл сайын 26 қарашада атап өту туралы ұсыныс білдіреді.
Қазақстанда бұл мерекенің тарихи мәні өте зор екені сөзсіз. Елбасы Н.Назарбаев өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында осындай игі бастаманы ұсынды. Ондағы бір мақсат тағдырдың жазуымен Қазақ жерінде басы тоғысқан сан ұлт пен ұлыстың халқымызға риясыз ізгі ниетін білдіретін мүмкіндік жасау. Шынына келгенде, қаншама мінберден, қоғамдық ортадан белгілі қоғам қайраткерлерінің Қазақ халқына деген ризашылық сөздерін естіп жүрміз. Олардың алдыңғы қатарында Асылы Осман, Қазақбай Қасимов, Александра Суслова сынды танымал тұлғалар бар. Ендеше осындай мерекені нақты бір күнге белгілеуде қандай астар жатыр?
Меніңше, бұл мереке әрбір саналы адамның жүрегіне жылу сыйлап, көңіліне демеу болуға үндейді. Бұл күн «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген халық даналығын жадымызда сақтап, бір ауыз жақсы тілек білдіруге септігін тигізуі тиіс. Тіршілік сыйлаған Жаратушымызға, өмірге әкелген ата-анамызға, бірге туған бауырларымызға, алыс-жақын ағайынымызға, тілегі бір достарымызға рахмет айтатын сәт осы болар.
Күн сайын айналаңнан тек ашу шақыратын дүниелерді іздемей, бір сәтке болса да бір-бірімізге күлімсірей қарасақ несі айып?! Соның өзі алғыс емес пе?!
Алғыс айту күнінде қандай тілек айтқан дұрыс?
Осы ретте, жоңғарлардың қазақтарға қаратып: «Күлің шашылмасын, шалғының басылмасын» деп «тілек» айтқаны ойыма оралды. Тілек сөзін тырнақшаға алуымның мәнісін түсіндірейін. Бұл «тілектің» негізгі мағынасы «Күліңді шашатын балаң болмасын, шалғыныңды басатын малың болмасын» деген қарғыс екен.
Сондықтан, алғыс айту күнінде қандай тілек айтсақ та артық емес. Бастысы ниетіміз түзу болсын!
Алғыс айту күнінде ғана емес, жылдың барлық күнінде…