Торғайдағы Мәуліт мерекесі
Жанкелдин ауданындағы Мәуліт мерекесіне арнайы келген ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілі имамы, “Марал ишан” мешітінің бас имамы Бахытбек Тәжімбет және дін өкілдері бастаған мәртебелі меймандарды аудан әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров күтіп алып, аудан орталығындағы өткен күннен сыр шертетін мұражайларды аралатты. Мұражайларды аралау барысында еліміздің тамыры терең тарихымен танысқан меймандар ерекше әсерде болды. Бұдан кейін өкіл имамның ұсынысы бойынша Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің мәжіліс залында мектеп оқушыларымен жүздесті. Бахытбек Нұрғабылұлы мектеп оқушыларына дін тұрғысындағы әңгімелерді айтып, олардың сан сауалдарына жауап берді.
Облыс орталығынан келген меймандар және Арқалық қаласы мен көршілес Амангелді ауданының бас имамдары Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде “Оспанқожа әулие” мешітінің ұйымдастыруымен “Менің сүйікті Пайғамбарым” атты діни іс – шараға қатысты.
Алдымен, дін өкілдері Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен оның сахабаларына, әулие әмбилер мен Торғай жерінен бақилық болған ата – бабаларымыздың рухтарына құран бағыштады. Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілі имамы, “Марал ишан” мешітінің бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы аудан тұрғындарын мәуліт мерекесімен құттықтап, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жақсы істерімен амалдарын тілге тиек етіп, ғибратты жолын насихаттады. Сондай – ақ, жыл сайын өз тарапынан мешітімізді қыстық отынмен қамтып, өзіміздің жерлестерімізге үлгі болар ісімен атымтай – жомарт танылған Амангелді ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Сағидолла Аяповты және жаз айында жасалатын мешіттің күрделі жөндеуіне қомақты қаржымен демеушілік жасап отырған Қайрат Наурызұлын, Асхат Қисықовты, ауданымыздың құрметті азаматы Кәкімжан Карбозовты алғыс хаттармен марапаттап, ризашылығын білдірді.
Аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин өкіл имам бастап келген қадірменді қонақтар мен аудан жамағатына мұсылман қауымның дәстүрлі мерекесі мәуліт күніне арнаған ақ тілегін жолдап, “Марал ишан” мешітінің бас имамы Бахытбек Тәжімбеттің иығына шапан жапты. Арқалық қаласының құрметті азаматы, “Құрметті қажы” атағының иегері Мираш қажы Тәшетұлы үлкендерді құрметтеп, оларға әрдайым қамқорлық танытып, сыйлау жас ұрпаққа тән қасиет болу керектігі жөнінде әңгіме өрбітті.“Оспанқож әулие” мешітінің шәкірттері Мұхаммед Пайғамбарымызға салауат айтты. “Балдырған” балабақшасының кішкентай бүлдіршіндері имандылық жөніндегі тақпақтарын мәнерлеп, жатқа оқыды. Ауданымыздың бас имамы Аян Хасенов балабақша тәрбиеленушілеріне сыйлықтар табыс етті. Аудандық мәдениет үйінің театр әртістері “Адасқандар” атты көріністі сахналап, жүректерге ой салды. Сонымен қатар имандылыққа жетелейтін әндер көптеп шырқалды.
“Оспанқожа әулие” мешітінің бас имамы Аян Сәбитбекұлы қыстың көзі қырауда жердің шалғайлығына қарамай дін өкіледірін бастап келген облыстың өкіл имамына аудан жамағатының атынан алғысын білдіріп, барлық меймандарға сый – сияпат жасады. Мешітте өтетін барлық іс – шараға атсалысып, демеушілік жасап жүрген жеке кәсіпкерлер Талап Нағашыбайұлына, Нұрболат Сәрсекеевке, Нұржан Ғаниматовқа және Бейбіт Тойшыбекұлына алғыс хаттар табыстады.
Пайғамбарымызды ұлықтауға арналған дәстүрлі мерекеден кейін “Наргиз” шатханасында ас беріліп, дұға оқылды.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ