Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның кеселі

  Ел өміріндегі өзекті мәселелердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық. Құқық қорғау органдарында оған қарсы күрес жүргізетін арнайы бөлімдер жұмыс істейді. Қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қойылатынын әркімнің білуі маңызды.
ЕрденбайОсыған орай біз Арқалық қалалық ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы басшысының міндетін атқарушы Е. Көшкінбаевқа жолыққан едік.
– Ерденбай  Серікұлы, қоғамның дамуына кері әсерін тигізетін түйткілді жағдайлар қалай тежелуде? Заңның қандай пәрмені бар? 
– Арқалық қаласы ІІБ ӘПБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы өз жұмысын ұйымдастыруда қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік мекемелермен өзара үйлесімді жұмыс жасайды. Сондай-ақ, Арқалық қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер ісі және отбасы – демографиялық саясаты жөніндегі комиссиямен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Заң төңірегінде айтар болсақ Қазақстан  Республикасы  конституциясының    14 бабында заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтындығы айқын көрсетілген.
Жасыратыны жоқ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нәзік жандарымыз көбірек ұшырайды. Әйелдерге қатысты кемсітуді жою мақсатында 2009 жылы 4 желтоқсанда "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл заң мемлекеттік  органдарын,  жергілікті  өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы жөніндегі қызметінің құқық-тық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
Қазақстан Республикасы 1998 жылы 29 маусымда әйелдерге байланысты кемсітудің барлық түрін жою жөнінде БҰҰ конвенциясына қосылып, "Әйелдердің саяси құқықтары туралы", "Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы" конвенцияларды бекітті. ҚР Президенті әкімшілігі жанынан "Әйелдер және отбасы істері" жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, мемлекет басшысының тікелей нұсқауымен 1999 жылы 19 ақпанда ҚР ішкі істер Министрлігінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімше жасақталды. Оның негізгі мақсаты – әйелдердің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін құқыққа қайшы әрекеттерден қорғау, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолдарын кесу болып табылады.
ҚР Президентінің жарлығымен бекітіл-ген 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы "Гендерлік тең-дік стратегиясы" қолданыста. Бұл құжатта отбасылы әйелдердің мәртебесін көтеруге байланысты көптеген мәселелер қарас-тырылған, оның жеке тарауы қоғамдық зорлық-зомбылықты болдырмауға арнал-ған. 
– Қолға алынып жатқан жұмыстар аса ауқымды. Соған қарағанда тұрмыс-тық зорлық-зомбылықтың көрсеткіштері де төмендеген болар. 
– ҚР Статистика агенттігінің "Қазақстан әйелдері мен ерлері" атты статистикалық жинағында берілген деректер бойынша елімізге әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа  қарсы күрес жөнінде кризистік 20 орталық жұмыс істейді. Алынған деректер зорлық-зомбылыққа қарсы 40 жасқа дейінгі әйелдер ұшырайтынын көрсетіп отыр.
Алайда, түпкі мақсат отбасын араздастыру, жанжалдастыру емес, керісінше отбасы шеңберіндегі орын алған құқық бұзушылықтың қайталануына жол бермеу. Осындай оңтайлы жұмыстардың нәтиже-сінде, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты оқиғалардың көрсеткіш деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда көбейгендігін статистика көрсетіп отыр. Бұған себеп "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" қабылданған заңның күшіне еніп, әйелдердің өздерінің ар-намыстарын қорғау үшін тікелей құқық қорғау органдарына арыздану арқылы жүзеге асырылуы негіз деп есептейміз. 
Әрине, қазіргідей дамыған заманда тір-шілік тірегі – әйел теңдігін, табиғатынан қамқорлықты қажет ететін нәзік жандардың құқығын қорғау қай қоғамда болсын басты мәселе саналады. Соған қарамастан әйелдер қауымының 40-60 пайызы отбасында, сонымен қатар кездойсоқ жағдайдағы озбырлыққа ұшырайды. Мысалы, 2013 жылдың 3 ай ішінде ғана әйелдерге қатысты әр түрлі 101 қылмыс жасалып, оның 18-не қылмыстық іс қозғалған болса, 76 рет әйелдердің әкімшілік құқығы бұзылған. Сондай-ақ, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобына көмек сұрап келгендердің саны – 18, оның ішінде заңды некедегі немесе азаматтық  некедегі күйеуінен зардап шеккендер – 10, бұрын-ғы күйеуінен немесе өзінің жақын адамдарынан зардап шеккендер – 2,  алаяқтықтан – 1, пәтер мәселесі, тұрмыс қиыншылығы бойынша – 1, алимент өндіріп алу мәселесі бойынша – 3,  жұмыс орнында басшылық тарапынан зәбір көргендер – 1. Көмек сұрап келгендердің барлығымен дерлік алдын алу сақтық шаралары бойынша  әңгімелер  жүргізіліп,  психологиялық көмек көрсетілді. 
– Адам құқығы заңмен қорғалады. Соны біле тұра өзгенің ар-намысына тиіп, үстемдік жасауға жол беру тыйылмай келеді. Осының себеп-салдарларын айта түссеңіз.
– Түрлі қылмыстардың алдын алу және жолын кесу үшін ең алдымен оның шығуы-ның себептерін анықтау қажет. Осы тұрғыда ғалымдар тарапынан зерттеліп, зерделенген ақпаратқа сүйенсек, басты себеп болатын күрделі жәйттер азаматтардың жұмыссыздығының салдарынан туындаған отбасының тұрмыс жағдайының ауырлығы, маскүнемдік және нашақорлық жағдайлар. Сараптама қорытындысына  қарағанда әйелдерге қарсы жасалған  қылмыстардың  болуына  басты себеп отбасындағы жанжал, тұрмыс келеңсіздігі, ер азаматтардың ішімдікке әуестігі, бір-бірін жек көрушілік, зәбір көрушіні адамсынбау – кемсіту, күш және қоқан-лоқы көрсету, әйел азаматшалардың ер адам алдында дәр-менсіздігі, күн көріс қиындығы, т.б. Осылармен қоса тағы бір негізгі себеп зардап шегуші әйелдің сезіктімен бірге спирттік ішімдік ішуі, өзін кез-келген ортада еркін және ашық ұстауы себеп болады, бұған Арқалық қаласы ІІБ-да тіркелген әйелдерге қатысты жасалған ауыр қылмыстардың себеп-салдарын анықтап, сараптама жасауымыз дәлел бола алады.
Әйелдерге қарсы жасалатын қылмыстардың басты себептері: сезіктімен зәбір көрушінің бірігіп спиртті ішімдікті асыра ішуі, маскүнемдік әсерінен өзара ұрыс-керіс, жанжалдың шығуы, тұрмыс қиыншылықтарын дұрыс түсініп бірігіп шешім табу жолын білмеу, ер мен әйел адамдар арасындағы бірін-бірі жек көрушілік сезімінің басым болуы, сезіктінің әйел затына айуандық көзқарасы, моральдық және өзімшілдік сезімінің жоғары болуы, зәбір көрушінің сезіктіге заттай тәуелді болуы, әйелдердің өз құқығын дұрыс білмеуі, сақтық шараларына мән бермеулері, зәбір көруші әйел адамдардың тұрмыс тіршілігінің төмен болуы, жоғары және орта оқу орындарында, мектептерде мұғалімдер тарапынан, отбасында ата-аналар тарапынан сақтық шараларына дұрыс көңіл бөлмеуі, балаларға тәрбие беруде салғырттықтары да басты себеп болып саналады.
Барлық жасалған қылмыстарға талдау жасалғанда тағы бір анықталғаны алаяқтардың алдауына орта жастағы әйелдер, ал бұзақылық пен зорлыққа, әр түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алып зәбір көрушілікке жас қыздар мен келіншектер ұшырайды. Күн сайын дерлік әр түрлі дәрежедегі денсаулыққа зиян келтіру оқиғалары болып тұрады. Бұл қылмыстың түрі  негізінен  тұрмысы нашар, заңсыз бірге тұратын ер мен әйел адамдар арасында, спиртті ішімдікті асыра ішетін отбасы орталарында болады. Тура осы жағдайлар жанұя мүшелерінің айрылысуына, оларды ата-ана құқығынан айыруға, сәтсіз жан-ұялардың көбеюіне, балалар мен жасөспірімдер қылмыстарының өрбуіне әкеп соғады.
– Балалардың қылмысқа баруына не себеп?    
– Кейбір ата-аналар бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмей, баланың бос уа-қытын қайда және кіммен өткізетінін, өзін бөтен адамдармен, таныс емес ортада қалай ұстау керектігі жөнінде алдын-алу, сақтық шаралары туралы әңгіме өткіз-бейді. Міне, ата-ананың осындай салғырт-тығы әр түрлі дәрежедегі қылмыстың жасалуына әкеп соғады.     
Осы бағытта: "Зорлық-зомбылықсыз отбасы", "Сіз қорғалуға құқылысыз", "Зорлық-зомбылықсыз 16 күн акциясы" жедел алдын алу шаралары өтті. Аталған іс-шаралар барысында тұрғын үйлерді аралап, халықпен кездескенде ІІБ қызметкерлері ата-аналармен өз балаларын тәрбиелеудегі өздеріне жүктелген жауапкершілікпен міндеттері туралы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың балаларға кері әсерін тигізетін-дігі, ауыр дене жарақатын келтірген үшін тартылатын жауапкершілік және басқа да қылмыс түрлерінің жауапкершілігі туралы әңгімелер жүргізілді. ӘЗЗҚ тобының қызметкерлері әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтарды ескерту, жолын кесу мақсатында тұрғындармен соның ішінде жас-өспірімдермен бір жыныстың басқа жынысқа әлімжеттік көрсетпеуі үшін  олардың санасындағы кереғар пікірлерді қалыптастырмау  мақсатында ақпаратты тәрбиелік білім беру жұмыстарын жүргізді.
Арқалық қаласындағы барлық мекемелердің еңбек ұжымдарымен, оқу орындарының студенттерімен, сонымен қатар мектеп оқушыларымен және интернатта тәрбиеленуші балалармен кездесулер өткізіліп, барлық жерде әр түрлі тақырыптарда лекциялар оқылып, кейбір еңбек ұжымдарымен дөңгелек үстелдер өткізілді. Арқалық қаласы ІІБ ӘПБ ӘЗЗҚ күшімен жасалынған жадынамалар, буклеттер қала тұрғындарына таратылып, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көрсетумен байланысты құқық бұзушылық және қылмыстарды ескерту мәселелері бойынша әңгімелер өткізілді. 
– Осы іске оң ықпалын тигізген қандай ауқымды шараларды айтар едіңіз?
– Әйелдерге қатысты жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды болдырмай, ескерту, алдын алу мақсатында, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасауға бейімді адамдармен жеке профилактикалық жұмысты жүзеге асыруға бағытталған жүйені қалыптастыру және әйелдердің өздерінің құқықтық білімін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы халықты сауаттандыру үшін, сонымен қатар жедел ахуалды жақсарту мақсатында, ІІО қызметтерінің, білім және денсаулық сақтау өкілдерінің, әйелдер ісі және отбасы демографиялық саясаты жөніндегі комиссияның, ҮЕҰ-дың сондай-ақ басқа да әйелдердің құқығын қорғауға мүдделі органдардың қатысуымен қала аумағында "Әйел – отбасының тірегі және мемлекеттің тірегі" атты республикалық  ақпараттық-насихаттау  акциясы өткізілді. Аталған іс-шара барысында да тұрғын үйлерді аралап, халықпен кездесіп жоғарыда айтып өткеніміздей түсіндіру шаралары жүргізілді. 
Арқалық қаласындағы мекемелердің еңбек ұжымдарымен, оқу орындарының студенттерімен, мектеп оқушыларымен, ата-аналармен және интернатта тәрбиеленуші балалармен кездесулер өткізіліп, түрлі тақырыптарда лекциялар оқылып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға байланысты бейнероликтер көр-сетіліп, дөңгелек үстелдер, пікір сайыстар өткізілді. Акцияға барлығы 344 адам тартылды, оның ішінде 52 полиция қызметкерлері, 13 жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, әйелдер ісі және отбасы – демографиялық саясаты жөніндегі комиссияның 12 мүшесі, білім беру бөлімінің 10 өкілі,  денсаулық сақтау бөлімінен 5 адам, ҮЕҰ-дың өкілдері – 2,  БАҚ – 4, студенттер қатарынан 250 волонтерлар жұмылдырылды.
– Сөз соңында елге айтар тілегіңіз қандай?
– Қай халық болмасын әйел затына ықыласпен қараған, қазақ халқында әйелдің орны ерекше, ана деп құрметтеп, қарындас деп еркелетіп отырған. Ер азаматтың тірегі, қамқоршысы болған әйелдер – қамыққанда сүйеу, тарыққанда тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білген. Ер азаматтарымызға: отбасының ұйытқысы, берекесі, қамқоршысы әйел затын аялайық дегіміз келеді. Ал, әйел азаматшаларға айтарымыз: Сіздер, бұдан да жақсы өмір сүруге, бақытты ана, сүйікті жар болуға лайықсыздар. Егер, құқықтық психологиялық көмекті қажет етсеңіздер, қамығып іштен тынбай, құқық қорғау органдарының көмегіне жүгініңіздер демекпіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суретте:  Е.Көшкінбаев, Арқалық қалалық
ІІБ  ӘПБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы
басшысының міндетін атқарушы, полиция майоры.
Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓