Үлгілі студенттер марапатталды

Жаңа жыл қарсаңында «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» республикалық байқауының және «WorldSkills Kazakhstan -2022» ұлттық чемпионатының жеңімпаздарын марапаттау рәсімін өткізу дәстүрге айналған. Аталмыш іс-шара биыл да жалғасын тапты. Іс-шара барысында облыстық Білім басқармасының басшысы Зауре Бәйменова республикалық байқаулардың жеңімпаздарын құттықтады.
–Сіздер Қостанай облысының намысын абыроймен қорғадыңыздар. Өңірдің қоржынын толықтырған барлық студенттердің тәлімгерлеріне алғыс айтқым келеді. Осындай бәйгелерде жеңімпаз болып қана қоймай, жақсы тәжірибе жинақтадыңыздар. Бұл алдағы уақытта сіздер үшін сөзсіз артықшылық, – деді З. Әнуарбекқызы.Жиында Елбасы қола медалінің иегері, биыл Қостанай облысының жастары арасында облыстық стартап жобасының жеңімпазы Сұлтан Құсаинов өз жетістіктерімен бөлісіп, жылы лебізін білдірді.
–Мен 9-сыныпта оқып жүргенімде «Елбасы медалін» алуды арман еттім. Ол арманым орындалды. Қазіргі таңда өзім қалаған мамандық бойынша еліміздің ең үздік колледждерінің бірінде білім алудамын. Мемлекетімізде студенттер үшін тиімді жағдай жасалған. Соның нәтижесінде көптеген ғылыми байқауларға қатысып, бағымды сынап келемін. Байқаулардан алған бағалы сыйлықтарымның арқасында  «Асар» атты жобамды сәтті жүзеге асырдым. Бүгінде аталған платформаның жемісін қостанайлық еріктілер көруде, – деді Қостанай педагогикалық колледжінің Бастауыш білім беру мамандығының студенті Сұлтан Құсаинов.Естеріңізге сала кетейік, 8 желтоқсанда Астана қаласында «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» байқауының қорытындысы бойынша үздіктер қатарына біздің облыстың 4 студенті мен облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 17 студенті 6-11 желтоқсан аралығында елімізідің астанасында өткен «WorldSkills Kazakhstan -2022» Ұлттық чемпионатының жеңімпаздары атанған болатын.
 
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген автор.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓