Ары да, жаны да таза еді

Елімізге белгілі, айтулы дін қайраткерлерінің бірегейі Ертай қажы Исламұлы қас-қағым сәтте, кенеттен дүниеден озды. Осы суық хабарды естіген жан мандырап, "қой, бекер шығар" деумен болдық, әр жүрек түбіне үлкен өкініш орнады.
ертай-кажы-балахмет1-520x245
Ертай қажымен соңғы рет қоштасуға, отбасы, туыс-туғандарының ауыр қайғысына ортақтасып, көңіл айтуға келген кәрі-жас-та есеп болмады. Астанадан, Алматыдан, көрші облыстардан Ертай қажының дос-жарандары, дін жолындағы әріптестері, ілік-жұрағаттары, барша қажылар, билік басындағы азаматтар келді. Өмірде тек қана халық ортасында болып, оған қалтқысыз қызмет еткен Ертай қажы қадыр-қасиетінің мол екенін кім білмейді? Ал мына жағдайдан кейін ол қадыр-қасиет еселеп арта түскені баршамызға аян. Ертай қажы жақсылық атаулыға жаны құмар, үлкенге іні, кішіге ақылшы аға, мінезге бай, жетім-жесір, кем-кетік жандарға қайыры мен мейірімі мол болатын. Өз құрбыларына адал дос, жолдас, сырлас, әрі қамқор, үлкен жүректі, ой-өрісі кең, жар-қын жүзі иман нұрына толы, асыл азамат еді. Ол үлкен-кішінің бәрімен тіл табыса білетін жаны жайсаң, рухы биік, қазақы мінез-құлқы тапшылықсыз, әр ғылым саласынан оқыған-тоқығандары көпші-ліктің игілік қазынасына айнал-ған әмбебап парасатты жан болатын. Ол өз отбасына, туған-туыстарына, жас ұрпаққа ақыл-кеңесін түгел айта алмай, жоспарлаған шығармашылық туындыларын бере алмай, дін жолындағы үлкен істер атқарылмай, арманда көз жұмды. Ертай қажы Алматыда Зәбибулла, Хайролла қажылардан, Харон Рашид имамнан дәріс алды, кейін Әл-Хабир медресесін бітірді.1993 жылы елімізден ал-ғаш рет Меккеге аттанған 300 кісі құрамында Ертай Исламұлы да бар болатын. Содан кейінгі жыл-дары қажылыққа бет бұрған топтар жетекшісі болып барды. Екі рет өмірден озған аталары үшін «бәдел» қажылық рәсімдерін атқарды. Ол ұзын саны 6 мәрте Меккеге қажылық сапармен бар-ған. Алматы орталық мешітінде Жұма намаздарында, Құрбан Айт мерекесінде бүкіл Түркі әлеміне белгілі діндар, ғұлама-ұстаз Халифа Алтаймен бірнеше рет кездесіп, пікірлескен, дін жөнінен бірнеше сабақтар алған. Халифа Алтай үлкен бір мешіттегі жиында, имамдар алдында Ертай қажыға батасын беріп, оң жол тілеген. Сол қалада бір белгілі азамат қайтыс болғанда Халифа Алтай, екі мешіт имамы және Ертай қажы төртеуі құран кітабын төрт бөлікке бөліп, бір тәулік ішінде аударып шығып, мәйітке бағыштаған. Бұл Ертай қажының сол кездің өзінде діни сауатының мол екенін көрсетеді. Ертай қажының дін жолына бет бұрып көпке қызмет етуі үлкен аталар ықпалы екені анық. Ертай қажының атасы Балахмет ақсақал көпті көрген, өмір тәжірибесі жетерлік, арабша сауатты, көптеген тарихи әңгімелер айтып, шежіре тарқататын, қарапайым еңбек адамы болған. Біздің көргеніміз Ұлы Отан соғысы жылдары ел басқарып, өңкей кәрілер мен бала-шағаны асырап-баққан осы Балахмет аталар болатын. Балахмет ата Егінсай ауылында соғыс жылдары колхозда ұста болды. Колхоз тексеру комиссиясының төрағасы болды. Бәкең аты сол колхоз қоймасындағы азғантай тарыны талан-таражға салмай, бала-шағаға бөліп беруді қадағалады. Сол кезде мен 8-9 жаста болса да көргенім, білгенім есімде қалды. Алла Тағала алдындағы парызы «Бес уақыт» намазбен оразасын өмірінің соңына дейін үзбей, елдің ардақты аталарының бірі болып, қартайып өмірден озды. Ертай қажының, Ислам шаңырағындағы барлық балалардың сүйікті анасы Зейнеп қажы балаларының қызық-қуаныштарына бөленіп, олардан бірнеше немере-шөберелер сүйіп, ел ортасында сый-құрметке кенеліп отырған жан болатын. Әттең, барша ел құрметтеп, қадыр тұтқан сүйікті ұлы Ертай қажының қазасы ауырдың ауыры болып тиді. Бұл қайғы Зейнеп қажыны тұралатып кетті. Алла ісіне не шара бар? Ендігі жерде Балахметовтар әулетін бәле-жаладан, уайым-қайғыдан сақтасын деген көп тілегі қабыл болсын. Қазір Зейнеп қажы Бекентайқызы әулетінің сүйеніші, ұйытқысы, барша балаларының ақылшысы, жанашыры, ел ортасындағы барша аналардың ардақты анасы атағына молынан лайықты жан. Анасына деген Ертай қажы құрметіне баршамыз таң қалатынбыз. Ол әрине көпке үлгі-өнеге болған Ертай қажы іс-қарекеттерінің бірі болатын. Ертай қажы Исламұлы 90-жылдар басында Алматыда, Биғожақызы Майнұрмен некелесіп, үйлену тойын өткізіп, отбасын құрды. Ертай қажы отбасына Әлішер, Мұртаза, Айша, Зуһра, Мунира атты перзенттер әкелді. Олар түгелдей оқуды жақсы оқиды, жақсы мінез, тәртіп иелері. Балаларының үлкені Әлішер алдыңғы жылы қажы әкесінің ақыл-кеңесімен Алматыдағы Нұр-Ислам университетіне түскен. Былтыр І-курсты үздік бітірген Әлішер биыл ІІ-курсты тәмамдады. Екінші ұлы Мұртаза Астанадағы «Құран қарилар» даярлайтын медресенің 2-курсын аяқтады. Алла тіл-көзден сақтасын, екеуі де қажы әке тәрбиесін көрген, келешектерінен мол үміт күттіретін елінің есті азаматтары болмақ. Ертай қажының қырқын өткізіп жатқанда Көкшетаудан келген дін қызметкері – келешекте қаламыздағы бір мешітке Ертай қажы атын беру қажет екендігін айтып, көптің құлағына салған еді. Ертай қажы Қостанай қаласында облыстық мешіт үйін салу қажеттігін ел билігіндегілерге де, жоғарыдағыларға да айтып, көп еңбектенгенін көпшілік біледі. Ақыры үлкен Мешіт үйін салуға рұқсат етіліп, қаражат бөлінді. Ертай қажы өзі бас болып, сол мешіт үйінің, ал-ғашқы қазығын қақты.
Нұрсұлтан ШӘЙКЕНҰЛЫ,
қарт ұстаз, зейнеткер. Қожа ауылы, Науырзым ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓