Бәрі бас жоспарға байланысты
Мейлі қала, мейлі ол ауыл болсын, бәрінің бас жоспары болуы ләзім. Кез келген құрылыс соған сәйкес жүргізілуі тиіс. Бұған мемлекет те үлкен мән беріп отыр. Біздің облыстағы жағдай нешік? Салынып жатқан тұрғын үйлер, ғимараттар елдімекендердің бас жоспарына сай ма? Бұл мәселе облыс әкімдігінің аппарат кеңесінде жан-жақты қаузалды. Облыстық салалық басқарма өңір басшысына қалыптасқан жағдайды қаз-қалпында баяндап берді.
Үстіміздегі жылы Әулиекөл, Аманқарағай, Құсмұрын және Заречный кенттерінің бас жоспарлары әзірленбек. Облыстық архитектура,сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Бекенов көптеген ауыл, аудан орталықтарының бұрынғы бас жоспары әбден ескіргенін айтады.
Жоғарыда айтылған төрт ауыл облыстағы болашағы бекем он тоғыз елдімекеннің бірінен саналады. 2020 жылға дейін олардың бас жоспарлары бекітілуі тиіс.Өйткені, құрылыс нысандары соған сәйкес бой көтермек.
Алқалы кеңесте облыс елдімекендерін дамыту мен құрылыс жұмыстарын жүргізуге қатысты құжаттарының әзірлену барысы пысықталды.
-Бұл өте маңызды мәселе. Өйткені, қазір салалық министрлік қандайда бір бас жоспарынсыз ешқандай ақша бөлмейді,-деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Жалпы, астықты өңірде тұрғындар саны 5000-нан асатын 575 елдімекен есепте. Соның 367-сінің ғана бас жоспары бар көрінеді. Дегенмен, көбісі 1991 жылға дейін түзілген.
-Бұл ауылдар әлі де бар. Алайда, олардың басым бөлігі заманауи сәулет құрылысының талабына сай емес. Ол үшін 2020 жылға дейін ауыл-селоларды дамыту мен құрылыс салудың кестесін әзірлеу міндеттелді,-деді Арман Бекенов.
Айта кетейік, аудан орталықтары арасында 2014 жылы тек Затабол кентінің ғана бас жоспары жасалған. Ал Федоров, Торғай және Қарамеңді ауылдарында бас жоспар атымен жоқ.
Әлгінде айтылған он тоғыз елдімекеннің бас жоспарын жасау үшін таяудағы төрт жылда 800 млн.теңге қажет.
Айбек КӘДІРҰЛЫ