Баға – арзан, таңдау – көп
Кезекті жәрмеңкені де жұртшылық асыға күткенге ұқсайды. Спорт сарайының іші-сырты адамға лық толы болды. Бұл жолы да ауылшаруашылық тауарларының құны нарықтағы бағадан 25-30 пайызға арзандатылып сатылды. Көз шалған бір ерешелік – бүгін бәрінен бұрын 200 теңгеден бағаланған жұмыртқа саудасы аса қызу жүрді. "Жас қанат" зауыты сөреге жайған тауық еттерін де тұтынушылар пышақ үстінен бөліп әкетті. Жылқы, сиыр, қой еттері де молынан болды. Бағалары да әдеткіше – 950-1100 теңгенің айналасы. Көкөніс сатушылар да бел жазған жоқ. Келісі 50-60 теңге болған қаратүйнекті (картоп) қапшықтап алушылар көп. Жұрт 70 теңгелік сәбіз бен қызылшаны ғимараттың ішінен де, сыртынан да себет-себетімен сатып әкетті. Балықшылардың да сөресін айналып өткендер аз. Бағасы 300-350 теңгеден белгіленген табан мен сазандар таразы үстінен кейін қайтқан жоқ. Сондай-ақ, жергілікті тауар өндірушілер ұсынған сүзілмеген күнбағыс майының бір литрлігі 300, бес литр құтыдағысы 1500 теңгеден саудаланды.
Жылдың екінші жәрмеңкесінің барысын бақыламаққа, сағат 10-дар шамасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Нұрмұхамбетов, қала әкімі Б.Жақыпов және ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері арнайы келді. Билік өкілдері кезекті сауда-саттық мерекесі наурыз айының алғашқы онкүндігінде ұйымдастырылатынын айтады.
Ж.Балғынбекұлы