Дүкен тоналды, ұрылар ұсталмай тұр
Газетіміздің жанашыры Бақытжан есімді жігіт редакцияға хабарласты. Оның айтуынша Дружба ауылындағы дүкен тоналған. Ай жарымнан астам уақыт өтсе де, ұрылар ұсталмаған. Тіпті, құқық қорғаушылар тарапынан әрекет байқалмайды. Кәсіпкерлерді қорғау мәселесі күн тәртібіне қойылғанда, немқұрайлылық неге орын алады?
Біз біраз ойландық. Дружбаға барып, жағдаймен танысуды жоспарладық. Сауда орны Жанна есімді апайдың атымен аталады екен. Жанна Жүнісқызы арнайы мән бергенімізге риза.
– Жариялап айтудың қажеті бар ма? – деді.
– Болған іспен оқырман таныссын. Құқық қорғаушылар содан кейін ширақтық жасар, – деп сұхбаттасуға өтініш білдірдім.
Жанна Абдуллина әңгімесін асықпай бастады. Сәуірдің жиырма бесінші түнінде қар жауған. Сол түнде ұрылар есікке таяу терезенің темір торын бұзыпты. Ішке емін-еркін кіріп темекі, арақ-шарап және басқа заттарды қым-қырған. Есептегенде бағасы жеті жүз мың теңгеден асқан.
– Таңертең сағат жетіде жайбарақат күймен дүкеннің есігін аштым. Еденде заттар шашылып жатыр. Іле-шала тиісті орынға хабарладым, – дейді Жанна Жүнісқызы.
Қостанай ішкі істер бөліміне қарасты "Южный" полиция бө-лімінен келгендер жағалай зерттеу жүргізген. Ұрылардың ізінің, қолының таңбасын алады. Аманкелді елді мекеніндегі "Ақшыл" полиция учаске пунктінен полиция қызметкері де келген.
– Даладағы қарда ұрылардың ізі сайрап жатты. Сол ізбен ұрыларды іздей ме десем, полиция қызметкерлері ширақ қимылдамады. Мұндай сылбырлықпен олар қалайша қылмыскерлерді ұстамақ?
Жанна апай ерекще таңырқады. Тұтынушы Василий Зезонкин де ашына сөйледі.
– Учаскелік полиция қызметкерін бір кездестірген емеспін. Кеңес Одағы уақытында милиция формасын кигендер сауда нүктелерін жиі бақылайтын. Қазіргілер әлі күнге дейін үнсіз, – деді Василий Федорович.
– Қариямен дүкен ішін араладым. Екі бөлмелі сауда үйі талапқа сай. Тауарлар ассортименті бай. Тауарларды қаладағы фирмалар тапсырыс бойынша уақытылы жеткізіп тұрады.
– Жеміс, жидекті отағасы Бағдаттың жеңіл машинасымен іздеп, сатып аламыз, – деп түсіндірді Жанна Жүнісқызы.
Бағасы көңілге қонымды тауарларды сатып алушылар аталған ауыл тұрғындары ғана емес. Көрші елді мекендерден келетіндер жетерлік. Киров ауылының тұрғыны Жақсылық мұнда жиі-жиі ат басын бұрады.
Науырзым ауданынан 1999 жылы осында қоныс аударған Абдуллиндер ауласы ат шаптырымдай кең үй сатып алды. Ауладағы шағын үйді кеңейтіп, дүкен ашты. Он бес жыл халық алдында адал еңбек еткен Жанна апайға тұтынушылар дән риза.
"Южный" полиция бөлімінен Ж.Абдуллина арнайы хат алыпты. Онда дүкеннің ішіне және сыртына бақылау камерасын орнату ұсынылған. Жанна Жүнісқызы қаржының тапшылығына қарамай қарыз алып, камералар орнатты. Сол камералар арқылы дүкеннің ішін үйдегі теледидардан қарап отыруға болады.
– Баспасөзден ауыр қылмыстардан гөрі ұрлық жасаушылық көбейгенін білеміз. Біздің дүкенді ұрлаушыларды полиция қызметкерлері түбінде табатынына сенеміз. Себебі, кәсіпкерлерге деген қамқорлық аясы кеңейіп келеді ғой, – дейді Жаннаның ері Бағдат Абдоллаұлы. Ләйім, солай болсын.
Ермекбай ХАСЕНОВ
Суреттерде: Жанна Жүнісқызы дүкен ішіндегі бақылау камерасын тексеруде; үйдегі теледидардан дүкен іші көрініп тұрады.
Суреттерді түсірген автор.