Нұралы САДУАҚАСОВ, облыс әкімі: “Тарихты бұрмалауға болмайды”
Кезекті аппарат мәжілісі ұлттық тарихты зерттеуге арналды. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов баяндама жасады.
– ҚР Мемлекеттік Хатшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2013 жылы облыс әкімдігі жанынан ұлттық тарихты зерттеуді үйлестіру жөнінде қоғамдық кеңес құрылды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың жетекшілері, БАҚ өкілдері, ЖОО басшылары, ғалымдар енгізілген болатын. Есепті кезеңде Ұлттық тарихымызды зерттеуге қатысты қомақты жұмыстар атқарылды. Мұның бір парасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды, – деп атап көрсетті Жанділдә Мақанов.
Үстіміздегі жылы облыс көлемінде бірқатар мерейтойлық даталар аталып өтілмек. Тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығы, Ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің Торғайдағы өз қолымен қалаған мектебіне 150 жыл, Қостанай қаласының құрылғанына 135 жыл толмақ. Тізе берсек, күнтізбедегі мұндай мерейтойлардың қатары көптеп саналады. Өңірде Ұлы жеңістің 70 жылдығына қызу әзірліктер бүгіннен басталып кетті. Міне, осындай айтулы күндерге байланысты облыс көлемінде түрлі ғылыми-тәжірибелік конферен-циялар, мәжілістер мен басқосулар ұйымдастырылған. Мұның бәрі ұлттық тарихымыздың кем-кетігін толтырып, өскелең ұрпақты рухани құндылықтарды қастерлеуге баулу, ел мен жердің тарихына атүсті қарамауға үндейді.
Жанділдә Қожахметұлы өзінің баяндамасында өңірдің өткен тарихын кеңінен толғады. Оның жетістігі қайсы, кемшілігі неде, соны ашып айтты.
Облыс әкімі Нұралы Садуақасов өз кезегінде ұлттық тарихты ешкімнің бұрмалауға қақысы жоқтығын ескертті.
– Кейбір зерттеушілер халқымыздың жылдар бойы басынан өткен ауыр да азапты жылдарын өздерінше дәлелдемек болып, тарихқа көпе-көрнеу қиянат жасағысы келеді. Бұған әсте жол беруге болмайды, – деді аймақ басшысы.
Қостанай облысы тарихи ескерткіштерге аса бай өңір. Мың жылдық тарих сырларын ішіне бүгіп, үнсіз жатқан сарыдала да археологиялық қазба жұмыстарын қажетсінетіні белгілі. Бұл жылдар бойы атқарыла беретін шаруа. Өйткені, халқымыздың ежелгі тарихын тура жазу өзгелерден бұрын өзімізге қажет. Облыс басшысы жиналғандарға, міне, осыны айтты.
Әлібек ЫБЫРАЙ