Жасбуынның жетістіктері жетерлік
Облыс орталығынан тым шалғай жатқан қасиетті Батпаққара топырағында талай қазақтың маңдайалды ұл-қыздары туғанын бүгінгі жас ұрпақ мақтан етеді. Есімі елімізге әйгілі азаматтарды үлгі тұтады,ұстаздар "олар біздің шәкірттеріміз ғой" десе, балдырғандар алыптар білім алған әйгілі шаңырақта оқып, сол кісілер отырған партада отыруды өздеріне мәртебе санайды.
Аманкелді ауданына қарасты Қарасу ауылы ерекше табиғатымен талайды тәнті еткен киелі өңір. Барқыттай тамаша құмына тамсанбағандар кемде-кем болар, сірә?! Ал осындай керемет өңірді елімізге әйгілі еткен оның перзенттері емес пе?! Отты өлеңдерімен қаншама қазаққа рух сыйлаған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист Хамитбек Мұсабаев за-манында ауданымыздың жаңалықтарын облыстық газет бетіне жариялауға өзіндік үлес қосқан журналист Х.Елесов, бүгіндері еліміздің бас арнасы "Қазақстан" ұлттық арнасы жаңалықтар қызметінің шеф-редакторы Нұрбол Қапешов, журналист апамыз Гүлжазира Мырзахметова да біздің ауылдың төл перзенттері. Аға буынның алғырлығы мәлім болған бүгінгі ауыл балаларының да осал болуға хақысы жоқ. Күрделі жөндеуді аса қажет етіп тұрса да білім ордасының еңсесі түспек емес. Ауданның өзге мектептеріндегідей жаңаша үлгідегі, сәулетті білім ошағында сабақ оқу әрбір оқушының көкейтесті арманы екенін несіне жасырамыз. Бұл, әрине, ағалар алдындағы міндет, алдағы күннің шаруасы.
Аудан мектептері арасында үнемі алғы шепте тұратын Жасбуын орта мектебінің директоры Бекзада Дәуітбаевтың тың бастамалы идеяларымен біраз жетістіктерге жетті. Әсіресе, білім сапасына көңіл бөлген директор Бекзада Шайкамалұлы оқушылардың мектепішілік олимпиадаларын және спорттық жарыстарын жиі ұйымдастыруда. Соның нәтижесінде оқушыларымыз аудандық, облыстық байқауларда биік белестерден көрініп жүр. Біздің мектептің болашағы осындай білікті ұстаздарымызға байланысты екені сөзсіз. Сондықтан да болашақта Жасбуынның саналы ұрпақ тәрбиелеудегі жетістіктері жетерлік деп ойлаймын.
Зарина Акбарова,
Жасбуын орта мектебінің оқушысы.
Қарасу ауылы, Аманкелді ауданы.