Қостанайға кино келді
Осыдан 40-50 жыл бұрынғы уақыт болса, кинотеатрға, болмаса, ауылдық клубқа көрсетілімге жаңа кино әкелінді деп ұғуға болатын еді. Әрине, оны көпшілік қауым тайлы-тұяғы қалмай тамашалауға баратын.
Қазір уақыт басқа. Кино деген апта сайын, керек десеңіз, күн сайын келеді. Кеше әлемнің анау бұрышында тұсауы кесілген фильм, бүгін біздің кинотеатрдан көрсетілуі үйреншікті дүниеге айналды. Бұл ең алдымен киноның саны артқанын, оған деген сұраныстың өскенін көрсетеді.
Бір ғана мысал келтірейін, 2016 жылы Қостанай облысының кинотеатрларына барған көрермендер саны 2015 жылмен салыстырғанда 245%-ке (!) артқан. Ең қуаныштысы, отандық туындыларға деген көпшіліктің сұранысы да өскен.
Әлбетте, ән сияқты, киноның да «естісі бар, есері бар». Талғам туралы әңгіме бір бөлек. Бүгін менің айтпағым басқа.
Сонымен, Қостанайға кино келді. Басқалары сияқты үшбу хатпен келген жоқ. Киноның авторлары өздері алып келді.
Қостанайда түсірілім тобының қатысуымен премьераның өткізілуі – тарихи оқиға деуге болады. Оның да өзіндік мәні бар. Фильмнің продюсері Азамат Сатыбалдының өнердегі тұсауы осы Қостанайда кесілген еді. Енді міне, алғашқы кинотуындысының да тұсауы Тобыл бойында кесілді.
Басты назар аударарлық жағдай, туындының түпкі мән-мағынасында болса керек.
Бұл кино арзан күлкі сыйлайтын жеңілтек дүние емес. Көзі ашық, көкірегі ояу жандарға ой салады.
Көрермен үміт пен күдіктің, жақсылық пен зұлымдықтың, қуаныш пен қайғының толассыз тартысына куә болады.
– Басқа бір елде болса, бұл фильмді қабылдамауы, тіпті түсінбеуі мүмкін. Себебі, сюжет – қазақ отбасының тағдырына құрылған. Ұрпақ қалдыру сияқты ұлы мұрат – тек біздің халқымызға тән, – дейді Азамат Сатыбалды.
Отбасының тату тірлігі, баянды ғұмыры сәбидің іңгәлаған үнімен, тәтті күлкісімен байланысты екені сөзсіз.
Басты кейіпкер Асқардың немере сүйгісі келген ата-анасына ізеттілік танытуы, тағдырдың жазуымен ана болу бақытын ұзақ күткен адал жарына қолдау көрсетуі, өмірдің барлық «тосынсыйларын» төзімділікпен қабыл алуы – оқиға желісінен ой түйіп отыруға мүмкіндік береді.
Бірақ, мәселенің күрмеуі барған сайын шиеленісіп, тіпті барлық көрерменнің ойына келе бермейтін жүйемен шешіледі.
Кім болса да, бұл фильмді көріп отырып, өз өмірін де кинолентадай бір жүгіртіп шолып алатыны сөзсіз.
Біз күнделікті күйбеңмен жүріп, жанымыздағы жақын адамдарға тиісті көңіл бөле аламыз ба? Өмірлік сенім артқан жарымызға бәрі де «Бір Сен үшін» деп сеніммен тіл қата аламыз ба? Режиссер Ардақ Төлеубай көрерменге алуан түрлі ойларды жүк етіп артып жібереді.
Кино сонысымен де құнды, сонысымен де бағалы.
…Айтпақшы, тағы бір маңызды жайт бар. Халқымызда «Ат аунаған жерде түк қалады» деген сөз бар. Кешегі қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Аманкелдіде» басты рөлдерді біздің Елағаң – Елубай Өмірзақов пен Серағаң – Серке Қожамқұловтар ойнағаны есімізде. Енді, І.Омаров атындағы облыстық театрдың белді әртісі Әлімхан Мырзахан да киноға түсіп, өзін жаңа қырынан танытты.
Бұл қостанайлық әртістердің өнер жолын жаңғыртудағы жаңа қадамы болсын деп тілейік.
Ерлан Қалмақов
Армысыз Ерлан! Мағыналы да мәнді мақала екен!
Баягыда ауылга автоклуб кино корсеткенде букил ауыл боп кино корип танк келе жатканда тура кашып .кейн сол жерде уйыктап калушы едик ко