Торғайдың бір тұрғыны – ТАТЕВОСЯН

Мен үшін Торғайдан ыстық, Торғайдай қасиетті ел жоқ. Қазағымның арасында өткізген қарабайыр тірлігімді ешбір дүниеге айырбастамаймын. Кемпірім екеуміз жыл аралатып, балаларға барып қайтатынымыз бар. Сонда пойызға мінгенде ел-жер көресің ғой, бәрі біздің Торғайға жетпейді!"
SAM_0941Татевосяндар отбасы үшін Торғайдан артық жұмақ жоқ. Қырық бес жылдан бері қазақ даласының бір пұшпағын мекен еткен қарапайым армян отбасына жергілікті тұрғындар да әбден бауыр басып кеткен. Жасы жетпістің төртіне келген  Мнацакан Татевосянды торғайлықтар "Павлик" деп атайды. Тоқсаныншы жылдары шалғай ауданнан жұрт үдере көшіп жатқанда Павлик аға жылы орнын суытқан жоқ. Несібесін жерден теріп өскен ол нәпақасын бау-бақшадан айырып отыр. "Көппен көрген ұлы той", – дейді менің кейіпкерім. Ол қарт Торғайдың өз перзенті ретінде елдің келешегіне зор үміт артады.
Ауылдағы ағайын бозала таңнан  тұрып, малын өріске шығарған соң қалған шаруасын ыңғайлап барып таңғы асқа отырады. Одан кейін өзге жұмысын реттейді.Түстен кейін ауылда өлі тыныштық орнайды да  жұрт бірер сағат тыныққанды қалайды."Павликтің" үйіне біз осы түс әлетінде бардық. Жергілікті тұрғындар сияқты Мнацакан ағаның да төсегіне қисайған беті екен.Кемпірі Надежда Ивановна бізді ауладан қарсы алды.
– Журналист едік, Павлик ағаны арнайы іздеп келдік, – дегенбіз.
– Ой, ол жаңа ғана жатып еді, сірә, тұра қояр ма екен? – деді бізге таңдана қарап, – бірер сағаттан кейін келсеңіздер қайтеді?
– Апай, оған біздің де уақыт тығыз еді…
– Онда барып оятып келейін, – деп Надежда Ивановна  үйге қарай беттеді. Сәлден соң іштен шашын әлдеқашан ақ қырау шалған какваздық кескінді кісі шықты. Жүзіне шуақ ұялаған әлгі иманжүзді азаматпен қол беріп амандастық.
 – Үй таппай келмеген шығарсыңдар. Төрлетіңдер!
– Жо-жо-қ, ақсақал, әңгімемізге үйдің ауласы да кедергі келтіре қоймас. Әрі таза ауада отырып емен-жарқын әңгімелескенге не жетсін!
– Онда еріктерің білсін.
Ол осылай деді де аула ішіндегі орындыққа қарай жол бастады. Павлик  аға әңгімешіл кісі екен. Айтар ойын еш іркіліссіз ақтарып берді дерсің.
– Мен әуелі Аманкелді ауданында бір жыл жұмыс істедім. Онда біз төртеу едік. Сол жолы торғайлық бір азаматпен жолымыз түйісті. Ол бізді осында жұмыс істеуге шақырды. "Қонақ үйдің директоры едім. Менің қарамағымда жұмыс істеуге қалай қарайсыңдар?" – дегесін, көңілін жықпай соңынан ілестік. Содан бері, міне, қырық бес жыл өтті. Мен Торғайда түпкілікті қалдым. Қалғандары бірер жыл жұмыс істеген соң елге кетті. Ол кезде тіпті қолымда ешбір құжатым  жоқ еді. Осы жаққа келген соң барлық құжаттарымды түгендеп алдым.
Мнацакан-Павлик қонақ үйде аспаз  болып жұмысқа орналасқан соң, көп ұзамай өзінің болашақ жарымен танысады. Өзі Урицкий  (қазіргі Сарыкөл – Ә.Ы) ауданының қызы көрінеді. Меңдіқарадағы педучилищені бітіріп, жолдамамен Жанкелдин ауданының орталығына, мектепке орналасыпты. Ол кезде Павликтің жасы 28-де. "Бір-бірімізді ұнаттық. Ұнатқан соң сөз байласып, ерлі-зайыпты атандық",–дейді қария.
SAM_0947Міне, содан бері сонау Айас-тан елінде туғанымен Торғайдың дәмі тартқан Мнацакан Татевосян мен орыс қызы Надежда Ивановна Тарандина-Татевосяндардың шаңырақ құрып, тату-тәтті тұрып жатқанына да 45 жыл болыпты. Бұлар Тор-ғайдың байырғы тұрғындары. Ерлі-зайыпты екеуі төрт бала тәрбиелеп, өсірді. Олардың үшеуі Ресейдің Сочи қаласына көшіп кеткен. Ең кіші қызы Эроногия Мнацаканқызы мен бір немересі қос қарияның қолында тұрады. Қыздары аудандық әкімдікте аспаз болып жұмыс істейді. Құдайға шүкір, ол да әкесі сияқты абыройсыз емес.
– Кіші қызым да мен сияқты аспаздықты қалады. Ауылдан алыстағысы келмейді, – дейді Павлик аға, – аспаздық біздің қанымызда бар кәсіп қой. Өзім де Торғайда ұзақ жыл аспаз болып еңбек еттім. Неше түрлі дәмді ас әзірлеген соң ел іші қадірлейді. Оны айтасыз, 70-ші жылдары ғой деймін аудандық партия комитеті маған кезектен тыс жеңіл көлік алуыма ықпал жасаған. Соның бәрі адал еңбектің арқасы емес пе?!
Торғайдың тұрғындары Павликке әлі жиі тапсырыс береді. Бұл ешқашан бәлсініп көрген емес. Көбіне кәуап, қуырылған шұжық, ысталған тауық сияқты дәмі  тіл  үйірген   жеңсік  ас  әзірлеуге шебер. Осы еңбегін бағалай білетін ауылдастары оның ақысын қолма-қол төлейді. Торғайға бір қонақ келсе, аудандағылар Павликке кісі жүгіртеді. "Өзі жақсы кісіге қай жерде де бір адамдық орын бар", – деп мақалдайды шалыңыз, – Торғайдың халқы ежелден бауырмал. Кісіге қолындағысынан бөліп бергенінен өзге бөтен пиғылы жоқ. Сосын ғой, осында әбден бауыр басып қалдық. Ешқайда көшуді де ойлаған емеспіз. Ертеректе, Торғайда бір топ кавказдықтар тұрған. Олар өзді-өзді төбелесіп, ақыры кетіп тынды. Мені осындағы бір қазақ қолымен шұқыған емес. Бәрі сыйластықтың арқасы".
Мнацакан-Павлик ақсақал күнде таңертең қорасындағы бес-алты сиырын, он шақты қой-ешкісін өріске айдайды. Ұсақтарын қой кезекке қосады. Қара малдары бағымда. Жұбайы Надежда Ивановна күнделікті сүтін пісіріп, қаймағын шайқап, айран ұйытқан берекелі жан. Оның сыртында екеуі күн ұзаққа аула ішіндегі бау-бақшаны ермек қылады.
О, Павлик ағаның бақшасында жеміс-жидектің неше атасы жоқ дейсіз! Шие, алма ағаштары жайқалып өсіп тұр. Жыл сайын шелек-шелек жеміс береді дейді. Көкөніс алқабының аумағы да ауқымды. Мұнда қияр, қызанақ, картоп, жуа, сәбіз, қырыққабат тәрізді көкөністерден аяқ алып жүре алмайсыз.
– Міне, мына жуалар тағы бой көтерді. Бұл екінші рет көктеуі. Алғашқы легін орталыққа апарып саттым. Қалған көкөністерді де сөйтемін. Өзіміздің қыс бойы жеуімізге де еркін жетеді. "Опель-Астра" деген жеңіл көлігім бар, сол әзірге барып кел, шауып келге жарап тұр, – деп ағынан ақтарылды аға.
Жасы жетпістен асқан қария өзін жеңіл сезінеді. Ешқашан ауырып көрмепті. Мұны өзі құдайдың берген қуаты деп есептейді. Сөз арасында мен: "Еліңізді сағынбайсыз ба?" – деймін Павлик ағаны әңгімеге тарта түсіп. "Е, шырағым-ай, Кавказға бармағалы он екі жылдан асып барады. Ол жаққа бүйрегімнің бұрып тұрғаны  шамалы. Мен үшін Торғайдан ыстық, Торғайдай қасиетті ел жоқ. Қазағымның арасында өткізген қарабайыр тірлігімді ешбір дүниеге айырбас-тамаймын. Кемпірім екеуміз жыл аралатып, балаларға барып қайтатынымыз бар. Сонда пойызға мінгенде ел-жер көресің ғой, бәрі біздің Торғайға жетпейді!"
Мнацакан ақсақал өмірі темекі шегіп көрмепті. Ішімдік атаулымен де біржола қош айтысқан. Онысын өзі былай деп әспеттейді: "Бұрынырақта ресторанда жұмыс істеп жүргенде шамам келгенше алатыным бар еді, ондай жерде ептеп жұтпау әсте мүмкін емес қой. Төрт жылдан бері мүлде татып алмаймын. Қалай дегенмен жасым келді ғой".
Көзін ашқалы жер еміп өскен тау халқының өкілі емес пе, Павлик ағаның ертелі-кеш қарап жатуға жаны қас. Қазіргі тұрып жатқан баспанасының жанындағы биік үйді сексенінші жылдары өзі қолымен тұрғызыпты. Саманнан кесек құйып, іргесін өзі қалаған. Көршілері де қол ұшын созыпты. Үйдің көше жақ бетіндегі биік шоқ қарағайларды да шаруақор  Мнацакан-Павлик еккен. Бүгінде көкпен таласа жайқалып өскен ағаштар Токин көшесіне ерекше көрік беріп тұр.
Елуінші-алпысыншы жылдары Отан алдындағы  әскери борыштарын өтеген соң бір топ жерлестерімен бұлар Хабаровск, Магаданда, Қиыр Шығыста бірер жыл жұмыс істеп, ақша тапқан. Сонда кілең өрімдей жас жігіттер жұмыстың ауырлығына қарамай күні-түні еңбек етіп, 450-500 сом жалақы алады екен. Бірақ, ол жақты армян жігіттері жерсінбепті. Содан ғой, жерұйық іздеп, қазақ даласының бір қиырындағы Торғайға табан тірегені. Ол үшін Торғай атамекен – Айастанынан да аса қымбат. Өз сөзімен айтқанда  "Өз үйі – өлең төсегі, бұл ел".
Әлібек  ЫБЫРАЙ
Қостанай-Торғай-Қостанай
Суреттерде:  Павлик аға бір уақ бақшасын баптағанды жаны қалайды;
Токин көшесіндегі Павлик өсірген шоқ қарағайлар ерекше күтімге алынған.
Суреттерді түсірген  автор.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓