Қазақтың көрнекті ақыны Серік Тұрғынбекұлы – 70 жаста

Аманатқа – адалдық 
strik1Сары  Серік  аңқаулау. Сенгіш. Сезімтал. Көп баламен сирағын жалтылдатып жүгіріп келе жатып, кенет кілт тоқтап,  аузын  ашып, басын әнтек қисайта  қоятыны бар. Аяғына жем түскен тарпаңдай тежеліп қалады. Түйемойнақ ауылының сыртқы қапталын бұйралаған шағыл құмнан әредіктегі көкмайсалы жазықты қызғалдақтар өрттей қып бояп тастаған екен… Соған ентігін баса алмай, өкпесін қағып ұзақ-ұзақ телміреді. Көз ұшында қызыл теңіз жайқалып жатқандай. Теңіз бұған таңсық. Әйткенмен, қызыл құмның түйелі өркештері кітаптан оқып білген теңіз толқындарындай сағыммен тулап-ақ жатқаны… Сол сұлулық өзін ынтықтыра елітіп, дегбірін алған екен, қуғыншыдан қашқандай  жүгіре жөнелді. Үйірінен жерінген саяқтай дүбірлетіп  салып барады. Қыз-ғалдақ қыраттың етегіне іліккенде, көздері ер-кінен тыс шыланып кетті… Артына жалт бұрылып еді, манағы тұрғыластары жым-жылас. "Е-е-ей! Менің қарасирақтарым! Қайдасыңдар? Жетсеңдерші мында! Құмнан басқаны көрмегендерім-ай! Келіңдерші, қызғалдақ теңізіне бірге шомылайықшы!" –  деп қос қолымен аузын созбалап, дауысын кернейлетіп тұрып алды…
Кешкісін өрістен қайтқан малды жайғаған соң,   тұтас ауыл ал кеп дүрліксін. Серік жоғалыпты… Құрбылары зар еңіреп жүр. Түн қойыны тінтілді. Түк белгі жоқ. Таң елең-алаңда сүзгіншілер қызғалдақ қыраттың ортасында тыриып ұйықтап жатқан Серікті тауып алды-ау, әйтеуір… 
– Алланың ісі бұл, тегін емес! –  деп туысқан ағасы көңілі бұзылып, еңкілдей түсіп, сабасына әрең түсті. –  Тегін емес!.. Табиғатқа тартқан бала бұл! Қызғалдақ ғұмыры басталды дей беріңдер! Енді оның елге тарап үлгерген екі-үш ауыз өлеңі одан бетер  тасқындап, тулай түрленіп, тынысы кеңіген теңіздей сапырылады әлі, жүректерді жібітеді, көңілдері елітіп, егілтеді… Бір Аллам жар болсын! Қане, шошымасыншы, еппен көтеріп, ұйқысын аштырайық! Қызғалдаққа малынған Секентайым-ай! Ақындық өрісің өркенді болар ма екен? Көз тимесінші!..
Бала у-шудан көзін ашып алып, орнынан атып тұрды. Теңселіңкіреп, күн нұрына малынған  қып-қызыл қызғалдақты аймаққа қомағайлана, құмарта сүзілді. 
– Қызғалдақтарым! Мені  неге қол бұлғап  шақырып алдыңдар?! Сендер кімсіңдер? Ә-ә, өлең екенсіңдер ғой! Өмірлік өлеңімсіңдер!.. – Серік бала зеңгір аспанды құшақтағысы келгендей, қос қолын көкке сауа көтеріп,  күбірлеп қоя берді. Сәлден соң көзі жайнап, қуана сөйледі. – Ақын болғым келеді! Қалай болам, ә? Ақын деген кім өзі?.. Ақындар қызғалдақты жырлайды ғой… Қыздарды да жырлаймын мен!.. 
Қаумалап тұрғандар әртүрлі ойға батып, кейбірі: "бұл баланы шалық шалған шығар",  деп, естірте сыбырлап, күмілжи қиналып, өлеңшіл өскінді қақпақылдап өзінің ала тайына қонжитып, тезірек ауыл жаққа бет қойды. 
*   *   *
– Кеңшілік, сенен бірдеңе сұрайын ба?
– Әрине, білімдіден ғана сұрайды ғой!..
– Екеуміздің қайсымыз мықты ақынбыз, ә? – деді Серік көзін жыпылықтатып, назарын төмен сала.  
 Кеңшілік ернін жымқырып, бұған одырая қарады. Паңданғанда танауы қусырылып, көзі жіпсиіп, көкбеттеніп кетеді екен. Дауысын кенеп:
– Мұндай сұрақты маған қойма, халыққа қой! – деді жүрегі бұлқынып, тымырайған күйі. – Әрине, мені мықты дер!..
– Жоқ! Жо-оқ! – деп орнынан шоқ бас-қандай  ыршып тұрды Серік. – Мен мықтымын! Балалар, әсіресе, қыздар мені мойындайды! 
– Кеттік онда! – деді Кеңшілік  есікті жұлқып ашып. – Нұрхан ақыннан сұрай    мыз! Сол кісі ғана біледі… кімнің мықты екенін. Кеттік, нашар ақын!
Екеуі салып ұрып Торғай қаласының қыраттау тұсындағы жатаған үйге  жетіп келді. Бұлардың алқам-салқам күйлеріне қызыға қараған Нұрхан (Ахметбеков) қария:
–  Пәлі, мықты ақындар келіп қалды ғой! – деп төрге шығарып, жазу үстеліндегі қоқыраған қағаздарына бірауық сүзіліңкіреді  де езуіне күлкі үйіре отырып, екеуін әңгімеге тартты. Дұрысында өзі ұзын-сонар сөз бастап кетті. Тор-ғайдың ақындық мектебінің бастауында тұрған Жұмабай Шалабайұлынан бастап Есенжол  Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Құбаш Шалбайұлы, Әбіқай Нұртазаұлы, Күдері Жолдыбайұлы, Қашқынбай Қазұлы, Әбдірахман Иманқұлұлы  секілді айтулы тұлғалардың өмірінен үзік-үзік сыр тарқатып, олардың маржан шумақтарын әрегідік жатқа соғып жібереді. Мына сарыуыз балапандар ертегі тыңдағандай елітіп, кейде есеңгіреп кететіндей…  Нұрхан аталары жай емес, құйыннан жаратылған, ішіне құйма жыр толтырылған бір алып адамдай боп, көз алдарында зорая түседі. Аузынан төгілген лағыл өлеңдерінің кейбір тұсы миларына кірмей, бармақ тістеп қалатындай. Сөзін ойлап айтпайтындай, сөзбен ойнап отырғандай бір дүлей рух иесі екен. "Шайтанмен шатылған шайыр дерсің!" – деп Серік  сыбыр етіп, ауыз әдебиетінен оқыған осы сөзін Кеңшілікке айтпақ болып еді. Мәссаған, анау көзін жұмып, теңселе ырғалып, ішкі көрігімен әлдебір дыбыс күйлегендей боп, әбден мауығып алған. Тізесін тізесімен түртіп көріп еді, сезетін емес. Ернін шүршитіп, басын изелеп, қос иығын селкілдетіп қояды. "Мынау бүгін осы үйден мықты ақын атанып шығатын болды-ау!" – деген үрей билеп алды Серіктің бойын…  Өзі де манадан бері тағатсызданып, бірақ Нұрхан атасының мысынан именіп, әрең тәртіптеніп отыр еді, енді аттың басын жіберіп, Кеңшіліктен бетер әуеде қалықтағандай боп тым  әсершіл сезімге бөленіп кетті…   
Нұрхан ақын сөзін сөйлей отырып,  жас пері-лерінің  аңысын  білдіртпей аңдап, бұрыннан  балаң жырларымен етене таныстығына сайып, келешек жыр-ғұмырдың  қиын тағдырынан өміршең тамаша сәттерін жақұттай сүзіп алып, "дариға-дәурен-ай! Сендердің пешенелеріңе  неткен сұлу поэзия  бақыты бұйырғалы тұр!" – деп іштей тәнтіленіп, асқақ арман демеуімен орнынан  ұшып тұрды. Бұл бозөкпелердің балауса  өлеңдерін талай рет жатқа оқытып, тамсанып тыңдаған. Осы қазір  қос пыраққа қамшы салып жіберсе, жосыла көсілтетінін  және сезеді… Жәй келмегендерін де аңғарады. Қит етсе өлеңмен таласып қалса, өзіне кеп жүгінеді. Бәтуа, байлам сұрайды. Бұл ұлы мәмілегердей екеуін әманда татуластырып жібереді.  Осы жолғы дауы нешік екен?..  Дөп баса алмай отыр.
– Ал, Торғай ақындығының жас перілері! Шаруаларыңды  айтыңдар? – деді Нұрекең көз қиығымен сыр аңғармақ боп. –   Мен  өлеңімді он жасымда жетім күйімде бастағам. Сендер сондағы менен едәуір ересексіңдер ғой! Әжеп-тәуір танылып та қалдыңдар!  
Екеуі қып-қызыл боп кетіп, бір-біріне қысыла  қарады… Кеңшілікке  бұзықтау бір ой келе қалғаны: "Нұрхан мен Серік Тосын құмында туған. Қазір оны мықты ақын қылады!" Серік те тымырайып, үнсіз бұққан. Досының әлгіндегі құйын тұрғандай қып өлең оқығаны жүрегін шаншытып жіберген-тін. "Осы мықты атанып кетер-ау!" – деп қыпылықтайды. 
– Осы сендер Торғайда Ахмет пен Міржақып сынды алып ақын аталарың болғанын білмейсіңдер ғой.  Бұға-бұға бұқпантай өмір кешіппін… Жасым еңкейгенде, өз аузымнан ең құрығанда, есімдерін аманаттап кетейінші! Құс екеш құс та балапанының аузына нәр салмай ма? Мен де сендердің… Түбі, оларды оқымай, өрістенбейсіңдер!.. 
"Не деп кетті? – деп күйінді Кеңшілік. – Ылғи ығай мен сығай ақындар! Біз ше?.." Серікке ұрланып қарап еді, ол "мықты ақынмын" дегендей, маңғаз отыр. Секем алған Кеңшілік: "Тұра тұр, менен асып кетпессің!.." – деп  одан бетер тәкәппарлана  қалды.
Мыналардың бірдеңені бүлдіргелі келгені айқындала бастағандай. Соны сезген Нұрхан әңгімесін әдейі әріге салды. Қайнекей, Сырбай, Ғафу секілді есімі елге мәшһүр ақындардың жырларын тәмсілдеп, арасына өзінің моншақ түзілімдерін қоспалап, арқалынып тыйылмады. Осындай-осындай мықтылар  күллі қазақ             поэзиясының туын желбіретеді деп те жалын күдірейтті.
– Бірақ бір ғажабы, сол дарагөйлердің "мен айтулы ақынмын!" – деген астамшыл сөзін ес-тімеппін! – деп Нұрекең бұларға жымия қарағанда, бозөкпелер жерге кіріп кете жаздады. 
– Аға, біздің мектепке баратын уақытымыз тақап қалып еді, – деді Серік қымсынып. 
Кеңшілік те басын изеп жинала бастады. 
– Шаруаларың  болса, келіп тұрыңдар! –  деді Нұрекең терең ойға батқан кейіппен.– Ақын ата-бабаларыңның жолын берсін! Жас талант, тас тұяқсыңдар ғой, жарқындарым! Соларға ұқсап бағыңдар! Сендердің мықтылықтарыңа мәз бола берейінші! Анау Серікбай деген құрдастарың да өздерің сияқты тәуір ақын боп қалыптасып келеді. Әсіресе, жақсы адам бола біліңдер!.. 
Өзінің мықты ақын екендігі туралы "ләммим" демеді. Онсыз да Нұрхан Ахметбековтің 1943 жылы Алматыда өткен тұңғыш республикалық халық ақындарының айтысын          суырып салып ашқандағы тапқырлығы мен шешендігін ел іші айырықша бағалайтын. Ел аузындағы "Есім сері", "Жасауыл қырғыны", т.б.          дастандары – ұлттық өлмес мұралар қатарында дараланатын.
… Жылдар өткен жылыстап.  Қарт Торғайда сал ауруынан азаптанып, тілсіз, қимылсыз жатқан күйінде Нұрхан ақын да өткен өмірден. Оның  қабірінің басында әлгі үш балауса ақындар да көз жастарын бұлап тұрған…Араға он үш жыл салып дәл осындай дімкәстіктен жаны күйзеліп, торыққан қазақтың тағы бір ақтангер ақыны Қайнекей Жармағамбетов Алматыдан еліне шипа іздеп қоныс аударып келіп, туған жерінің саф ауасын соңғы рет қарпып жұтып, мәңгілікке жөнеле бергеніне де әлгі  танымал ақын боп қалыптасып қалған үшеуі де куә болған еді… Сол жолы ол астаналық тұрағынан бай кітапханасын да көшіріп әкелген-тін. Шіркін-ай, сол кітапхананың қызығын бұлар көрудей-ақ, көрген! Қайнекей ағалары өз қолымен Ахметтің, Міржақыптың, Мағжанның өлең кітаптарын үйінен қамап шығармай, бұқпантайлатып қойып оқытқанын сірә, ұмытар ма, бұлар?!
Аманаттар орындалады екен, ұстаздарының ісін шәкірттері іңкәрлікпен жалғастырады екен!..
*   *   *
Телефонның арғы жағынан Күланда Бөкішева апасының зіркіл аралас әміршіл дауысы ес-тіле бастады. Серік мұндайда әзілін шапақтап, жеңіл құтылатын. Апасының мына жолғысы басқаша арындап бара жатқандай. Күллі қазақ мұңын жүрегіне жүк қып сүйрелейтін нағыз тарихшыл, мәдениетшіл, рухшыл осы апасының  көкейкесті ұсыныс-пікірлері жасы ұлғайған сайын тіпті үдеп, үстемеленіп барады.  Халық қамына қамыққаннан айтатынын да жалғыз Серік емес, былайғы зиялы қауым өкілдері,  жалпы ел-жұрты парасатпен пайымдай біледі. Бүгінгі қазақтың мақтантұтарлары Мырзатай Жолдасбеков, Қойшығара Салғараұлы, Төлен Әб-дікұлы, т.б. Күланда апаның кесімді кеңестеріне ықыластана құлақ түретін. Әсіресе соңғы  екеуіне өзімсініп жекіп-жекіп алатын. Әбіш,  Фариза, Ақселеулер де ол кісіні сөзге тартып, өмір дәні, уақыт мәні тұрғысында ойларымен бөлісуге құштар-тын.
– Әй, Серік! Сен не бітіріп жүрсің осы! – Күләнда апасы телефонда болмай, қасында тұрса шапалақпен жағынан тартып жіберетіндей боп, қаһарына міне бастады. – Не бітіріп жүрсің деймін! Ахахау, екекеу!..  
– Апа-ау! Не бүлдіріп қойдым?
– Осы сен, өмір бойы мүйізі қарағайдай сазгерлермен мидай араласып жүрсің ғой! Шәмшіден бастап, Қабылахат, Әсет, ылғи ығай-сығайлар сенің ақындығыңа бас игенін білем! Сырбай мен Ғафуды былай қойып, саған ән мәтінін жазғызып алатын еді. Білем, Кеңшілік өзінің кесірлік ұстанымымен ән сөзін әдейі  жазбай кетті… Сенің сазгерлермен шығармашылық  ғажап, сәтті одақтастығыңа мақтанамын. Ол жағын өзің түсінесің. Ал енді… 
– Ал енді… Не істеуіміз керек, апа?
– Тыңда сен! Көшедегі қыз-қырқынның  соңынан телміріп қарағыштай бергенше, сол өзіңдікі болмаса да, өзгенің ән сөздерін неге дұрыстап сүзгіден өткізіп, жөн қалыбына салмайсыңдар, осы!  
– Нақты қандай ән жөнінде, апа!
– Халық әні "Бір бала" туралы. Оның атауы "Бір ғана" болуы керек! Ал қайырмасындағы "Бір бала-ай" тиісінше "Бір ғана-ай" боп түзетіліп айтылғаны  жөн! Әбіқайдың Ахметханынан 
артық ешкім сөз қадірін түсіне қоймас, асылық болмасын, сол шешен ағамыздың аузынан осы төңірегінде талай  естігем. Естігендерімді сендерге аманаттап кетпей, көрге қалай мұңсыз түсем, шіркіндер-ай! 
Серік  жауабын жедел сайлап алу үшін, сәл тосылып, үнсіз қалды. Күланда апасы осы тектес ескертпелерін Алматыға беделді телеарнаның арнайы шақыртуымен жүргізілген хабарда да тігісін жатқызып, орынды сыналап айтқан-ды. Ұсыныстары музыка зерттеушілері тарапынан да құба-құп  алынған. Ол кезде Серік Қазақ  телевидениесінің әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясының редакторы еді. Бұл мәселе бір жағы өзіне де тікелей қатысты болған соң, біраз сараптамалық дау-дамайға қатысып, жөндемдегендей болып еді. Бірақ әуелгі ән сөзіндегі  қателік сол екпінімен кейінгі басылымдарда да жалғаса түсіпті.
Күланда апасының тағы бір шаршамай қаузап жүргені – "Айналайын Торғайым!" әніне қатысты боп келеді. Қазір соны да қайта қаулата ма деген күдікпен ол жағын да електен өткізіп, жауабын әзірлеп алса, артық емес. Осы ойын телефонның арғы жағындағы апасы сезіп қой-ғандай боп, дауысын көтеріп, тұтқа түбін де    тықылдатып, белгі беріп жатыр:
– Айта-айта шаршадым ғой. Анау Алтынбай Сейітқасымов сөзі мен әнін жазған "Айналайын Торғайым!" тағдыры сонымен  тәмамдалды ма?   
– Автордың келісімімен бір топтың орындауында "Айналайын туған жер!" боп шырқалып келеді, апа. Талай айтылды, бірақ қайран жоқ…
Апасының тулағалы тұрғанын оның үнсіз қалғанынан сезіп, Серік қыпылық атты. Басу айтқызуға жеткізбеді, арғы жақтан қайраққа жанылғандай ащы дауыс жүйкесін қарып жіберді.
– Пәтшағарлар! Сонда немене, "Жарқын болсын келешегің, Айналайын Торғайым!" – деген сөз кімнің көңіліне жақпай қалған екен, ә?! Соңғы буынын "Айналайын туған жер!" – деп сып еткізіп өзгертіп ала қойғаннан кімдер ұшпаққа шығыпты, ә?! Саған айтам, Серікжан! Сұрауы кімнен? Халықтың мықты ақыны ре-тінде сен осындай басбұзарлыққа тосқауыл бола білуің де керек! Сенің әнге жазылған өз сөздерің де жетіп артылады! Мінсіз, талантпен қыр-            налған! Оны білем ғой! Бірақ бұл жерде жершілдіктің еш нышаны жоқ! Туған жерді асқақтатып ән-жырға қосқан  қаншама туындылар еліміздің рухани байлығына айналған десейші. Мысалы, өзің білесің, Мойынқұм, Алтай, Алматы, Жетісу, Жайық бойы, оңтүстік өңірлер, Қостанай, Аякөз, т.б. аймақтар, аттары аталғанда жан-жүректі шымырлатпай ма? "Айналайын Торғайым!" десе, аспан айналып жерге түсіп кете ме, түгі!? 
– Апа-ау, енді…
– Қой, апалай берме! Осы айтқандарымнан әлі де бірдеңе шығар! Сен жай ақын емессің ғой, халқың сүйіп, аса қадірлейтін мықты ақынсың! Тіл тағдыры – халық тағдыры екенін менен артық түсінесің! Менікі, әйтеуір, дем беру ғой! Әлі қаншама, қазақ әдебиеті  мен мәдениетінің, өнерінің көп болып жанашырлық тұрғысынан ойланарлық тұстары жетіп артылады. Жеңіл мәтінді әндер кейде жүректі шайлықтырып, мезі етеді. Саф алтындай халық әндерінің інжу-маржандары неге сирек естіледі? Сіз, біз боп шешпесек, Міржақыпша айтқанда, сырттан біреу келіп шешіп бермейді, шырағым!
Серік телефон тұтқасын орнына қойып, қатты ойланып қалды. Жүрегі шанышып кетті… Қан қысымы басына  тепкендей ме? Әлде өлең сиқыры  тербей бастады ма?.. Үстеліне қалай келіп, қолына қалам алғанын да сезбейтіндей… "Қажет емес лауазым, мансабың, Ауды өлеңге – ауды әуенге аңсарым. Кейде шаршап, қалжыраған кезімде, Бір тыңдасам тыңаямын Шәмші әнін!"…
*    *   * 
Серік Тұрғынбекұлы! Бүгінде бұл есімді қазақ мағынасынан айырып айту әсте қиын! Тұтасып кеткен тастұғыр іспетті. Егіз ұғым, ажырағысыз мәнді мазмұн. Алқаулы айдында сұлу жүзген, кейде жанарынан мұң үзілген қос аққу тағдырындай  жұмбақ та күрделі, жайдарман да шадыманды өмір құбылысы дерлік! Серік жанын  жыға тану үшін оның музасымен ауыру керек! Поэзиясымен қоса шаттану керек! Ақынды сүю керек! Ал дара дарынның  арман-аңсарын, өлең боп жаратылғанын, тілімен бал татырғанын, халқының қамы үшін таң     атырғанын, бір ауыз болашақ сөзін айтуға бас қатыр-ғанын білмек болсаңыз – оқыңыз Серікті! Ойланып-толғанып, сүйіп-күйіп оқыңыз! Ақындық, ғұмырлық кредосы ма? Міне: "Басылмасын туған Елдің думаны, Арманым сол – Аңсарым сол туғалы. Желбіресін Желтоқсанның  желімен, Қолдан түспей Тәуелсіздік тулары".
Тәуелсіздік Серік ақынды түлетті, түрлентті. Тыңнан түрен салған  тақырыптарын талғаммен толғануға кең мүмкіндік туды. Тереңнен көзін ашқан тұма бұлақтай сылдырлай, сың-ғырлай ақты. Еркіндікті аңсаған көңілді байытып, шөл қысқан аңқаны қандырды. Қазақ келешегінің керемет сипаттарын саралап, елдік мінезге еселеп ынтықтыра түсті. "Таластым талай – тақастым, Адастым талай – шатастым. Жап-жарық күннің өзінде, Ішінде жаттым қа-пастың", – деп  ұлт болашағының күңгірттенген тұсында жүрегін қақ айыра "аһ" ұрған ақын, Тәуелсіздіктің алтын таңы атарына шәк келтірмей ішкі әулиелік болжамын күйттеп, күйлеп жүр екен-ау! Тәуелсіздік есік қаға салысымен Серіктің  жыр-сезімі жанартаудай атқылап, селдей жосып, жолындағы ескі сенім-сөлекетті, рухты аздырған пәлекетті, түзуліктен тайдыр-ған имансыздықты, тінінен сөгілген тілді, нілдей бұзылған дінді, құнарынан айырылған жерді мүлде жаңаша леппен, астарламай, ап-анық, ащылығын тұшытпай, көкейкестілігін көркемдікпен кестелеп нағыз талантқа тән тегеурінімен таңқалдыра жөнелсін! "Тәуелсіздік… Болмас үшін сөз ғана. Ұйқыңды қи – күлкіңді тый бозбала. Бара жатыр көкірегі қарайып, Атаң  шапқан жасыл жайлау, боз дала", – деп сұңқардай саңқылдап сақтандырды қазақ біткенді.  Тәуелсіздік – күлкі-той, жағаны жайлауға жіберіп алаңсыз жантайып жату еместігін ескертті. Тәуелсіздіктің әр сәтін бағалап, оны тұрақтандыра түсудің амалдарына былайша  үндеді: "Ару – Бақыт араласа, әр үйді, Дархан Елге бақ-несібе дариды. Тәй-тәй басқан қолтығынан демейік, Тәуелсіздік дейтін – Титтей сәбиді!..".
Оқырмандарының шынайы сүйіспеншілігіне бөленген жыр жампозының аудиториясы тіптен өріс жая түсті. Сәбит Мұқанов "ең халықшыл" жазушы атанып мерейленсе, классиктің батасын алған Серікті де бүгін қалың елі сондай дархандықпен, ыстық ықыласпен алақанына салып мәпелейді, мақтан тұтады, қолпаштайды. Бұдан  менменсіп, желігіп кеткен ол жоқ. Сыртқы сыпайлығын сақтап, ішкі тәрбиелігін шамшырақ етеді. Жұрты әртүрлі кездесулерге жаппай шақырады. Тіпті күн құрғатпай десе де болады. Тұтастай елі, облысы, ауданы, алақандай ауылы, еленбей қалған елді мекені – ақынын төріне шығаруға асығады. Мәпелегенін мәртебе көреді. "Серік сері келіп кетіпті, жырдан сарай соғып беріпті"  десе, көршілерінің  көздері қызғаныштан  қанталайды. Астанаға өкілдерін жіберіп, үйінің маңын аңдытып қояды, сыйлы қонақ етпекке. Бір жолы сондай ақжүректілер "Сері ақынның тұрағын айтыңдаршы" деп біраз дүрліктірсе керек. "Сізге өзі кім керек, есімі кім?" – дейді көшеде тоқтатылған бейтаныс. "Маған Сері Тұрғынбекұлы керек!" –  дейді  жоқ іздеуші. Бұл Серіні емес, Серікті білетінін айтады. Сонда әлгі бейбақ   "Жетпей тұрғаны –   жалғыз "к" әріпі ме?" –  деп біраз мөңкіп алып, өз өңірінде бұл ақынды Сері дейтінін айтып    ақталады. 
Пай-пай, заман-ай! Қазақ әдебиеті өз ғұмырында  серілерін мақтан тұтқан екен. Басында Ақан сері тұр! Бірі – Сәкен-сері (Сейфуллин), екіншісі де – Сәкен-сері (Жүнісов). Ақындар мен жазушы. Енді келіп оларға  ақын Серік сері  қосылғандай екен… Ел бағасына ешкім түзету енгізе алмайды ғой… Сүйікті еліне берген  Серік серінің серті де берік: "Мен ақынмын! Сен сірә, сенесің бе? Капитанмын өлеңнің кемесінде. Өтіп келген өлең-жыр майданынан, Жауынгермін! – Сау жері жоқ денесінде!"
*   *   *
– Сіздің дарынды драматург екендігіңізге көзіміз енді  жетті! – Сахна шымылдығы жабыл-ғалы тұрғанда айтылған білікті режиссердің лебізі бұл. Осы ақжарма тілекті құптағандай көрермендер дуылдата шапалақ ұрды. "Мұқағали" спектаклінің мұңы мен зары, өксігі мен өршіл үні әр жүректі ебіл-себіл етіп, елжіреткен. Жанарларында – жас, көңілдерінде – үміт пен сенім! Әркімді махаббаттың құдірет-күші билеген! Көптің сұрауымен залдан сахнаға көтерілген Серік-драматург "Мұқағалиға сәлем!" – деп, көрермендерге  басын иіп, тағзым етті де өз драмасының кейіпкері  Мақатаевтың жалынды жырының тиегін ағытты… "Туады, туады әлі нағыз ақын, Нағыз ақын бал мен у тамызатын. Жесірдің айырылмас сырласы боп, Жендеттің көзінен жас ағызатын. Туады, туады әлі нағыз ақын!.." Зал іші толқынданып кетті…
 Ақын-драматург С.Тұрғынбекұлының бұл "Мұқағали" драмасы Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы  Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма  театрында, міне, он жылдай аншлагпен қойылып келеді. Оқырмандарымен қоса көрермендерінің ыстық ықыласына бөленген Секең неткен бақытты еді.
Оның драматургия саласындағы соны ізде-ністері әсіресе, Тәуелсіздік жылдарында алмас қырындай сәулелі шашырап, театртанудың қоржынына мол олжа салғаны мамандар тарапынан жоғары бағаланып жүр. Бұл ретте Серіктің  ұлт-азаттық көтерілісінің ержүрек күрескері Кейкі Көкембаевтың  тағдыры тарихи көркем таңбаланған "Кейкі батыр", Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтың ақындық мектебінің қалыптасу, даму тұрғысын, жалпы Торғай өңірінің кеңес кезеңіндегі әлеуметтік-мәдени өмірінің қалтарысты-қағытпалы тұстарын шеберлікпен өрген "Нұрхан" драмалық қойылымдары еліміз театр өнерінің айтулы да шоқтықты белестерінің бірінен саналатыны мойындалып үлгерген.
Он жылдан астам Астанадағы С.Сейфуллин мұражайын басқарған Серіктің елімізден тыс-қары жерлердегі өз әріптестерімен тығыз байланыс орнатуының нәтижесінде бұл саланы тың деректермен толықтырып, түбірімен жаңғыртты. Сәкен серіге қатысты мол мұралар табылды. Өзі де тап осы жылдары Ахмет, Сәкен, Мағжан,  Міржақып, Мұхтар, Ілияс туралы соны көзқараспен туындылар топтамасын жариялады. Абылай ханның хас батырларының бірі бол-ған Шақшақ Жәнібектің образын ерлік пен  елдік мұрат  егіздігімен сомдай білді. Жиырмаға жуық жыр жинақтарының  авторы  соңғы жылдары  оқырмандарынан жоғары баға алған "Кейкі батыр", "Махамбет және Жәңгір хан", "Ақан сері – Балқадиша", "Балуан Шолақ – Ғалия" поэмалары арқылы қазақ поэ-зиясының алтын тұғырынан тиесілі орнын алды. Жырлары жүректерге қонақтады. Халқы Серік ақынын одан әрі әспеттеп, мақтан тұтатын болды. Өйткені ол текті  сөз қаруымен бүгінгі Тәуелсіздіктің қалай келгенін, қайтіп сақталып қалатынын, қадір-қасиетін ұғындыра білген көкірегі шежірешіл апайтөс ақындығымен қатар көсемсөздің де майталман жорғасы, драмалық жанрдың дараланған дарабозы. Осындай бесаспаптықпен суарылған ақын ғана  Тәуелсіздік, Мәңгілік ел, Махаббат, Туған жер, ұлы Отан, адамдық ар-ождан, имандылық бойтұмары, ұлтжандылық ұлағат тұрғысындағы тақырыптарын талантының талбесігінде тебірене             тербете алары хақ. Соның куәсі болудың өзі, оқырмандар үшін де зор мәртебе.
Серік ақын қазақ әдебиетінің қалтарыста қалған інжу-маржандарын жинап  бастыруда да қағілездік пен жанашырлық таныта білетін ізденгіш тұлға. Соның бір мысалын тұздықтайық. Зар-нала заман тұсында  торғайлық ақын Әбіқай Нұртазаұлының "Тас мешін" қасірет-нама  дастанын Қайнекей Жармағамбетов сол өңір жыршысы Назарбек Бектемісұлына аманаттап кетеді. Бірақ оны жарыққа шығарудың себепті-себепсіз кілтипандары көп болады да шаңға көміліп қала береді. Міне, осы тұста Серіктің ұлттық қазынаға деген жанкештілігінің арқасында алапат жұттың көрінісін сипаттайтын "Тас мешін" дастаны "Қазақ әдебиеті" газеті арқылы  оқырмандарына жол тартқан екен. Сондай-ақ оның Міржақып мүрдесінің туған жеріне қайта жерленуіне де қосқан үлесі мен көмегі, рухани қолдауы айтарлықтай еді. Міржақыптың қызы Гүлнәр апамызды қолтықтап тұрып, Карелиядан табытпен оралған көлік ішінен алыс жолдың азабын тартқан біздер түсе бергенімізде: "Сүйретіп әзер сүйегін, Келдің бе қайтып, киелім. Аңырап тұрмын алдыңда, Ағытып шердің тиегін", – деп Серік ақын күңіреніп қоя бергенде, құйқамыз шымырлағандай болғанбыз.
"Серік сері қайда істейді, осы?" деп жоқ жерден дауласып, керілдесе кететін жанкүйер-тілектестері де жетіп артылады. Бірі зейнетте екенін айтса, екіншісі телерадио журналисі деп дес  бермейді. Және де ол бұл дәйектемесін Серіктің үнемі телехабарлардағы өзекті ой-пікір талқысына қатысқанда  пікір-байламының  оқшаулығымен дараланып, радиодан да сарабдал               әңгімелерінің тиегін ағытып жататынымен дәлелдеп бағады. Келесісі: "Серік сері ақын боп жұмыс істейді ғой!"– деп оның  жауһар жырларын жатқа соға жөнеледі. "Ақын боп кеңседе тапжылмай жұмыс жасамаса, осындай өлеңдер жазылушы ма еді?!" – деп  шын пейілімен ақтарылады. Күлкілі ме? Жоқ! Ақынды мойындаудың таза иланысы! Ақынды өзіндік іш тартып, жақын қабылдаудың мөлдір көрінісі! Ақынға ақыннан бетер жаны ашудың жарқын мысалы. Ақыны жырымен әлдилесе, оқырманы қарыздар боп қалмай, қанағат, тәубесін ыстық сезі-мімен аялап жатқаны ғой.
Оның шығармашылық еңбегі лайықты бағаланған: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының және Республикалық Махамбет сыйлығының және Халықаралық түрік поэзиясы сыйлығының иегері.
…Біртуар батыр Тоқтар Әубәкіровтің таңғажайып ерлікке толы өмір жолы тамаша жыр-ланған "Ғарыш-қазақ" поэмасы Серік Тұрғын- бекұлына, тіпті қазақ поэзиясына зор абырой-бедел сыйлады. Кітаптың тұсаукесерінде Тоқтар толқып тұрып:
– Серіктей ақындарды ғарышқа алып ұшса, жұмыр жер үсті бүгінгі алауыздық зардабынан құтылып, оны мекендеген күллі адамзат махаббатпен мейірлене түсер еді-ау! – депті әзіл араластырып.
…Тоқтар, Серік және "Ғарыш-қазақ" қалампыр гүлдерге оранды.
…Баяғы Түйемойнақ жазығындағы жайқалған қызғалдақтар Серіктің  көзіне  оттай басылып, елестеді. Оған сүйсіне, мейірлене, өзімсіне қараған Батыр ішінен: "Ақынның қызғалдақ ғұмыры" деп, тамсанып тұрды! 
 
Қайсар ӘЛІМ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
АСТАНА.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓