80 шақырымды жүгіріп өтті
Биыл Қостанай облысының құрылғанына 80 жыл. Мерейлі датаға орай «Қайрат және Ко» әуесқой желаяқтар клубы 80 шақырымдық марафон ұйымдастырды. Оған 15 пен 64 жас аралығындағы 16 спортшы қатысып, Лисаковтан Рудный қаласына дейін жолды жүгіріп өтті. Шараның бас-қасында жүрген Қайрат Төлебаевтың айтуынша, облысымыздың қос қаласын жалғаған марафон Тобыл өңірінде тұңғыш рет өтіп отыр.
– Осыған дейін 42 шақырымдық марафон мен ұзындығы 2000 шақырымнан асатын Таран-Волгоград веложарысына қатыстым. Ал осындай акцияны ұйымдастыру туралы идея маған жаңа жылдан кейін келді. Газет оқып отырып, биыл облысымыз 80-жылдығын атап өтетіндігіне көзім түсті. Осылайша, мерекеге өз үлесімізді қосып, салауатты өмір салтын насихаттау ниетімен осындай шараны ұйымдастырдық. Акция «Туған өлкем, сенімен мақтанам!» деп аталады, – дейді спортшы.
Мәре сызығын қатысушылар 3 сағатта жүгіріп өтті. Оларды кеншілер қаласының жұртшылығы жылы қарсы алып, Рудныйлық тарихи-өлкетану мұражайында экскурсия ұйымдастырды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ