«Өнерлі қыз, өнегелі жеңге»

«Ақылды қыз — ауыл көркі», «Ән-сазымен, қыз-назымен», «Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді келеді» деп жатпай ма дана халқымыз. Осы бір сөздерде қаншама мән-мағына жатыр. Өткен аптада Науырзым ауданының мәдениет үйінде «Өнерлі қыз, өнегелі жеңге» атты аудандық байқауы өткен  болатын.20160211_164158Бұл байқауға селолық округтардан және аудан орталығынан жеңгелер мен қайын сіңілілер қатысты. Байқаудың негізгі мақсаты – қыздарды жеңгелерімен бірге қатыстыра отырып, олардың халық ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі туралы білімдерін байқау, ән, би, қол өнер тәрізді өнерден хабардар ету. Сайысқа Шолақсай, Раздольный, Өлеңді, Дәмді, Шилі селолық округтерінен және аудан орталығынан үміткерлер қатысты.
Әр ауылдан келген өнерлі қыз, өнегелі жеңгелеріміз  мәдениет қызметкерлері дайындаған түрлі сынақтардан қолдарынан келгенше сүрінбей өтуге тырысты. Алғашқы бірлесе таныстыруда барлық 6 жұп та алдарына жан салмады. Жеңгелеріне арналған екінші бөлімде жағдаяттан шығу сұрақтарына қызықты етіп, әзілмен жауап беруге тырысты. Қайын сіңілілерінің бұрымын өру сайысы да әсем әнмен өрнектеліп, жеңгелеріміз өз ой-қиялдарынан шаш үлгісін жасауда шеберліктерін қолдана білді.«Қыз-болашақ от анасы», осы бағытта қайын сіңілдеріміздің ас дайындаудағы дайындықтарын бағалау үшін, қамыр жаю тапсырмасы да ұсынылды. Мектеп жасындағы қыздарымызға, әрине, бұл оңай тапсырма болған жоқ. Дегенмен, қыздар намысқа тырысып бақты. Үлкенді-кішілі небір иленген нан қазылардың алдына қойылды. Қоржыннан шыққан сұрақтарға да жауап беріп, өз білімдерін де сынады. Ал, өз өнеріне келгенде бірінен-бірі асып түсуге тырысты. Бірі мың бұрала билесе, бірі әннен шашу шашты. Өнерлерімен ғана емес, асқан шапшаңдықтарымен, әртістік шеберліктерімен, өз ойларын анық жеткізе алғандықтарымен, сахнада өздерін жақсы ұстағандықтарымен Раздольный ауылынан келген Мырзахметова Сәния жеңгесі мен Қасыбаева Балнұр қайын сіңілісі «Өнерлі қыз бен өнегелі жеңге» атағын иемденді. Сайыс өте қызықты өтіп, өз мәресіне жетті. Қатысушылардың барлығы да  бағалы сыйлықтармен және мадақтама қағазымен марапатталды.
Көрермендер де қалыс қалмай, өз ризашылықтарын білдіріп, ата-бабадан қалған ұлық өнегемізді жалғастырар болашақ жастарымыз болса екен деген игі тілеулерін білдіріп жатты.
 
Жұлдыз БЕРМАҒАНБЕТОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓