Тартылатын қаражатты арттыру қажет
Облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде екі мәселе қаралды. Оның бірі – Қостанай облысының тарихи-мәдени құндылықтарын сақтау.
Облыс көлемінде 726 тарихи ескерткіш бар. Мемориалды тақта орнату үшін қажетті құжаттарды арнайы құрылған комиссия қарайды. Комиссияның жұмысын облыстық мәдениет басқармасы атқарып келеді.Арнайы жоспар бойынша жылына комиссияның екі отырысы өтеді. Өткен жылы Қарабалық және Таран аудандарының тарихи-мәдени нысандарын қорғау және пайдалануға қатысты мәселе қаралған.
Басқарма мемлекеттік тапсырыс аясында бірнеше жобаны жүзеге асырған. Жергілікті бюджеттен 1,8 млн. теңге бөлініп, Торғай даласының археологиялық зерттеу жинағы үш тілде жарыққа шыққан. Оның сыртында Қостанай ауданының археологиялық ескерткіштерін зерттеу мақсатында 81 нысанда зерттеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта мәдениет басқармасы өзге де жұмыстарды қолға алған.
–Қостанай облысының тарихи-мәдени мұрасын есепке алу мен сақтау бойынша жұмысты басқарманың бас маманы жүзеге асырады. Бұл жеткіліксіз. Еліміздің барлық өңірлерінде арнайы инспекция жұмыс істейді. Мұндай инспекция тек екі олбыс: Қостанай және Солтүстік Қазақстанда жоқ, – деді баяндамасында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Л. Сероус.
Мұндай мемлекеттік инспекция құру үшін құрамында кем дегенде 15 маман болуы керек.
Облыс әкімі А. Мұхамбетов бұл мәселені жауапсыз қалдырмады. Ол арнайы инспекция құратын штат жоқ екенін айтты.
–Қазіргі уақытта инспекцияға штат қаралмайды. Бұл мәселені өз іштеріңізде шешулеріңіз керек. Өзге де мәдени ошақтарда бұл іспен айналысатын адамдар болуы тиісті. Сонымен қатар, бөлінген қаражаттың сыртында тартылған қаржының көлемі артуы керек. Былтырғы жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай 27 млн. теңге тартылған екен. Бұл аз. Әлі де көбейтуді ойлаңыздар. Сол себепті әр аудан, қала әкімдерімен тығыз жұмыс істеп, шаралар ұйымдастыруды қолға алыңыздар. Мысалы, “Көркейе бер, Қостанай” акциясы бастау алды. Енді осы шара аясында ескерткіштерді, мәдени ошақтарды жөндеуге қаражат көбірек тартуды ойластырыңыздар, – деді облыс әкімі.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА