Қарабас баба
Алып бәйтеректің сан қилы бұтағы секілді діңгегіне діттеп барсаң, қазақ деген атадан тараған ұлттың ұрпағы болып шығамыз. Демек, шежірені де бәйтеректің дарағындай сан тарауды пәлсапа тілімен айтқанда "кездейсоқтық емес сәйкестік" деп қабылдағанымыз жөн.
Қазақ тарихындағы жетпіс жылдық кеңестік түйсік қазақты қазаққа жатбауыр етудің классикалық тәсілін жүзеге асырды. Соның зардабын бірнеше ұрпақ басынан өткеріп, жастарға залалын да тигізді. Ата-баба аруағын құрметтеу дүниеге келген әрбір пенденің міндеті. Парызды өтеу үшін кім де болса қолдан келгенше аянбасы анық. Бірақ, "заманына қарай амалы", "адамды заман билейді" дегендей, заман өзгерісі, қиыншылығы ешкімге де мұрша бермегені тағы ақиқат. Әріге бармай-ақ, кешегі аштық пен 1941-1945 жылдардағы соғыстың қиыншылықтарын еске алсақ та жеткілікті…
1. Зираты қалай табылды?
Кешегі қиын-қыстау кезеңдерде біздің ата-бабаларымыз аттың жалы, түйенің қомында жүріп, бабаларына ескерткіш орнатуға шамалары келмеді. Тек тәуелсіздік туы желбірегеннен бері өмірден өткен ата-баба рухына тағзым ету өріс алды. Әсіресе, Торғай жақта ру басы болған аталарымызға еңселі ескерткіш орнатып, ас беріп жатқандар жеткілікті. Біле-білгенге бұл өнегелі іс.
Орыс рухының өзегінде Петербург тұрса, қазақтың байтағы Торғай. Осындай қасиетті өңірде Қарабас бабаның дүниеге келуі – оның ұрпақтарының мақтаныш сезімдерін оятады. Жазушы-журналист Сабыржан Шүкіровтің бір шығармасында баба өміріндегі ең қымбат та елеулі кезең – елін, ұрпақтарын жаудан қорғағаны туралы кеңінен жазылған. Әсіресе, қартайған шағында қалмақтарға қырғидай тиіп, оларды ел ше-тіне жолатпағаны шынайы суреттеліпті.
Баһадүр бабамыздың осындай қам-қорлығының арқасында ұрпақтары аман қалды. Өсті, жетілді, ер жетті. Ел қамын ойлайтын азаматтар дүниеге келді. Қарабас руынан елдің өркендеуі үшін аянбай еңбек еткен қаншама тұлғалар шықты.
Ел басына күн туған зар заманда сынық сүйем жер үшін жауға қарсы атой салып, елін қорғап қалған жаужүрек бабаларымызды қалай дәріптсек те артық емес. Біздің Қарабас бабамыз Ақшығанақ ауылының жанындағы Қарсақбасы төбесін мекен еткені тарихтан белгілі. Бұл маң шаруаға өте қолайлы қоныс болған.
Сонымен өткенге салауат. Ойды ой қозғайды. Соңғы жылдары жеті атамызды түгендеп, сол арқылы ағайын-туысты танысақ, бір атадан тараған балалар жатбауыр болмай, бабаларын білсе деген ниет туды.
Менің атам – Жүсіп баласы Зейнелге, әкем Зейнел балалары– біздерге өсиеттеп кеткеніндей сонау XVIII ғасырда Ақтөбе өңіріне жерленген Қарабас әулие зиратын анықтап тауып, көздеген мақсатымызға жету биік мұратымыз болатын. Ата мен әке өсиеттерін орындау – ұрпақтары үшін парыз.
Қайтпек керек, туған інілерім – Ораз, Қуанышбек, Оразғали, Шыңғыс, туыстардан – Серік Тұрғынбеков, Сабыржан Шүкіров, Ғалым Байназаров, Қонтай Шынтеміров, Кеңесбек Мәулетов, Саду Шәйкенов, Тоқмырза Нұртазин т.б. маған үлкен міндет жүктеді.
Өзімді де баба зиратын табу керек деген ой жиі мазалайтын. "Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас" деген сөз бар ғой, осындай қасиетті іске көмектесетін адам іздеп жүргенімде, Кеңесбек Ақтөбе жағында тұратын жиені Қасымбекті тауып берді. Ғалым Байназаров та дер кезінде көмектесе білді.
Сонымен, әр істің бастауы болады дегендей, туысым Айдарды ертіп алып, 2011 жылы оныншы желтоқсан күні Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына жол тарттық. Аудан әкімі Есімхан Қалмағамбетұлын бұрыннан білетін едім, біздерді жақсы қарсы алды.
Аудан әкіміне келген жұмысымды айт-қанымда, "Басқұдық" деген жер алыс және адасып кетерсің деп жаныма бір шофер жігітті берді. Жолай Псков аулында тұратын Оразхан деген жиенді де жанымызға серік қып қосып алдық.
Жолға шығарда бұрын Басқұдық ауылының әкімі болған Темірбек деген жігітке кездесіп, одан да жөн сұрасқанбыз:
– Қарабас бабаның бейіті барын ес-тігенмін, бірақ руын, қай жердікі екенін білмеймін,– деді.
Естуімізше, Қарабас бабаның басына біреу көктас қойған. Бірақ, оны кімнің орнатқанын ол да білмейтін болып шықты. Тек, жергілікті тұрғындар Әулие кісі десетінін естіген.
Сонымен не керек, бәріміз жол талғамайтын көлікке жайғасып "Басқұдыққа" апаратын жолға түстік. Зиратқа жақындай бергенде машина үш-төрт рет от алмай қалды. Бұл да бір тылсым шығар.
Расында, баба бейітіне қойылған құлпытасты көзіміз шалды. "Қарабас әулие ата". Басқа жазу жоқ. Біз қол жайып, дұға бағыштадық.
Қорымнан төрт шақырымдай жерде "Сарбұлақ" деген ауыл бар екен. Сонда сексен екі жасқа келген Оразғали Толыбеков есімді қарт мұғалім тұрады. Жолаушылап шыққан біздер көнекөз қарияның үйіне аялдап, ол кісіден: "Қарабас бабаның зираты туралы не білесіз?"– деп сұрадық.
– Оны нақты білмеймін. Бірақ, көктасты Қарабұтақ ауданының прокуроры Серік Сосаев деген азамат қойыпты, – деп жауап берді. Ақсақал айтқан тың ақпарат бізге жаңа бағыт сілтеді. Енді соны тауып алып, өзімен сөйлескеніміз жөн. Ол бұрын Ақтөбе облыстық прокуратурасында қызмет істеген, бірақ қазір Қостанай облысы прокурорының орынбасары екен. Көп ұзамай онымен тілдесудің сәті түсті.
Серік құлпытас орнату тарихын маған асықпай баяндап берді. Оған Дина есімді бақсы кісі осындай кеңес берген. "Іздеген жетер мұратқа" демекші, ақыры Дина бақсыны да таптық. Ол кісі де тегін адам емес екен. Былай деді: Түсімде «Ақ әулиеге барып құран оқы» деген хабар келді. Мен оны екі етпей орындадым. Бірде Қарабас бабаның басына тәу етіп, тізеңді бүк деген хабар келгендей өзімнен-өзім мазасыз бір күйге түстім. Осыдан кейін әулиенің зиратын тауып алып, құран оқыдым" – деді.
– Бұл Қарабас бабамыздың зираты екеніне көзіңіз жете ме?
– Мен мұны Қарабас бабаның зираты екендігіне сексен пайыз сіздерді сендіре аламын, – деді Дина бақсы, – Мен Қарабас бабаның басына барып, оның рухымен сөйлесіп, сосын сендерге айтамын.
2012 жылы шілде айында Әйтеке би ауданында бақсымен қайта кездестік. Дина біздің құрметімізге қонақасы берді. Біз де, Орынтай екеуміз кетер кезде дастарханымыздан дәм татырдық.
Осыдан кейін тамның басына бару керек болып, мен жол бастап алға түстім, бірақ көп кешікпей адастым. Ал бақсы өз машинасымен алға түсіп, бірден Қарабас бабаның зиратына апарды. Қорымның маңына барғаннан кейін, біздерді ойда – төменде қалдырды да, өзі қырдың үстіндегі зиратқа құрбысы екеуі шықты. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін қасына біздерді шақырды. Бардық.
– Міне, осы сіздердің бабаларыңыз – Қарабастың зираты, – деп жауап берді.
Артынан білдім, біз ойда-төменде отырғанда Дина бақсы Қарабас бабаның аруағымен сөйлескен екен. Кейбір кісілерде ерекше бір тылсым қасиеттер болатыны шындық қой, сондықтан біз оның айтқанына сендік.
Дина бақсыға тағы да бір сұрақ қоюға тура келді.
– Осы зиратқа ескерткіш қоюға бола ма?
– Ескерткішті туған жеріне қою керек, – деді ол.
Орынтай екеуміз Қарабас баба қабірін тауып берген Дина бақсыға рахметімізді айтып, қуанып, елге қарай бет алдық.
Иә, бабамыздың бейітін табу үшін қаншама адаммен кездесіп, олардан бабаның зираты туралы мағлұматтар жинадым.
Әсіресе, бұрын Торғай жағында бол-ған, руы Бақай Рысжан апайдың айтқан сөзі көңілге қонады. Бұл кісімен мен 2012 жылы таныстым. Маған қол ұшын созған кісілердің бірі осы мейірімді жан. "Жердің ыңғайына қарап ойласақ Қарабас баба зираты сіздердікі", – деген еді сол жолы Рысжан апай.
Бұл кісі көп жылдар Ақтөбеде музей бастығы болған. "Құрмет" орденінің иегері.
Қарабас бабаның басына "Мыңжасар" деген жазуы бар екінші көктасты кім қойды екен деп ойладым. Ауыл адамдарынан сұрасам, кім қойғанын білмейді. Бірақ, бұл Мыңжасардың бейіті деп сол жерде маған қарсы келген тағы ешкім болған жоқ. Дегенмен, бір-екілі қарт кісілердің айтқаны есімде қалыпты.
Әбсұлтан Әбішев есімді қария мен Әйтеке би ауданының молдасы Әбдіраш Дүйсеновтер: "Біздің білетініміз, бұл жатқан Қарабас әулие. Ел болғасын өлім-жітім болмай тұрмайды, бәрі сол қо- рымға апарып қоятын. Сонда әуелі Қарабас әулиеге құран оқып, содан кейін ғана жерлеу қамына кірісетін. Мыңжасар дегенді естіп те, білген де емеспіз", –деген еді.
Біз Әбдіраш молданы қорым басына ертіп барғанымызда, "Қарабас әулие ата" деп жазылған құлпытастың алдына мәрмәр тақтайшаға "Қожабергенұлы Мыңжасар (1800-1880жж.), белгі қоюшы – Амантай Бірманов" деп жазып, қойып кетіпті.
Кімнен сұрасақ та Мыңжасар осы жерде жатыр дегенді осы кезге дейін естімегендерін айтты.
Ақтөбе жағында тұратын жиеніміз Қасымбек Әбдірахманұлы да бұл істе белсенділік танытты. Ол "Ақтөбе" газе-тінде Қарабас баба туралы жазылған мақалаларға нақты дәлелдермен жауап қатты. Мысалы, Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Оразалы Толыбеков деген кісі "Қарабас әулие. Ол кім?" деген көлемді мақала жариялапты. Осыған байланысты Қасымбек облыстық газетке "Қарабас әулие" атты деректі әңгіме жазды. Мұнда Қасымбек Қарабас әулиенің Бас-құдық-Сарыбұлақ деген жерде жерленгенін дәлелдеп берді. Өйткені, бала кезін-де Торғай жақтан келген нағашыларынан: "Қарабас баба Ақтөбе жағындағы Басқұдық-Сарыбұлақ деген жерде жерленген",– деген сөздерді естіген екен. Осы әңгімені ол ұмытпапты. Газетке жазып, елге паш етті. Тағы бір жолы Бөрібай Кәртен деген ақтөбеліктің "Бос сөз. Қарабас әулие Арғын емес" атты мақаласының шылғи өтірік екеніне нақты мысалдар келтіреді. Қасымбектің жауабына Бөрібай қарсы мақала жазбады. Соған қарағанда шындықты мойындаған болуы керек. Айта берсем Қасымбектің осы тақылеттес еңбегі жетерлік. Оған көп рахмет, бақытты, ғұмырлы өмір сүрсін!
Сонымен Қарабас Баба ұрпақтарының алдындағы парызының бір тармағы орындалғанына қуанып, аман-сау елге жеттік. Алда әлі де игілікті істер күтіп тұрған болатын…
2. Ескерткіш қою – елдіктің белгісі
Қарабас Бабаның зиратын тапқаннан кейінгі ендігі міндет, ол бабаның туған жеріне ескерткіш орнату еді. Көп ойландым. Ескерткішті қандай материалдан істету керек? Оның формасы қандай болуы шарт? Қайда апарып қойған жөн? Кірпіштен жасатсам күн көзіне, желге шыдамай үгітіліп, уақыт өте келе бұзылып қалады. Немесе қорымдағы темір қоршауларды тонап жүрген бұзақыларға кірпішті қирату аса қиын емес екенін білемін. Жер бетінде мәңгілік тұратын ештеңе жоқ, бірақ бабамызға орнатқан ескерткіш ұзақ уақыт сақталғаны дұрыс болар еді – деп те ойладым. Көп ойдан шығарған қорытындым: ескерткішті үлкен тастан ойып жасату керек. Өйткені, тастан жасаған ескерткіш талайға шыдас береді әрі оны ешкім сындыра алмайды.
Сонымен не керек, тас іздеуге кірістім. Қамысты ауданындағы Адай ауылының карьерінен үлкен бір тасты машинаға тиеп, Қостанайға келе жатқанымда, әлгі тас быт-шыт болып жарылып қалды.
Екінші жолы, жанымда Қамысты ауданындағы "Ақкөл" ЖШС-нің директоры Асқар Ахметжанов бар, Жітіқараға бардық. Қаланың шетінде ұсақ тастар жиналған жерлерді аралап жүргенбіз. Бірде жалғыз ағаш өсіп тұрған жерге барсақ, қасында үлкен көктас (гранит) жатыр. Көктен іздегеніміз жерден табылды деген осы. Қостанайдағы шеберханаға апарып тапсырғанымызда, тастың салмағы шамамен сегіз тоннаға шықты. Сосын Челябинскіге хабарласып, одан он тонна мәрмәр тас алдырттым. Екі түрлі тастың салмағын қоса есептегенде шамамен он сегіз тонна тартты. Ескерткіштің материалы табылды, енді оның формасы қандай болу керек? Осындай оймен жүріп, бірде Әулиекөл ауданынан Шолақсайға қарай бара жатқанымда, аудан орталығынан отыз шақырымдай қашықтықта, жолдың шетінде Әйдерке баласы Татан бабаға арнап қойылған үлкен ескерткішті көрдім. Тоқтап қарап шықтым, жақсы салдырған екен.
Ескерткішті құрастырып жатқан шеберханаға әлсін-әлсін барып, қалай жасап жатқандарын көріп тұрамын. Ақылдасқан азбайды деген, Қостанайдағы баласының үйіне қонаққа келген Тоқмырза ағайды да бірнеше рет көрсеттім. "Сосновый бор" шипажайында демалып жатқан Кеңесбек пен Ғалымды да апардым. Қарабас бабаға арнаған ескерткіш үш айдан кейін дайын болды.
Баба ескерткішінің астыңғы жағы ақ мәрмәр де, үстіңгі жағы гранитпен өрілді. Формасы да ұнады. Не керек, ойлаған ойымның іске асқанына қуандым.
Ескерткішті машинаға тиеп алып Бес-төбе ауылындағы үйге барып қондық. Жанымда адамдар бар. Әсіресе, Орынтайдың туысы Оралтай Мұқашев көп көмектесті. Көлікке тиеу, жанар-жағар майын құю тәрізді жұмыстар соның мойнында. Атқарған ісі Алладан қайтсын!
Үйге қонғанның ертеңіне інім Ораз-ғали қой сойып, құран оқытты. Ауыл ақсақалдарын шақырып, батасын алдық. Сөйтіп, Шақшақ Жәнібек ауылына жүріп кеттік.
Қара жолдың үстінде келе жатып баяғы Дина бақсының Қарабас бабаның аруағымен сөйлескендегі айтқан әңгімесін ойға оралттым. Өйткені, сол жолы ескерткішті қай жерге қою керектігі туралы айтылған болатын (Бұл туралы Қасымбек Әбдірахманұлы "Әдептен озбайық" деген мақаласында толық жазған еді): "Ал сүйінші! Сіздердің дегендеріңіз болды, ата Арғынмын! Көшейұлы Қарабаспын! 1647 жылы туғанмын, 1743 жылы дүниеден өттім деп тұр. Қасымда Бибігүл есімді қызым бар, 63 жасында қайтыс болған. Басыма қойылған құлпытасым әлдеқашан жер астына көміліп қалған. Аршып әуре болмаңдар, соңғы қойған тастарың жарайды. Басыма там салып та керегі жоқ. Айналам тол-ған өлген адам сүйектері, әруақтарын қозғамаңдар! Мына Мыңжасар деген белгіні қойған адамдар адасып жүр. Ол бұл жерде жоқ. Ырғыз жағында биік төбенің басында жатыр. Ал маған ескерткіш қоямын десеңдер өмір сүрген жеріме қойыңдар. Қайдан да болса батамды беремін"– деген хабар алдық деді.
Жалпы, Қарабас бабамыз ғана емес, қазақтың барша әулие-әмбиелері мен батырларына қатысты өкінішті нәрсе – олардың өміріне қатысты жазба деректердің жоқтығы, бар болса, жетімсіздігі. кеуделері алтын сандық шежіреші кісілердің азайып бара жатқандығы қынжылтады.
Бүгінде Қарабас ұрпақтарынан шежірені жыр қып шертетін Еріш пен Рамазан сияқты үлкен кісілер жоқтың қасы. Елдің есінде қалған аңыз бойынша, Шақшақ Жәнібек ауылынан жиырма екі шақырым жерде Қарсақбасы шыңы бар, сол шыңның маңындағы Айнакөл, Қаракөл деп аталатын екі көлдің жағасы Қарабас бабамыздың ата қонысы болған. Бірде қалмақтар қазақтың жеріне кіріп кетіп, үлкен дау туады. Ақыры мынадай шешімге келеді: екі жақтан екі әйелді күреске шығарайық, қай жақ жеңсе, жер соған қалсын дейді. Күрес шыңның басында болады. Сол жолы Қарабас бабаның қызы Қарсақ жеңіске жетеді. Жеңіп қана қоймай, қалмақ жағынан шыққан адамның жасанды шашын сыпырып алып, "Әйел болып келіп едің, еркек қылып жіберейін" деп ұятқа қалдырады. Сөйтсе, қалмақтар ер адамды әйелше киіндіріп шығар-ған екен. Ұялғандарынан жерді босатып, жөндеріне кеткен екен.
Міне, сол жер қайсар қыздың құрметіне Қарсақбасы шыңы деп аталыпты. Бабамыз шыңның басына шығып, қа- рауыл қарайды екен. Қарсақбасы мен баба зиратының арақашықтығы 120 шақырымдай.
Қарабас тоқсаннан асып қайтыпты. Ол кісінің бұ дүниеден озғаны да аңызға бергісіз. "Екінің бірі үйде отырып өледі, ал менің Қарабас атағым бар, қайткенде жаудың қолынан өлуім керек"– деп, жау шапты дегенде атқа мініп, қарсы шап-қан екен. Бұ дүниеден озған уақыты қозы күзем кезі деп отыратын көнекөз қариялар.
Сонымен, ескерткішті Қарсақбасы шыңына апарып қою керек деген шешім-ге келдік. Қарабас бабаның ұрпақтары да осы ойымды құптап, ризашылықтарын білдірді. Әсіресе, Астанадағы туыстардың барлығы хабарласып, сол Қарсақбасыға орнатуымды өтінді. Сөйтіп, 2014 жылы қыркүйек айында зәулім белгі қойдық. Тұғыр тасты көтеруге Қарабас ұрпақтары тайлы-таяғы қалмай жиналып, қол ұшын берді. Осы шараны ұйымдастыруға Ақшығанақ ауылдық округінің әкімі Бақытжан Торбаев көп еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн. Сол жерде қой сойылып, құран оқылды.
Қарабас Бабаның ұрпақтарының алдындағы парызының тағы бір тармағы, оған ескерткіш орнату еді, оны орындадық, енді алдымызда ескерткіштің ресми түрде ашылу салтанаты тұрды….
3. "Өлі разы болмай, тірі байымайды"
Ескерткішті тұрғызуын тұрғызғанмен, енді оның ашылу салтанаты мен ас беру рәсімі кешігіңкіреді. Адамды тұрмыс билейді емес пе…
Не керек, Қарабас баба ұрпақтары бас қосқан бір жиында, ескерткіштің ашылуы мен ас беруді қыркүйек айының жиырмасына белгіледік. Соған сәйкес дайындық жұмыстарына кірістік.
Аманкелді ауданының ІІБ басшысы болған Айбат Қабажаев Ақшығанақ ауылында Қарабас бабаға арнап ас беріліп, ат жарыс өтетіндігін облыстан тысқары өңірлерге де хабарлапты.
Бабаға арналған ескерткіштің ашылу салтанатына алыстан арнайы келген ұрпақтарымен қатар, қонақтар да болды. Олардың арасында Жанкелдин ауданының әкімі Асқарбек Кенжеғарин, ҚР Ұлттық банкінің бірінші төрағасы Ғалым Байназаров, банк саласының ардагері Кеңесбек Мәулетов, жазушы, ардагер ұстаз Тоқмырза Нұртазин, белгілі ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлы, байырғы ішкі істер қызметкері, полковник Алдаберген Ибрагимұлы, заңгер Қуантай Шынтеміров, құрылыс саласының ардагері Саду Шайкенұлы, облыстық көз ауруханасының бас дәрігері Шыңғыс Жүсіпов, "Бестөбе" ЖШС-нің директоры Оразғали Зейнелұлы т.б. бар.
Ескерткішті ашу рәсімін Қарабас баба ұрпағының өкілдері Тоқмырза Нұртазин мен Кеңесбек Мәулетов, аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин үшеуі ат-қарды. Асқа жиналған барша жамағат баба ескерткішіне тағзым етті. Ел ағалары тебірене сөйледі. Ақындар жүрекжарды жырларын арнады.
Салтанатты шара аяқталған соң Қарабас бабаға арнап құран оқылды. Ескерткіштің жанына Бек, Шыңғыс, Оразғалилар Бестөбеден ала келген сегіз қанат киіз үй тігілді. Соның ішінде арнайы қой сойылып, ас берілді.
Қарсақбасы шыңында өткен іс-шарадан кейін Ақшығанақ ауылындағы кафеде дастархан жайылды. Үлкен дәм үстінде ауыл ақсақалдары мен келген қонақ- тарға сый-сияпаттар жасалды. Астан соң мешітке барып, барша әруақтарға, Қарабас бабаға арнап құран оқытылды, садақа берілді.
Мешіттен шыққан соң ат жарысты көрдік. Ат бәйгесі десе бір орында тұра алмайтын қазақ емеспіз бе. Біз аламан бәйгенің үстінен түстік. Құйрық-жалы таралған өңкей сұлу сәйгүліктер артынан көкшулан шаң қалдырып, көз ұшында жүйткіп барады. Аламан бәйге, тоқ бәйге және ауыл жастарының тай бәйгесінің әрқайсысына үш түрлі жүлде тағайындалды. Бас бәйгеге Жүсіповтер әулеті "Нива" автокөлігін тікті, ал біздің достарымыз жомарттық танытып, тоқ бәйгенің жүлдесіне "Лада Калина" жеңіл автокөлігін қойды.
Аламан бәйгеге тігілген жеңіл көлік Астанадан келген шабандозға бұйырды. Тоқ бәйгенің жүлдесін Таран ауданынан келген шабандоз жеңіп алды. Тұлпарлары құйрық тістесіп, екінші келгендерге ақшалай сыйлық берілді. Ауыл жастарының тай бәйгесіне де ақшалай сыйлық үлестірдік. Бәйгеге Астана қаласы, Ақтөбе облысының Темір, Әйтеке би, Алға, Шалқар аудандарынан, Қостанай қаласы, Таран ауданы, Қызылорда қаласы, Қазалы ауданы, Бейнеу, Жосалы, Торғай, Көкалат, Шилі, Шеген, Ақшығанақ, тіпті Ресейдің Магнитогорск қаласынан келген сәйгүліктер қатысты.
Бұл кезде мектеп жанындағы алаңда волейбол ойыны қыза түскен. Ақшығанақ ауылының жастары мен жергілікті мектеп оқушыларының арасындағы кездесу тартысты өтті. Қос қарсылас арасындағы матчқа Шүкіров Сабыржанның баласы Бауыржан мен Саду баласы Берік жетекшілік етті. Мұнда да жеңімпаз- дарға сыйлықтар үлестіріліп, жастар риза болып тарады.
Қысқасы не керек, Қарабас бабамыздың тойы жоғары деңгейде өткеніне ешкімнің күмәні жоқ. "Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз жігіт қорған болмас" дегендей, ескерткішті жалғыз өзім орнаттым демеймін, ол көптеген достардың, таныстардың көмегінің арқасында ғана жүзеге асты. Бүкіл туған-туыс қаражат жағынан көмектесті.
Осы мақаланың ішінде олардың қандай көмек бергені жазылды. Сол азаматтарға "Қостанай таңы" газеті арқылы өз атымнан рахмет айтпақшымын. Алдымен Қарабас бабаның зиратын тауып бергені үшін Дина бақсыға Алланың рахман нұры жаусын! Екіншіден, Қостанай облыстық прокурорының орынбасары Серік Әбденовке (бұрынғы фамилиясы Сосаев) айтар алғысым шексіз. Сондай-ақ, Әйтеке би ауданының молдасы Әбдіраш Дүйсеновке, қарт зейнеткер Әбсұлтан Әбішовке, кезінде Ақтөбедегі музей үйін басқарған зейнеткер Рысжан апайға, «Сарыбұлақ» аулының тұрғыны Оразалы Толыбековке, «Басқұдық» ауылының әкімі болған Темірбекке, «Псков» ауылында тұратын Оразхан жиенге, Әйтеке би ауданының әкімі Есім-хан Қалмағамбетұлына атқарған істері сауаптан болсын дегіміз келеді. Жанкелдин ауданының әкімі Асқарбек Кенжеғаринге, "Ақкөл" ЖШС-нің директоры Асқар Ахметжановке, Ақшығанақ селолық округінің әкімі Бақытжан Торбаев-қа, сол кездегі Аманкелді ауданының ІІБ-нің басшысы болған Айбат Қабажаевқа ағалық ризашылығымды білдіремін.
Қорыта айтқанда, дүбірлі дүниенің бір күндей болмай өте шығатынына талайлардың көзі жеткен. Осы бір қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырды әркім өзінше өткізуге тырысады. Біреу өзінің қара басының қамын күйттеумен жүріп, ақыры бұл өмірдің мәні мен мағынасы не деген сұраққа жауап бере алмай өтеді. «Сен неге өмірдің мәнін терең түсін-бейсің?» деп оған кінә тағудың өзі де қиын. Әркім өзінің білгенінше, таным-түйсігі жеткен жерге қонақ болады.
Ал, мен осылардың бәрін біле тұрып, өмірдің мәні мен мағынасының бір бөлігі – ата-баба аруағын құрметтеу, өмірден өткендерді еске алып, парызымды өтеу керек деп түсінемін!
Бек Зейнелұлы.
Қостанай қаласы.
СУРЕТТЕРДЕ: Қарабас әулиеге ескерткіш қою шарасынан көріністер.
(Суреттер автордың жеке мұрағатынан алынды).
Әлібек Ыбыраев.
Сәлім МЕҢДІБАЙ.
"Қарабас баба" атты мақаланың авторы Бек Зейнелұлы деген Қасымбек деген біреудің ойдан құрастырған өтіріктеріне сеніп, Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына қарасты Басқұдықтағы Шөмекейдің Тоқа руынан шыққан Қарабасты менің бабам ден адасып жүр. Әлдекімдердің жаңсақтықпен Шөмекейдің Бақашы аталығынан тарайтын Мыңжасардың қабіріне "Қарабас ата" деп жазылған тасты дәлел қылып, менің атамдікі деп біраз өзеуреді. Білместікпен қойылған белгі тасты Мыңжасардың ұрпақтары алып тастады. Қасымбек, Зейнел дейтіндердің аталары жөніндегі әдепсіз әрекеттері жайлы мақалалар "Ақтөбе" газетінің сайттарында тұр. Нақты шындықты ашып көрсеткен мақалалар "Бос сөз, Қарабас әулие Арғын емес!" және "Бейәдеп әрекетке жол берілмейді" деп аталады. Осы тақырыптарды терсеңіздер айтылып отырған жайтпен толық таныса аласыздар.