“КӨК ТҮРІКТЕР” – Қостанайда
Тобыл өңіріне "Ғасыр меценаты" атанған белгілі жиһангер әрі сәулетші, құрылысшы Сапар Ысқақұлы келіп, кездесу кешін өткізді. Сонымен қатар өзі құруға мұрындық болған "Көк Түріктер" этно-фольклорлық ансамблінің концерті облыстық қазақ драма театрында берілді. Астанадағы "Тілеп-қобыз" сарайының ішінде құрылған "Көк Түріктер" ансамблінің дүниеге келгеніне аз уақыт болса да көрермен көзайымына айналып үлгірді. Бұл жолы да қостанайлық көрермендер ансамбльдің ерекше өнеріне тәнті болды.
Сапар Ысқақұлының есімі жақсы таныс. Жиһангер-лікпен әлемнің жүзден астам елі мен жерін аралап саяхаттай жүріп, Оңтүстік полюс пен Солтүстік полюске барып, сонда тәуелсіз Қазақстанның көк туымен қоса Қостанай облысының да туын ала барып, желбіреткен қазақ. Жұбайы Күмісай да екі полюске де еріне ере барып, Қазақстан туын бірге тігіскен. Өнер мен мәдениетке қаржы бөліп, қамқорлық көрсетіп жүрген жанға кездесу алдында бірнеше сауал қоя кетудің реті келген еді.
– Сапар Ысқақұлы,Тобыл өңіріне келіп қалған екенсіздер. Бұл кездесудің мақсаты қандай?
– Туған жерге келіп қуанып жатырмыз. Негізі тойға келгенімді жасыра алмаспын. Бірақ, әдейі келген соң халықпен кездесіп, бүгінде атағы шыға бастаған "Көк Түріктер" ансамблін де ала келдім. Әрі дүниежүзін қос мәрте аралаған жанмен кездесіп, дидарласу қызықты болады деген ойым бар. Дүниежүзін екі рет аралап, кейінгісінде 27 елде болдық. Барардың алдында неге елімізде өткізілетін "ЭКСПО-2017" көрмесі жайлы жүрген жерімде айтып жүрмеймін деген ой келді. Содан менің ұсынысым мақұлданып, талай елде қазақтың туы жел-біреді. Менің байқағаным, бүгінде Қазақстанды, Елбасын білмейтіндер аз екен.
– Сіз Торғай жерінде мұнай бар, оған жіті көңіл бөлу керек деген жанның бірісіз. Осы жайында пікіріңізді білдіре кетсеңіз?
– Торғай жеріндегі мұнайды тауып, оны шығару үшін көп қаражат қажет. Және де оның оңайлықпен алдырмайтыны тағы бар. Сол мақсатта инвесторлар жинадық. Бірақ, қазіргі елдегі дағдарысқа байланысты бұл бастама тоқтап тұр. Мұнайдың бағасы да төмендеп кетті. Осының бәрі бір-біріне себепші болып тұрған жайы бар. Әйтпесе бұл істі мамыр айында бастаймыз деп едік. Десе де, бұл бастаманың болашағы жарқын. Ғарыштан барлау жасағанда мұнай болуы тиісті деген шешім қабылдап отырмыз. Бірақ бұл іске көп қаражат керек. Мысалы, жаңағы ғарыштан барлау жасау үшін 1 космостық бағдарға 5 млн. доллар кетеді. Ал, оған барлығы 7 барлау керек. Сонда өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Бірақ Торғай мұнайына бұрғы салынады. Түбі бұл іс жүзеге асады.
– Дүниежүзін екі рет араладыңыз. Десе де, арманыңызда әлі де барғыңыз келетін жерлер бар ма?
– Адамда арман біткен бе?! Барғым келетін жерлер көп. Орталық Америкаға жол жүргім келеді. Орталық Американың біраз елдерінде болсам деймін. Онда Майя деген тайпаның үлкен храмы бар. Тибет еліне барғым келеді. Ол бірақ келер жылғы жоспарым. Амандық болса бара жатармын. Қазір телеарнадан "Тур де Хабар" деген бағдарлама шығардық. Сол бағдарлама арқылы өз жұмыстарымызды көрсетіп тұрамыз. Қызықты болады деп ойлаймын.
Бұл кездесудің арты тамаша концертке ұласты. Қазақ драма театрының сахнасында "Көк Түріктер" ансамблі шыққанда олардың сан түрлі аспаптары алғашында көзімізге оғаштау көрінгені рас. Бірақ мынадай сан қилы аспаптан небір әсем әуен шығады деп те ойламаппыз. Жалпы, Сапар Ысқақұлының бастамасымен Астанада алты жыл бойы салынған Қобыз сарайы тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында ашылып, көрікті ғимараттардың біріне айналған еді. Бұл еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға болғаны да рас. Осы жерде "Көк түріктер" ансамблі құрылған. Ансамбльдің жетекшісі, талантты ұстаз, сазгер Шолпан Қорғанбекова.
Ансамбль бірегей әрі тартымды болуы үшін, Сапар Ысқақұлы әрбір әртіс әлденеше аспапта ойнауы керек деген мақсат белгілеген екен әу баста. Осы талап ансамбльді ерекшелеп тұрғандай. Театр сахнасында түркінің әуендері, күйлері орындалды. "Тілеп-абыз", "Тілеп-аңыз", "Көк түріктер", "Дала тынысы", "Шыңғыс хан", "Сұлтан Бейбарыс" сынды шығармалар әуеленді. Деректерге сүйенсек, ансамбльде 24 түрлі аспап пайдаланылады екен. Олардың ішінде данышпан Әл-Фарабидің әл-канун аспабы, Монғолияның Алтай тауынан табылған, V ғасырдағы бабаларымыз көне түріктердің ұстаған "Ата домбыра" деп аталған қара домбырасының көшірмесі бар. Сонымен қатар месқобыз, қылқобыз, жетіген, сыбызғы, дабыл, асатаяқ сынды қазақтың ескі аспаптары ойналады. Сонымен қатар, Сапар Ыс-қақұлының тікелей бесінші бабасы, қобызшы Тілеп Аспантайұлының 280 жыл болған Нар-қобызының көшірмесі де бар. Монғол халқының "морынқұр" аспабы да ансамбльдің құрамына енген.
Әр музыканттың бірнеше аспапта ойнауы асқан шеберлікті талап ететіні белгілі. Ал осындай аспаптан шыққан әуен тіптен ерекше. Шын мәнісінде керемет болды. Ансамбльді құрудағы негізгі мақсаты – қазақ халқының ән-күйлерін, қолданысқа көп ие болмай қалған халқымыздың аспаптарын жаңғырту. Осы мақсатқа ансамбльдің құрамындағы шебер музыканттар қол жеткізе білген.
Түркінің әуезді сарынын кеңінен насихаттайтын бұл ансамбльдің концерті аз ғана болса да, көрермен тамаша әсерге бөленді.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА
Суреттерде: концерттен көріністер.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.