Айтары бар адамның ақжарма сыры Орал Таңжарықовтың кітабы туралы бірер сөз

Перзент парызы книга ТанжарыковаМен осы кітаптың авторы, тәуелсіз еліміздің қайраткер тұлғасы Орал Әбдірахманұлы Таңжарықовты жап-жас күнінен, қазыналы Қаратал жерінде бас зоотехник болып еңбек етіп жүрген кезі-нен білемін. Журналистік қызмет бабымен облыста біз болмаған ұжымдар некен-саяқ шығар.Бірақ жолымыз Қараталға жиірек түсетін. Өйткені, онда директор болып, менің өмірімде ерекше із қалдырған, қамқорлық көрсетіп, пана болған жиен ағам Өлеңді Мәмбетов істейтін. Сол ағамыз осы шаруашылықтың бас мамандарымен таныстырып еді. Бас агроном болған Жәлел Сұлтанғазин, бас инженер Рафаиль Файзуллин, бас зоотехник осы Орал Таңжарықов, партия комитетінің хатшысы Сағымбай Ақышев және басқаларымен арада отыз-отыз бес жыл уақыт өтсе де аралас-құраластығымыз, тілектес көңіл-пейіліміз бен сый-құрметіміз әлі үзілген жоқ.
Орекең Қараталдан кейін қызметі өсіп, Меңдіқара ауданындағы совхоздарды басқарды. "Ақсуат", Брежнев атындағы, "Жанкелдин" кеңшарларында директор болып істеп, аудан экономикасын көтеруге ерекше үлес қосты. Кейін аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудан әкімі қызметтерін жемісті атқарып, туған өлкені түлетуге жанын салды. Ежелгі Меңдіқара Орекеңнің аялы алақанын сезінді. Адамдары өз перзенттерінің ізденісі мен табандылығына, әрбір отбасы мен әрбір адамына қамқорлығына риза болды. Кадрларды білгірлікпен іріктеді, тәрбиеледі, орналастырды. Рухани өмірге жаңа бір серпін берді. Осы ауданның перзенттері, бүкіл елдің мақтаныштары болған Спандияр Көбеев, Ғаббас Жұмабаев сынды ақын-жазушылар есімі қайта жаңғырды. Ауданға өзінің ежелгі тарихи атауы – Меңдіқара қайтарылды.Аудан тарихында тұңғыш рет қазақ газеті дүниеге келді. Сол "Меңдіқара үні",  аудан орталығында ашылған мешіт, қазақша білім беретін мектептер – Орекеңнің туған жер төсіне қалдырған ескерткіші десек, қате  айтқандығымыз болмас.
Сол азаматымыз бүгінде де   туған жер төсінде жайқалтып егін өсіріп, тың берекесін еселеп жүрген жер-ананың нағыз жанашыры, төл перзенті. Оның тәлім-тәрбиесін көріп, жанында жүріп, қанаттанған талай жастар шаруа-шылық, аудан тізгіндерін ұстап, елінің танымал өрендері болды. Ал, Орекең болса – Меңдіқара ауданының құрметті азаматы. "Құрмет" орденінің иегері, үлкен-кішінің абыройына бөленген, алғысын алған ардақты азамат.
Қолыңызға алған кітап осынау абзал жанның өмірбаяндық хикаяты болғанымен ол Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу, оның экономикасының нығайып, адамдарының жан-жақты кемелденуінің бір кезеңін  көрсететін ерекше құнды еңбек болып шыққан. Автор өзі жүріп өткен жолды, бас-тан кешкен оқиғаларды ой елегінен өткізіп, зерделеп, жүйелеп баяндай отырып, өз дәуірінің суретін айна-қатесіз дәл салған. Бұл кітап – айтары бар адамның ағынан жарылуы, ел алдындағы ақжарма сыры, бедерлі белестері туралы ой-толғам.
Бұл сырға толы басылым ел тарихы мен өңір шежіресіне ден қойған жандар үшін үлкен сый, оның өз оқырмандарын табатынына кәміл сенемін.
Сәлім  
   МЕҢДІБАЙ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓