Ақиық ақынның құрметіне
«Жырлайды жүрек»
Осыдан 85 жыл бұрын ары таза, жаны мөлдір, өлеңдері келешек ұрпақ үшін мәңгілік мектепке айналған, қазақ жырының бұрын көрінбеген жаңа қатпарларын ашып, қара өлеңді әрбір қазақтың сырласына, мұңдасына айналдыра білген қыран қанат тау ұлы Мұқағали Мақатаев дүние есігін ашқан.
Ақынның әрбір өлеңін оқығанда керемет күй кешіп, рухани күш аласың. Тәуелсіз мемлекетіміздің келешегі кемел, шаңырағы биік, керегесі кең болуын ойласақ, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу бүгінгі күннің еншісінде. Сондықтан да колледж ұстазы Әсел Омарова «Жауқазын» үйірмесімен бірлесіп, Мұқағали Мақатаевтың 85 жасқа келген туған күнін мерекелеу құрметіне «Жырлайды жүрек» тақырыбында өнер байқауын ұйымдастырды. Өнер байқауы үш кезеңді қамтыды, ақынның өлеңдерін жатқа оқу, өлең сөздеріне жазылған ән байқауы, ақынның бейнесін, ақын жасаған бейнелерді сомдау.Өнер байқауы барысында қатысушы әр топтың студенттері ақын өлеңдерін тебірене оқып, әндерді әсерлі орындай білсе , Мұқағали бейнесін, ақын жасаған бейнелерді сомдай біліп, көрермен қауымды өз өнерлеріне тәнті етті.
Кеште ақынның «Аққулар ұйқтағанда» поэмасынан қойылым көрсетіліп, Мұқағали ақынның өз бейнесі сомдалып, жазған күнделігінен монолог оқылды. Байқаудың бас жүлдесіне Э-11 тобы, 1-орынға М-21тобы, 2-орынға ТО-21тобы, 3-орынға Ф-11 тобы лайық деп танылып, арнаулы сыйлықтармен, мақтау дипломдармен марапаттады.
Бағила БАЛМАШЕВА,
Торғай аграрлық-техникалық колледжі
Мұқағали Мақатаев – біздің мақтанышымыз!
Мұқағали Мақатаев-қазақ поэзиясы әлеміне шетсіз, шексіз кеңістік пен биіктік әкелген ақын. Кәусәр сезім мен көңіл, шалқыған шаттық пен мұңға тұңған махаббат, буырқанған шабыт пен сөнбес сағыныш сыйлаған. Ақын М.Мақатаевтың туғанына биыл – 85 жыл. Хан тәңірінің мұзбалағы атанып, өлең өлкесінде шамасына шаң жұқтырмаған дарын иесі, ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған «Мұқағали Мақатаев – біздің мақтанышымыз!» атты іс-шараны өткіздік. Іс-шараның мақсаты – жүрегі бар адамның сезімінің селт еткізетіндей Мұқағали жырларын болашық ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталатындай із қалдыру. Осы іс-шараға колледжіміздің 1-3 курс студенттері өз өтінішін білдіріп қатысты. Сайысқа қатысушылар көп болды, бірақ талапқа сай үміткерлер ішінен іріктелген 22 студент қатысты. Солардың ішінде Әсел, Молдабай, Самат Сапабек, Айжан Айтжан сынды студенттеріміз көзге түсіп, өздерінің өлеңдерін, жырларын, эсселерін шеберлікпен орындай білді. Алдағы уақыттарда ақиық ақынға арнау өлең де, эссе де естеліктер де әлі де жазыла берер. Мұқағалидің өзі айтпақшы: «Өлең өше ме, көше ме мәселе сонда!», ал Мұқағали Мақатавтың жырлары күткендерге көктен түскен жұлдыздай боп, күтпегендерге – мәңгі тозбас асылдай боп, XX ғасырдан ХХI ғасырға бар бояуын жоғалтпай келгені анық.
Гүлден ҚАРАСАРТОВА,
қазақ тілі мен әдебиет пәні оқытушысы
Қостанай гуманитарлық колледжі
Ақынға арналды
«Алтын Дала» аулындағы Красный Октябрь орта мектебі мен Красный Октябрь модельді селолық кітапханасы бірігіп, ақиық ақын М.Мақатаевтың туғанына 85 жыл толуына байланысты «Поэзия! Менімен егіз бе едің?» атты әдеби-жыр кешін өткізді. Кеште ақын өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Сонымен қатар ақынның поэмаларынан үзінді оқылып, көрініс көрсетілді. Кешті тамашалауға көрермендер көп жиналды. Ақынның бірнеше өлең аудандық «Мақатаев оқулары» байқауының жүлдегері 9 сынып оқушысы Қасым Байқоныс асқан шеберлікпен орындады. Ал, 9 сынып оқушысы Сымбат Сейтбекова «Саржайлау» әнін шырқап, көрермендерді бір серпілтіп тастады. Облыстық «Сөз құдіреті» байқауының екінші кезеңінің жүлдегері, 8 сынып оқушысы Ралина Әбдіғали ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын шеберлікпен орындаса, оқушылар көрініс қойды. Көрініс көрермендердің көңілдерін толқытты. 11 сынып оқушысы Айдана ақынның «Мен деп ойла», «Бақыт деген» әндерін орындап, көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлады.
Айткүл КҮДЕСОВА,
кітапханашы
Қостанай ауданы
«Мұзбалақ ақын – Мұқағали»
Міне, осындай атпен Шолақсай орта мектепте халқымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевқа арналған кеш өтті. Іс-шараның мақсаты – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мұрасы, маржан поэзиясымен бөлісу еді. Ақынның шығармашылығына, қысқаша өміріне шолу, поэзиясына талдау жасай отырып, ақын өлеңінің сүйіспеншілік сезімдерін арттыру. Жастардың бойында достық жөніндегі ұғымдарын дамыту болатын. Ең алдымен, Шолақсай ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Элмира Қалиева ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер берді. Кешке Шолақсай орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімдері мен оқушылары белсене атсалысты. Кеште физика пәнінің мұғалімі Нұрлан Нәдірбеков ақынның «Ғашықпын» өлеңін нақышына келтіре мәнерлеп оқып, көрермендерді бір серпілтті. Жыр кешінде ұстаздар да, оқушылар да ақынның туған жер туралы, адам тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, соғыс тауқыметіне арналған лирикасы, ұлттық зермен зерделенген өлеңдерін оқыды. Мұғалімдер болса ақиық ақынның «Аққулар ұйықтағанда» атты поэмасы бойынша қойылым ұсынды. Математика пәні мұғалімі Ержігіт Жұмабаев ақынның әндерін шырқады. Кешке ұлты өзге болса да, ауыл әкімі Надежда Киселева да қатысып, өзінің алғысын білдірді.
Жұмабике НҰРСЕЙТОВА,
Шолақсай ауылы
Науырзым ауданы