Атқарылған жұмыстар нәтижесіз емес
Өңірімізде жыл басынан бергі алты айда 30 мың азамат пен 400 бизнес субъектісінің құқығы заңмен қорғалған екен. 4 мың жұмысшының 111 млн. теңге алашақ еңбекақысы төленген. Бұл туралы облыс прокуроры құзырлы органның алғашқы жартыжылдықты қорытындылаған алқа отырысында мәлімдеді. Марат Қайбжанов сондай-ақ мемлекет пайдасына 1,6 млрд. теңгенің қайтарылғанын айтты:
– Бұл былтырғы жылмен салыстарғанда, екі жарым есеге көп. Сонымен қатар, 460 млн. теңгеден астам қаржы Ұлттық қорға құйылды. Алты айда мың оқушының ақысыз тамақтануына жағдай жасалды. 2,5 мың ата-анаға заңсыз жиналған бір миллион теңге қайтарылды. Қабылданған шаралар оң нәтиже беруде. 12 мың коммуналдық қызмет пайдаланушысы үшін негізсіз көтерілген төлемақы төмендетіліп отыр.
Прокурорлар жерді мақсатты пайдаланбайтындармен де күресті күшейткен – 43 мың гектарды құрайтын 61 телім мемлекетке қайтарылып алыныпты. Мемлекеттік сатып алу да назарда – 21 байқау шеңберінде 1,3 млрд. теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді дейді құзырлы орган басшысы. Жалған кәсіпорындар контрагенттеріне салық төлемдері қайта есептеліп, бұл сома 2 млрд. теңгені құраған. Сотқа дейінгі өндіріс сатысында 2 мыңнан астам азаматтың құқығы қорғалып, оларға келтірілген зала-шығындарды өтеу жағынан көмектер көрсетіліпті.
– Сот өндірісінің барлық сатыларында 32 сот актісі дұрысталды, соның арқасында 100 млн. теңге көлемінде мемлекеттің материалдық мүддесінің қорғалуы қамтамасыз етілді. Атқару өндірісінде мемлекет пайдасына 95 млн. теңге өндірілді, жүзге тарта баланың 40 млн. теңге алимент берешегі өндіріліп алынды, – деді Марат Қайбжанов.
Жалпы, сот орындаушылардың әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу көрсеткіші де мәз емес – 485 млн. теңгенің тек 18% ғана орындалған. Аймағымызда қымбат көліктер ұрлаумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ құрықталған екен. Алдын ала мәлімет бойынша олар 91 көлікті айдап әкетіпті. Ал 23 баспана тонап, 2 меншік иесін өлтірген 8 адамнан тұратын қылмыстық топтың да қызметі тоқтатылған. Мәселен, Қырғыз елінен 1,8 келі героин тасып жүрген ірі қылмыстық топтың жолы кесіліп отыр.
Өндірістегі қайғылы оқиғалар да сиремей тұр – қауіпсіздік техникаларының сақталмауы, апаттардың алдын алу жұмыстарының дер кезінде жүргізілмеу салдарынан 7 адам көз жұмған. Сондай-ақ, өңіріміздегі қылмыс деңгейі көңіл көншітпейді. Алғашқы жартыжылдықта 11 мың құқық бұзу фактісі тіркелген. Бұл 10 мың адамға шаққандағы көрсеткіш бойынша республикада үшінші орын. Қостанай, Рудный қалалары мен Жітіқара, Қостанай, Денисов аудандары қылмыс көп жасалатын өңірлер деп аталды.
Биыл облысымызда 27 азамат азапталғаны жөнінде шағым түсірген. Прокуратура, ішкі істер органдары, құқық қорғау ұйымдары тарапынан жәбір көрсету фактілеріне қарсы шаралар қолға алынғанмен, бұл аздық етуде. Құзырлы орган өкілдері осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында қазір «Азаптауға жол бермейміз!» кешенді жобасының жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Айта кетейік, бұл жиын жарты сағаттан асқан жоқ – ең негізгі мәселелер айтылып, басты көрсеткіштер келтірілді. Баяндамашылар да айтар сөзін нақты-нақты қысқадан қайырды. Алқа жиынының соңында Марат Қайбжанов барлық прокурорларға келтірілген кемшіліктер бойынша тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.
Қайрат Жүсіпов, облыстық прокуратураның 2-ші басқарма бастығы: «Соңғы үш жылда азаматтарға күш қолданды деп айыпталған ішкі істер органдарының 7 қызметкері сотталды».
Елдос Рахаділов, облыстық прокуратураның 7-ші басқарма бастығы: «3 жылда өңірімізден республикамыздың заңын бұзған 70 шетелдік елден шығарылды. Олардың 8-і ұйымдасқан қылмыстық топ серкелері, 2-і «тәжді ұрылар» («вор в законе»).
Батырбек Мінайдаров, облыстық прокуратураның 4-ші басқарма бастығы: «2014 жылы алименттік берешек 600 млн. теңгеден асып жығылған болатын. Соңғы жылдарда қолға алынған тиісті шаралар оң нәтиже берді – ата-аналардың ұрпағы алдындағы қарызы 3 есеге азайып, 2,5 мың баланың құқығы қорғалды».
Асқар Сыздықов, облыстық прокуратураның 1-ші басқарма бастығы: «2012-2015 жылдар аралығында өңірімізде 4 мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсап, оның 1,5 мыңы қайғылы оқиғамен аяқталған. Бұл көрсеткіш осы жылдар аралығында жол-көлік апатынан көз жұмған, кісі қолынан қаза тапқан және суға кеткендерді қосқандағыдан анағұрлым көп. Қоғам дертіне тосқауыл қою мақсатында кешенді шара қолға алынбақ. Оның қорытындысы бойынша жылына суицид 7-10% төмендейді деп күтілуде».
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ